Қазақстандық педагогтер ECER-2022 конференциясына қатысты

Қазақстандық педагогтер ECER-2022 конференциясына қатысты
жеке
блог

ECER-2022-де NIS-тің қазақстандық білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі жайлы айтылды

Әлемдік сарапшы Мәскеудегі ұлттық зерттеу университетінің профессоры Иван Иванов ECER-2022 халықаралық конференцияда ұстаздардың жұмысын жоғары бағалап, Қазақстандағы білім сапасының арттыруында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлесі зор екенін атап өтті.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірқатар педагогтері әлемнің түкпір-түкпірінен білім беру саласындағы жүздеген зерттеушілерді жинаған жыл сайынғы European Conference on Educational Research-2022 халықаралық конференциясына қатысты.  Биылғы ECER конференциясы Арменияда өтті.

Павлодардағы NIS-тің сарапшы мұғалімдері Валерия Головинцева, Назым Алықпашова, педагог-модераторлар Бақыт Ерманова, Алеся Гуринова, стажер-оқытушысы Римма Кушваева халықаралық ынтымақтастық, оқушылардың ғылыми-зерттеу және тілдік дағдыларын дамыту саласындағы өз зерттеулерін ұсынды.
 
– ECER-2022 конференциясына қатысу мұғалімдерге басқа елдерден келген мұғалімдердің зерттеулерін көруге, олардың жұмысын қалай ұйымдастырып, ұсынатынын, қандай зерттеу тақырыптарын таңдайтынын көруге мүмкіндік берді. Бұл ғылыми қызметкер ретінде кәсіби дамуда үлкен тәжірибе болды, – деп педагог сарапшы Валерия Головинцева өз әсерімен бөлісті.
 
Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептің ұстаздары Аяжан Өтегенова мен Айнагүл Оразалина  оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау моделі бойынша өз зерттеулерін ұсынды. Мұғалімдер екі оқу жылында математикадан оқушылардың ішкі жиынтық бағалау нәтижелерін салыстырып, төрт жылдан астам уақыт бойы зерттеу жұмысымен айналысқанын мойындады. Ақтөбелік ұстаздардың баяндамалары әріптестер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
 
–     ECER-2022-ні көру мүмкіндігіне ие болдық. Конференция ғылыми сипатқа ие болды және жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеушілеріне бағытталғандықтан, NIS-тен басқа мектептердің өкілдері аз болды. Зерттеулердің ауқымдылығы мен тереңдігі мені тәнті етті, – дейді Айнагүл Оразалина.
 
–     Үш күнге созылған конференция бізге әрі қарай кәсіби дамуымызға жақсы серпін берді. Пән мұғалімдеріне ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеруді, ғылыми жұмыстардың форматын зерделеу үшін ғылыми мақалаларды түпнұсқада оқып, терең әдеби шолу жүргізуді ұсынамын, – деп бөлісті Аяжан Өтегенова.

Халықаралық бакалавриат мектебінің математика пәні мұғалімі Жанар Асанова математикалық терминдерді оқытудағы әдіс-тәсілдер жөніндегі баяндамасын ұсынды. Зерттеу нәтижесі математика пәнін ағылшын тілінде оқитын сыныптарда оқушылардың тез бейімделуіне септігін тигізеді.

–  Он жылға жуық зерттеу жұмыстарымен айналысып келемін. ECER конференциясында екі тақырып бойынша баяндама жасап, зерттеу жұмысымның нәтижелерімен бөлістім. Зерттеу жұмысымның ұтымды тұсы тақырыпқа сай сандық дизайндарды қолдануым болды. Бұл өз кезегінде сабақ барысында оқушыларды пәнге қызықтыруға көмектеседі.

ECER-2022 конференциясына Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақбөбек Есенқұлова және орыс тілі пәнінің мұғалімі Шынар Шерубаева «Физика және ағылшын тілі сабақтарындағы белсенді оқыту әдістерін салыстыру», «Оқушылардың дәлелді эссе жазу қабілетін қалай жақсартуға болады?»  тақырыптарымен  шетелдік ұстаздармен тәжірибе бөліскен.

–   Мектептегі білім беруді жетілдіру, оны халықаралық білім стандарттарына сәйкестендіру және бәсекеге қабілетті және тартымды ету үшін осындай конференцияларға қатысу қажет, – деді Шынар Мәлікқызы.

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері Гүлзухра Нұрмұханова, Әлия Конурова, Гүлсезім Ишанова, Гүлзина Нағибова және Нұрзия Успанова өзгермелі әлемдегі білім: жаһандық шындықтың білім беру зерттеулерінің болашағы мен тәжірибесіне және әсеріне арналған өз зерттеулерін таныстырды.

Тараздағы NIS-тің мұғалімі Ғазиза Жүсіпназарова химия сабағында зерттеушілік дағдыларын дамытуға 5Е әдістемесінің әсері қаншалықты тиімді деген тақырыпта зерттеу жүргізді. Мақсаты – әдістемені қолданудың тиімділігін және оның оқушылардың өзін-өзі реттеуін дамытуға әсерін анықтау.

– Қазіргі кезде оқытуда білімді меңгеру емес, өз бетінше білім алу қабілетін дамыту маңызды. Мұғалімдер оқушылардың оқуын өз бетінше реттеуге тәрбиелеу керек, – дейді Ғазиза Жүсіпназарова

Қызылордадағы Зияткерлік мектеп педагогы Айнұр Бекеева бұл конференцияда екінші рет сөз алып, биыл «Ағылшын тілі пәні бойынша берілетін үй тапсырмасы 10-сынып оқушыларының өз бетінше оқу дағдыларын дамытуға қалай әсер ете алады?» тақырыбында ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Әлемдік сарапшы Мәскеудегі ұлттық зерттеу университетінің профессоры Иван Иванов сырбойылық ұстаздың жұмысын жоғары бағалап, оқушылардың қажетті дағдыларын қалыптастыруда мұғалімдердің зерттеу жұмыстарын жүргізе білуі қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Қазақстандағы білім сапасының арттыруында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлесі зор екенін атап өтті.

ECER-2022 (European Conference on Educational Research) конференциясына 50 елден 800-ден астам ғалым жиналды, конференция барысында 40-тан астам тақырыптық семинарлар, пленарлық отырыстар мен кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар инклюзивті, кәсіптік білім беру, мұғалім-зерттеуші жұмыстарының маңызы, ғылым мен қоршаған ортаның білім алуға әсері, білім беруді цифрландыру, көптілді оқыту, білім берудегі көшбасшылық төңірегінде мазмұнды талдаулар жасалып, ұсыныстар берілді.