Қазақстандықтардың Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқанына 80 жыл

       Қазақстандықтардың Мәскеу              түбіндегі шайқасқа қатысқанына                                     80 жыл


        Адамзат тарихындағы ең бір сұрапыл, қанқұйлы майдандардың бірі – Мәскеу түбіндегі шайқасқа биыл 80 жыл толып отыр. Неміс басқыншылары мықты тосқауылға тап болып, алғаш рет күйрей жеңілген шайқас 1941 жылдың қыркүйегінде басталып, бас-аяғы 1942 жылдың 20 сәуіріне дейін созылған болатын.
        Фашистік Германия әскерлері Кеңес Одағына басып кіру үшін, көптеген жоспарлар құрып, құйтұрқы әрекеттер жасады. Мәселен, «Барбаросса» жоспарында 15 тамызға дейін толықтай басып алуды көздесе, «Тайфун» жоспарында соғыс құралдарын 2 есе қамтамасыз етіп, Вязьманы, Гжатскіні және Брянскі қалаларын талқандап, кеңес құрамалары үлкен адам шығынына ұшыратты. Мұнда тек тұтқынға түскен қызылармияшылар саны 690 мыңнан асты. Осында кеңес құрамаларының оңбай талқандалуы себебінен Қызыл Армияның қорғанысында ені 500 шақырымдық саңылау пайда болып, аяқ астынан жаудың Мәскеуге еш кедергісіз келіп жету қаупі төнді. Осындай қауіпті шақта Кеңес әскерлері асқан шеберлікпен ерлік көрсетті.
        Біріншіден, төнген қауіпке сейіл болу үшін, Мәскеуге қарай жаңа әскери құрамалар тартылды, олардың ішінде қазақстандық атқыштар дивизиялары да болды – 316-шы, 312-ші және 238-ші. Құрамында 13 мың жауынгері бар 316-шы атқыштар дивизиясының алғашқы эшелондары өзіне Мәскеу қорғанысының ең ауыр сәтінде, нақты айтсақ, 14 қазанда келіп жетті. 16-шы армияға қарасты дивизияның қорғаныс алабы норматив бойынша 8-12 шақырым болудың орнына Львово елді мекенінен Волоколомск бағытындағы Болычево совхозына дейінгі 41-44 шақырымдық кеңістікті қамтыды. Осы аралықты Волоколмскіден Мәскеуге апаратын күре жол – Волоколамск тас жолы болды.
        Бұл дивизия туралы сол кездегі 16-шы армияның қолбасшысы генерал К.К. Рокоссовский естелік кітабында: «Сол жақ қанатта, Волоколамскіні, оңтүстік-бастыстан Руза өзеніне дейін қорғап, майдан резервінен келген 316-шы атқыштар дивизиясы тұрды. Оның командирі И.В. Панфилов болатын. Саны жағынан да, жабдықталуы жағынан да мұндай төрт құбыласы түгел сай дивизияны біз көптен көрмеген едік. Командирі шетінен сақадай сай екен, ал саяси қызметкерлері шетінен іріктеліп алыныпты» – деп жазған еді. Мәскеу мызғымай тұра берді.
        Екіншіден, осы жағдай Гитлер мен оның генералдарының ашу-ызасын тудырды. Гитлер Мәскеуге екінші рет шабуыл жасақтауға бұйрық берді. Екі құрамасында 51 дивизияға Мәскеуді қалай болғандада аламыз деген мақсат қойды. Бұл дивизиялардың 20-сы танктер мен моторлы дивизиялардан тұратын еді. Мұндай жойқын күшті, мұндай техниканы адам баласы бұрын сонды көрген емес болатын.
        Жалғыз мақсаттары – Кеңес Одағының астанасы Мәскеуді қайткенде де басып алу. Сонымен, 15-16 қарашада Солтүстіктен соққыны Клин мен Солнечногорксіге, Оңтүстіктен Тула мен Кашираға берді.
Гитлердің генералдары, әринеұшақтарын, танктерін, артиллерияларын 2-3 есеге көбейтіп, жеңіске жетулері мүмкін еді. Бірақ, Кеңес солдаттарының, адамдарының өліспей-беріспейтіндігі олардың қаперіне де келмеді. Аз ғана әскеріміз олардың ондаған бронялы машиналарына, техникаларына, танктеріне қарсы тұрып, оларды жойып, шектен өткізбеді. Дәл осындай ерлікті Қазақстанда жасақталған генерал И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері жасады. Бұл дивизияда ерекше ерлік көрсеткен атақты Бауыржан Момышұлы да бар еді.
        6 күннің ішінде панфиловшылар 80 танкті жойып, бірнеше рет тойтарыс берді. Жау ондаған танктері мен жаяу әскерлерін дүркін-дүркін шабуылға шығарды. Мәскеу түбіндегі шайқаста шамамен 202 мың неміс-фашист солдаты қаза тапты. 725 мыңы жараланса, 46 мыңға жуығы іс-түссіз жоғалып кетті. Тек қана 1941 жылдың 16 қарашасы мен 5 желтоқсан аралығында жаудың 1500 ұшағы, 780 танкі мен 300-ден астам қару-жарағы талқандалды. 11 елді мекен, оның ішінде Калинин мен Калуга секілді облыс орталықтары азат етілді. Фашистердің тез арада жаулап алу жоспары мүлдем жүзеге аспай қалды. Жалпы екі жақтың есебі бойынша, бұл шайқасқа 3 миллион адам қатысты. Сондай-ақ 2500 танк, 2 мың ұшақ, 20 мыңнан астам қару-жарақ қолданылды.
        Үшіншіден, аталған соғыста, Қазақстан жерінде құрылған 312, 316, 238, 391, 387-атқыштар дивизиясы мен 74 және 75-теңіз бригадалары құрметті атаққа ие болды. Бұл ретте Дубосеково разьезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберіп, Отанын қорғау жолында ұрыс даласында түгелдей шейіт болған 28 панфиловшының, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, батальон, полк командирі, кейін гвардиялық дивизияны басқарған, 1941 жылды 27 рет шабуылға бастап шыққан, 5 рет қоршауды бұзып, аман-есен дивизиясына қосылған және 9 рет асқан ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының, автоматшылар ротасын басқарған Мәлік Ғабдулиннің қаһармандығын еске алмау мүмкін емес. 238-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан Рамазан Аманкелдиев – аты аңызға айналған батыр Аманкелді Имановтың ұлы Ока өзенінің бойында, Серпухово түбінде қаза тапты. Бородино селосындағы жаудың әскери бөлімінің штабына еніп, 5 неміс офицерінің көзін құртқан және бірнешеуін тұтқынға алған Төлеген Тоқтаровтың да ержүректілігін елі ешқашан ұмытпайды.
        Қорыта келе, дұшпанның соққы беруші құралдары талқандалып, батысқа қарай қашты, қалғандары 100-250 шақырым шегінді. Жаудың 38 дивизиясы, оның ішінде 11 танк дивизиясы жойылды. Мәскеу түбіндегі қан майдан, Жеңіс әкелді. Мәскеуді қорғағаны үшін 1 миллионнан астам адамның кеудесіне медаль тағылды. Ержүрек 110 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, оның үштен бір бөлігі – қазақстандықтар болды.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, т.ғ.д.
Серікханова Аяулым, 1 курс студенті

 



Бөлісу: