Сән әлеміне төңкеріс әкелген, миллиондаған жүректерді баулаған атақты дизайнерлердің бірі әрі бірегейі ол-Габриэль Бонер Шанель. XX ғасырдағы еуропа сән үлгісіне айтарлықтай өзгеріс алып келген, тың идеяларымен әйелдердің сән үлгісіне минимализмді алғаш енгізген Габриэльді әлемде Коко Шанель есімімен таниды.
Расында, Коко Шанель есімін танымайтын нәзік жанды жоқ шығар. Ол әйелдерді өздерін еркін әрі жеңіл сезінуге мүмкіндік беретін үлгілер ойлап табумен қатар, қимыл-қозғалысқа кедергі келтіретін корсеттер, ұзын етек көйлектер мен желбіршектерді күнделікті сәннен шығарып, орнына қимыл-қозғалысқа ыңғайлы сән үлгілерін ойлап тауып, сән әлемінде төңкерістер жасады. Ол ең алғашқы узын баулы сөмке, қысқа шаш үлгісі, әйелдерге арнап алғашқы шалбар мен ең алғашқы жасанды иіс суды да ойлап тапқан. Сонымен қатар оның әйгілі қысқа қара көйлегі әйелдерді өздерін ерлер сияқты жанды,еркін әрі шамдағай қозғалуына мүмкіндік берді және Коко Шанельдің осы туындылары әлі де өзінің сәнділігін жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де жоғалтқан емес.
Коко ең алғаш еуропадағы нәзік жандыларға сәнді болуларына мүмкіндік беріп, француз сән үлгісін әлемге танытып, өзінің дара жолын қалыптастырған француз сәнгері деп саналса, ал Қазақстанда өзінің дара жолын қалыптастырған сәнгер ретінде мен Құралай Нұрқаділованы айтар едім.
Құралай Заманбекқызы, отандық сән әлемінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі, өз ісінің шебері сонымен қатар қазақстандық сән өнерін басқа елдерге танытушы дизайнер ретінде көпшілікке танымал. 1995 жылы “Құралай”сән үйінің іргетасы қаланып, осы уақыт аралығында нарықта өз орнын таба білді. Сонымен қатар, Құралай сән үйінің коллекциялары әлемдік танымал брендтер Валентино, Кристиан Лакруа, атақты Versace, Ferre және Escada сияқты сән үйлерінің бірлескен көрсетілімінде таныстырылымға мүмкіндік алған. “Құралай” сән үйінің тапсырыс берушілерінің арасында көптеген әйгілі адамдар, мысалы, Сауд Арабиясының ханшайымы секілді титулды тұлағалар да көптеп кездеседі. Сонымен қатар, бұрынғы кеңес одағы құрамындағы елдердің беделді тұлғаларын да “Құралай” сән үйінің туындыларымен көре аласыздар.
Оның туындыларынан француздық әйгілі дизайнер Коко Шанельдің туындыларындағы секілді қарапайымдылықты, сонымен қатар, көркемдікті байқауға болады. Құралайдың туындылары әйелдердің бойындағы сыр-сымбатын айшықтап, нәзіктілігін және кербездігін көрсетуге мүмкіндік береді. Оның түстерді,әр түрлі принттерді және әр түрлі техниканы үйлесімді және ұтымды қолдануы, жаңа идеялары оны жоғарғы сән өнерінің дамытушысы ретінде айтуымызға мүмкіндік береді. Міне, осындай уақыт аралығында отандық сән индустрияның дамуына үлес қосқан, Қазақстанға жоғарғы мода түсінігін алғашқылардың бірі болып алып келген, сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дизайнер Құралай Нұрқаділованы мен Қазақстандық Коко Шанель деуге лайық деп санаймын.