«Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны – театр сахнасы»
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов
Театр – қазіргі халық өнеріне табиғи түрде енген, өзімен бірге өсіп, бірге қалыптасып келе жаттқан ұлттық мақтаныш. Елімізде қырық сегіз театрдың болуын театр мамандарының кейбірі мәдениетіміздің дамуымен байланыстырады. Еліміздің мәдени-ғылыми әрі рухан-көркемдік жедел өркендеуіне әлеуметтік зор үлес қосып, қоғамдық тәлім- тәрбие рөлін мүлтіксіз атқарып келе жатқан театрдың сексен жылдық тарихы бола тұра осы күнге дейін арнайы зерттеу объектісі, нысаны болған емес. Рухани сұраныс пен шығармашылық күштерге қысым жасалып, өнердің мәңгі мызғымас талаптары уақытша идеологияның ыңғайына бейімделуге мәжбүр болған кеңестік дәуірде театр да сол талаптарға сай жұмыс жүргізді.
Бір кезде "қазаққа театр қажет пе, ата- бабасында болмаған, қанына сіңбеген өнерді халық керексіне қояр ма екен?",- деген күңкілдердің болғаны да бар. Бұл, әрине, халықтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын білмей, үстіртін айтылған топшылау еді. Әйтпесе, біздің елде театр негізгі ерте күннен бері бар болған.
Осынау жылдар ішінде театр шыққан биік-биік белестер мен асқар-асқар асуларды санамалап шығу, оның дамуы мен қалыптасуы жолында тер төккен тектілер, халқының жүрегінен мәңгілікке орын алған кіл жампоздар мен жайсаңдар туралы айтып тауысу мүмкін емес. Бұл –келешектің сыбағасы.
Қазақстанның мәдениет тарихында театр ерекше орын алады. Қазақ жерінде пайда болған алғашқы театрлардың рөлі өз тарихи дамуын бастан өткеріп, тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті арта түсті. Қазақ ұлты өткен тарихына көз тастап, төл тарихын түгендеу барысында – мәдениетіміздің жаршысы ретінде театр тарихын да зерттеп, зерделеу қолға алынды.
Қазақ театр өнерінің тууына ықпал жасаған орыс мәдениеті, қазақ топырағының іргесіне орналасқан Омбыда 1865 жылы қалалық театрдың ашылуы –үлкен маңызы бар, мәдени оқиға болды. XIX ғасырдың екінші жартысында бұл театрдың даңқы жайылып, оның сахнасына батыс пен орыс классиктерінің шығармалары қойылады. Ал, қаланың өзі болса, өнер мен білімге ұмтылған қазақ жастарының төңкеріске дейін топтасқан белгілі орталығы болды. Халқымыздың ұлы ғалымы, демократ-ағартушысы Шоқан Уәлихановтан басталып, онан кейінгі кезеңдерге дейін қазақ жастарының білім алып, мәдениетке араласуы осы қаламен тығыз байланысты. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов тағы басқалар болды. Бұлармен бірге, білім мен мәдениетке ұмтылған Жұмат Шанин де осы қалада болып, әрі оқып, әрі қызмет істеген.
Қазақ жастарының басын қосып, өнер мен мәдениетке баулыған Бірлік ұйымы да осы Омбыда ашылған. Сол уақытта қызметте немесе оқуда болған халқымыздың ардагер ұлдарының орыстың озық мәдениетінен үйреніп, театр өмірімен таныс болуы-олардың келешектегі шығармашылық қызметтерінің сәтті басталып, тез жетіліп, қалыптасуына себеп болғаны даусыз.
1916 жылғы қара жұмыс майданында Жұмат Шанинмен бірге барған Қалыбек Қуанышбаев төңкеріс қарсаңында Омбыға жұмыс іздеп келгенде өмірінде тұңғыш рет осындағы театрдың бір спектаклінің жарым-жартысын көріп таң қалғанын айтады.
Төңкерістен бұрын оқу іздеп, білімге ұмтылған қазақ жастарының көбірек жиналған орталығының бірі – Орынбор. Орынборда кәсіби театр 1869 жылы 14 қаңтардан бастап жұмыс істеген. Бұл театрдың сахнасыда орыстың атақты актрисасы П.А.Стрепетова ойнаған. Сонымен бірге В.Ф.Комиссаржевская, Г.Н,Федотова, В.А.Андреев-Бурлак, А.Л.Вишневский сияқты әйгілі өнер шеберлері осында гастрольдік сапарларын өткізген. Ал, Орынбор болса білім алуға ұмтылған қазақ жастарының басын қосқан қалалардың бірі еді. Мұнда әртүрлі оқу орындарында, қысқа мұғалімдік курстарда оқыған жастар ауылдық жерлерде ойын-сауықтар ұйымдастырып, Орынбордағы орыс театрынан көрген-білгендерін, алған әсерлерін жұртқа көрсетіп жүрді.
Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру мәселесі ел ішінде Дала театры деп атауға әбден лайық халық өнерінің сан қилы түрлері дамып, жетілген тұста көтерілуі табиғи құбылыс. Солардағы драматургия мен театрға өзінің көркемдік табиғатымен етене жақын элементтер жаңа өнердің дүниеге келуінде ерекше орын бар. Қазақтың кең даласының әр түпкірінде тұнғыш әуесқойлық қойылымдар мен драматургиялық шығармалардың тууы осы халық шығармашылығының көркемдік құдыреті.
Сонымен бірге ұлттық сахна өнерінің тууына ықпал жасаған орыс театр мәдениеті. Орыстың демократиялық идеясымен қаруланып, олардың озық әдебиетін өнеге тұтқан Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы сияқты ұлтымыздың ұлылары өз халқының болашағын орыс халқымен мәдени байланыста деп түсінді. Олар өздерінің ғылыми еңбектерінде, поэзиялық шығармаларында, әдеби-педагогикалық қызметтерінде орыс тілін үйренуге, орыс мәдениетін меңгеруге шақырды. Өз халқының ғасырлар бойындағы рухани құрсаудан шығудың жолын орыс мәдениетінен көрген Абай мен Ыбырай орыс классиктерінің көптеген шығамаларын қазақ тіліне аударғаны белгілі.
Бұл уақытта орыстың кәсіби театр өнері дамудың шырқау биігіне көтеріледі. Олардың шығармашылық табысы орталықтағы ірі қалалармен шектелмей, шет аймақтарға да кеңінен жайыла бастайды. Сол кездегі Қазақстанды басқару әкімшілік орталықтары болған Орынбор, Омбы, Ресеймен іргелес отырған Орал сияқты қалаларда театрлар ашлып, кәсіби сахна өнері қазақ жеріне де жақындай түседі.
Ал, Қазақстан жеріндегі тұңғыш орыс театры Орал қаласында 1860 жылы ұйымдастырылды. Бұл театрды қай–қайсысын болсын жергілікті әкімшілік орындары өз мүдделері үшін пайдаланбақ болды. Орынбор өлкесінің генерал–губернаторы Крыжановский өзінің әкімшілік жүргізген кезінен (1863ж.) бастап жергілікті халыққа әсер ететін құралдардың бірі театр деп, ұғып, оның ашылуын тездетуді ұлықтан өтінген. «Орынбор Европа мен Азияның түйіскен жеріне орналасып, барлық Орта Азиялық хандықтар саудагерлерінің бас қосатын орны болғандықтан, азиаттықтарға орыс өркениетінің ықпалын күшейтуге театрдың қажеттілігі бұрыннан байқалды», – деп жазды ол.
Сөйтіп халыққа объективтік пайдасы да кем соқпайтын театр туды. Орынбор мен Орал театрларының сахнасына орыс және батыс классиктерінің шығармалары қойылған. Мәскеудің Кіші театрының ұлы актрисасы Г.Н.Федотованың келуіне сәйкес В.Шекспирдің «Асауға-тұсау», Н.А.Островскийдің «Василиса Мелентьева» мен «Найзағай» пьесалары сахналанды.
ХІХ ғ. өлкеміздегі көркем үйірмелердің етек алып халық арасына көбірек тараған жері - Семей. ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап, Семейде ашылған Халық үйінде (Народный дом) әр түрлі шығармалар мен өлеңдерді халыққа оқу ұйымдастырылады. Бертін келе түрлі ойындармен бірге, ара-тұра шағын спектакльдер де қойып келген. Бірақ тұрақты көркем үйірме, ойын қоятын орындар бұл уақытта болған жоқ.
Қазақстанның өзге қалаларында да 1890 жылдары жаңадан ашыла бастаған халық үйлерінде орыстың жергілікті сауыққойлары ұйымдастырған труппалардың да жұмыстары жандана түседі. Қазан төңкерісінен кейін іле шала құрылған Семей, Петропавл, Верный, т.б. қалалардағы алғашқы орыс-кеңес театрының негізі осы сияқты труппалардан құрылады. Мұның барлығы қазақтың театр өнерінің тууына себеп болған жағдайлар.
Ал, Орынбор болса, сол тұстағы, әсіресе бірінші орыс төңкерісінен кейін білім алуға ұмтылған қазақ, башқұрт, татар жастарының басын қосқан мәдени орталық іспеттес. Мұнда түрлі оқу орындарын, қысқа мұғалімдік курстарды бітірген жастар қала мен ауылдық жерлерде алғашқы ойын-сауықтарды ұйымдастырып, біліммен бірге өнердің жаңа түрін елге таратады.
Орынбордағы орыс театры мен татар труппаларынан көрген-білгендерін, театр актрисасы И.П.Анненкова-Бернард қазақ дастанының негізінде Бекет атты драма жазып, сахнаға қойдырады. Бұл ойынды сол кездегі қазақ жастары көріп тамашалаған.
Қазақ сахна өнерінің тууына тікелей себеп болған тағы бір жағдай -1905 жылғы төңкерістен кейін Қазақстанға жер аударылып орыстың прогресшіл- демократ оқығандарының келуі. Олар оқу орындарында сабақ беріп, әр түрлі
мекемелерде қызмет істейді. Қазақ жастарының оқуына, ұлт мәдениеті жөнінде алғашқы қадам жасауына, сөз жоқ, солардың да көмегі тиеді.
Осы уақыттарда Қазақстанда жылжымалы татар труппаларының гастрольдері басталған. Олар Қызылжар, Семей, Орал қалаларында ұзағырақ аялдап жаңа ойындар дайындайды. Бұл жағдай өнерге ұмтылған қазақ жастарына сахналық үлгі болды. Міне, осы театрлардың ойындарын көрген қазақтың беделді жастары ұлттық сахна өнерін құруға талпынады. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, олар алғашқы қадамдарын қазақтың әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сахналаудан бастайды. Бірақ аттөбеліндей аз ғана әуесқойлық дәрежеден әрі көтеріле алмады, әрі оған мүмкіншілігі де келмеді.
Бірақ өз жұмысын осындай жаңа шығармашылық арнамен жүргізген, ойын сауық үйірмелеріне қатысып, азды-көпті тәжірибе алған дарынды өнерсүйер жастар біздің бүгінгі кәсіби театрларымызды құруға себепкер болды. Халық шығармасының бай мұрасынан, сахналық өнер жолына түскен дарынды актерлеріміздің көпшілігі осындай үйірмелерден шығып, академиялық театрларымызды құрысқаны баршаға мәлім.
Көркем үйірмелердің екінші бір маңызы - әдебиетіміздегі драматургия жанрының дамуына ұйытқы болуы. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрған кездегі С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Шанин және басқалардың драмалық шығармалары толық дәлел. Осындай ірі жазушылардың әдеби сапарларының бастауында драматургия жанрының батыл енуі кездейсоқ оқиға емес.
Төңкерістен бұрынғы қазақтың көшпелі өміріне, саяси теңсіздігіне, сауатсыздығына қарамай, халқымыздың азды-көпті оқыған жастары өнердің жаңа түрі – театр өнерін жасаудағы алғашқы қадамдарын бастады. Бұрын бірлі жарым әдеби кештерде домбыра артып,ән салумен шектеліп келген қазақ жастары енді орыс, татар сауыққойларының тәжірибесіне, көрген-білгендеріне, үйренгендеріне сүйеніп, өздері ұлттық ойын, ақындар айтысын, дастандарды сахнаға бейімдеп көрсетуге кіріседі.
«Омбыдағы әдебиет кеші» деген «Қазақ» газетіне жарияланған мәлімдемесінде мұғалім Бекмұхамбет Серкебаев 1915 жылы жасалған ойын-сауық кешінің бағдарламасының орысша, қазақша және ноғайша үш бөлімнен құралғанын айтады. Кештін қазақ бөлімінде ақындар айтысы көрсетіліп (Орынбай және Тоқжан ақын айтысы), «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Көзімнің қарасы» және тағы басқа әндердің орындалғанын, көптеген күйлер тартылғанын, татар бөлімінде концерттен тыс бір перделі «Ерім қайтты» комедиясының қойылғанын, кешке халықтың өте көп жиылғанын хабарлаған.
Мұндай интернационалдық әдеби кештер мен ойын-сауықтар ол кезде жиі болып тұрған. Әсіресе, тілі жақын, әдет-ғұрыпы ұқсас қазақ пен татар жастарының ортасында шығармашылық ынтымақ өте күшті болған. Бұл қазақ-татар театр өнерінің алғашқа даму жылдарында дәстүрге айналған, әрі сол өнердің жылдам дамуына себеп болған жай.
Қазақ топырағына ене бастаған сахна өнері негізін қолжазба пьесаларды қоюдан басталғанын архивтік материалдар толық дәлелдеп отыр. Бұл қазақ театрының алғашқы қадамындағы дәстүрге айналған құбылыс. Әрине, ол пьесалардың көркемдік сапасын толық анықтау қиын, баспасөз бетіндегі бірлі-жарым мәліметтерден, шағын мақалалардан олардың көбісі ағартушылық сарында жазылғанын анықтауға болады.
М.Әуезов Семейде оқыған кезінде сондағы барлық ойын-сауықтар мен түрлі театр кештерін көзімен көріп, кейін соларды ұйымдастырушылардың біріне айналды. Абай шығармаларының төңкерістен бұрын халық арасына таралу жолдарын түсіндіре келіп, М.Әуезов: «…Абайдың өлеңдері мен әндері қалың ел жиналатын жәрменкелерде, базарларда, әртүрлі астарда, айт пен тойларда, жас-желеңнің сауық мәжілістерінде көпшілікке таратып жүрген айтушылардың барлығы да Абай өмірі туралы, өскен ортасы туралы, алған білім-өнегесі туралы, ағартушылық еңбектері туралы көптеген түсініктерді ұдайы айта жүрген», –дейді.
Төңкеріс қарсаңындағы газет-журналдарға басылған хабарлар мен кейбір мақалаларға, сақталған азды-көпті бағдарламаларға қарағанда өзінің концерттік репертуарына Абай шығармаларын енгізбеген ойын-сауық үйірмелері некен-саяқ.
Халық үйінің қасынан 1919 жылы Ақмола (қазіргі Астана қаласы) жастарының тұрақты драмалық көркем үйірмесі ұйымдастырылды. Оның сахнасына К.Кемеңгеровтың «Бостандық жемісі», «Алтын сақина», «Ескі оқу» атты пьесалар мен Асаубаевтың «Бейнетті шал» пьесалары қойылады(5.48).
Орда қаласында (Бөкей губернаторы) театр труппасы ұйымдастырылды. Оған И.Меңдіханов жетекшілік етті. Ол 1919 жылы ақ бандылардың қолынан қаза тапты. Меңдіханов ұйымдастырған труппа 1925 жылы Орал қаласындағы жастардың драмалық ұжымына қосылды. Меңдіхановпен бірге пьеса жазуға талпынған ауыл мұғалімі, жас ақын Әбіғали Сұлтанов. Оның пьесалары «Дариға – Қайдар», «Сүліктер».
Қостанайдың үздік саяси ағарту бөлімінің жанынан 1918 жылдың аяғында «Қызыл керуен» труппасы ұйымдастырылып, мұны Серке Қожамқұлов басқарады. 1920 жылы Троицкідегі қазақ жастарының сауықшылар тобы қосылады. Репертуары 1922-23 жылдары күшейеді М.Әуезовтың «Еңілік–Кебек», «Бәйбіше-тоқал», И.Меңдіхановтың «Малдыбай» пьесаларын сахнаға қояды. Бұл труппада Ерғали Алдоңғараев, Р.Алдоңғараева, сырнайшы О.Аяқбаев, Ә.Еленова, Ж.Еленов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров сияқты жастар болды. 1922-23 жылдары «Қызыл керуен» труппасы оқу бөлімінің ұйғаруымен ел аралайтын көшпелі труппаға айналып, Қостанай, Торғай өңірінде ойын көрсетеді.
Троицкіде 1918жылы ұйымдасқан татар труппасы «Тахир-Зухра», «Бойжігіт», «Башмағым» спектакльдерін көрсеткен. Қазақ-татар труппаларының ынтымағы күшті болған. Бір-бірімен тәжірибе алмасып, дамуға алғышарттар
Қазан төңкерісінен кейін қазақ жастарының білім-өнерге ұмытылып, жан-жақтан бас қосқан қаласы республикамыздың тұңғыш астанасы –Орынбор. 1923 жылдың аяғында «Орталық қазақ комсомолдары һәм оқушы жастар клубының» ашылуы ұлттық мәдениетініміздің дамуына мол әсерін тигізді. Сәкен Сейфуллин осы клубтың әдебиет үйірмесінде лекция оқыған. Мұнда 1921 жылы ашылған Халық ағарту институты КИНО (Казахский институт народного образования) тұңғыш ұлттық зиялы кадрларын дайындайтын оқу орны болды.
Семейде 1915 жылы 13 ақпанда өткізілген ойын-сауық қазақ ұлтының рухани тарихындағы мәдени құбылыс болды. Бұл, шын мағынасында ұлттық сахна өнерінің туған күні. Басқасын айтпағанда, әлемдік театр біздің заманымыздан бұрын 535-жылы көне гректердің тау жотасындағы театрында қойылған ақын Феспид шығармасынан басталатынын білеміз. Дионис құдайының құрметіне қойылған осы спектакльдің аты да белгісіз, тек қойылған жылы тасқа қашалып жазылып қалыпты.
Жалпы театрдың туған мерзімін тұңғыш қойылымнан бастау барлық өркениетті елдің театр тарихына ортақ құбылыс. Орта Азиядағы республикаларды ұлттық тұрғыда жіктеп-межелеу науқаны өткеннен кейін, Қазақ және Түркістан республикаларына бөлініп жатқан қазақ жерлерінің негізгі бөлігін, ақыры бір шаңырақ астына топтастыруға мүмкіндік туды. Қазақ Автономиясына Түрік республикадан межеленген қазақ облыстарын қосты. Соның нәтижесінде, 1925 жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бесінші, қазақ жер-су мен халқы біріктірілгеннен кейін Бірінші, Күллі қазақ құрылтайы Ресей Федерациясы құрамындағы біртұтас Қазақ Ұлттық Республикасының құрылғанын әйгіледі.
Құрылтай Автономиядағы «Халық ағартудың өзекті мәселелері жөнінде» арнайы қарар қабылдады. Онда «тұрмысы жүдеу, артта қалған Қазақстанды күшті, шаруашылығы жаңғырған, мәдениетті Кеңес республикасына айналдыру» жолдары, соның ішінде, ұлт театрын құру мәселесі де атап айтылып, жеке тармаққа: «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген тұжырым жазылған болатын.
Құрылтай шешімімен Ақмешіт – Қызылорда, Киргиз – Қазақ аталып, республика жұрты автономия тыныс-тіршілігін жандандыруға, жер-су мен халқы біртұтастанғаннан кейін тұңғыш астанасының құрылысын екпінді түрде өрістетуге зор шабытпен атсалысты. Алайда, қазақтың ұлттық театрын құру жайындағы қаулыны орындау күзге дейін қолға алынбады. Тарих бұл қаулының орындалуын жүзеге асыруды Дінмұхамед Әділұлы Әділовтың еншісіне бұйыртты. Ол республика партия ұйымы жетекшілерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен, 1925 жылғы жазда Ағарту халық комиссарының аға инспекторы қызметіне тағайындалған еді. Сол тұста жас республикаға қажет мамандардың еліміздің ірі қалаларындағы белгілі оқу орындарында оқытып дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрған. Дінмұхамед Әділұлы емтихан қабылдау комиссиясының төрағасы болды. Шәкірттер ірі қалалар орталықтарына түрлі оқу орындарына жіберілді. Осы науқан біткеннен кейін ол ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қажеттігін көтере бастады.
1925 жылғы 1-желтоқсанда Ресей компартиясы Қазақ өлкелік ұйымының Бесінші конференциясы жұмысын бастаған күні ұлт театрының алғашқы ойын көрсетуі болды. Бірақ одан театр жұмысын ұйымдастырудың жоқтан бар жасауда маңдайтер төккізген қияметін біле бермейсің. Кәсіби сахнаның не екенін білмейтін ауыл өнерпаздарынан үлкен өнер көрігін қыздырушыларды жасауға бет алған ол кезеңнің қиындығы бәріде өнер қайраткерлері жазған естеліктерден, зерттеушілер еңбектерінен ғана көрінеді.
Қазақ театрының үкімет қаулысымен 1926 жылы ресми ашылуы бұл – бұрынан жұмыс жасап келе жатқан сахналық ұжымдардың басын қосып, біріктіріп-мемлекеттік статус берілуі еді. Жаңа ұйымдасқан мемлекеттік театрдың тікелей өнерімен айналысатын құрамы – актері, режиссері, музыканты, суретшісі бәрі-бәрі де бұрыннан кең байтақ қазақ жерінің әр түпкірінде әуесқой һәм жартылай кәсіби труппаларда шығармашылық қызметпен айналысып келген халық өнерінің қайталанбас шеберлері.
Республикадағы кәсіби сахна өнерінің «Қарашаңырағы» атанған тұңғыш театрдың қазақ халқының мәдени тарихында алатын орны өзгеше. Ол біздің драмалық өнерімізді дамып, жетілудің шырқау биігіне көтеріп қана қоймай, ұлттық өнеріміздің толып жатқан басқа салаларының тууына, келешекте олардың шығармашылық енші алып, өз алдына отау тігуіне ұйытқы болды. Бұрын сайда саны, құмда ізі білінбей, әрі бойындағы өнерін, табиғи дарынын барынша толық көрсете алмай жүрген халық өнерінің майталмандары алғашқы театр маңына топтала бастады.
Домбырамен жан сырын ұқтырған күйшілер, аққумен ән қосқан әйгілі әншілер, топ жарған суырып салма ақындар, қызыл тілдің небір шешен жүйріктері, күлкіден ауыз жиғызбайтын күлдіргіш шеберлер, тіпті жауырыны жерге тимеген балуан да тұңғыш театрға кең байтақ Қазақстанның әр түпкірінен ағылып келе бастады. Семей жағынан әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, төкпе ақын Иса Байзақов. Драмалық көркем үйірмелерде режиссерлік жұмыс жүргізіп, әрі бірнеше пьеса жазған Жұмат Шанин, жәрменке мен жиындарда табиғи талантымен атағы шыққан Қалыбек Қуанышбаев, сауық үйірмесінен Латып Әшкеевтер, Қостанай жағындағы той–думандарда түрлі халық ойындарын қыздыра ұйымдастырып жүрген әнші домбырашы, сауыққой Елубай Өмірзақов, комедиалық дарынымен көзге түскен Серке Қожамқұлов, сахналық өнерге бейім Қапан Бадыров, Ташкент қаласында әнімен атағы шыққан Құрманбек Жандарбековтер театр труппасының алғашқы қарлығаштары.
Бұлардан басқа балуан Қажұмқан Мұңайтбасов, Абылқай Абдуллин, Жүсіпбек Оспанов, Сейфулла Байғожин, Құсайын Оңғарбаевтармен бірге, труппаға кейінірек қосылған Қазкен Бейісов, Манарбек Ержанов тағы басқалар өз әлдерінше театрдың ірге тасын қаласқандар. Сахналық өнерге деген ескіліктің бұғауын үзіп, театрдың шығармашылық қызметіне белсене араласқан: Зура Атабаева, Шәрбану Байзақова, Оразке Қашаубаева, Мәліке Шамова, Жанбике Шанина, Хадиша Қожамқұлова, Бәтима Нұрымова, Шәмсия Әлімбекова, Шәкітай Тәтімова, Ғазиза Шәлімбекова секілді алғашқы әртіс апаларымыз есімдерін құрметпен айтамыз.
Қорыта келе, Мұхтар Әуезов атындағы театр алғашқы құрылған кезінде білікті режиссерлардың жоқтығынан тырнақалды қойылымдардың қарадүрсінділікке бой алдырғаны жасырын емес. Кейінірек Жұмат Шанин, одан соң Асқар Тоқпанов секілді табиғи таланты мен терең білімі астасқан режиссерлар тұсында театр да аяғынан қаз тұра бастады. Бұған қоса Ресейдің атақты режиссерлары келіп, спектакльдер қойды.
Қазақ Ұлттық Мұхтар Әуезов атындағы театрымыздың тарихын аның қалыптасуы мен дамуы, қиын-қыстау кезінде түрлі қиыншылықтардан шығып, әрі қарай дамып, театр тарихындағы елеулі шығармашылық жетістіктеріне жетіп қазіргі танда өнердің «Қарашаңырағы» атанып, елімізде драмалық өнердің дамып, жетілуінің шырқау биігіне көтерді. Қазақ халқының сан қырлы қасиетін, талантын, тамаша құндылықтарын көрсетіп, көрермен көзайымына айналды.
Халық мәдениетінің барлық жағынан дамып, жас ұрпақты тарихи құндылқтарды құрметтеуге, халық өнерінің тарихын тануында театрдың мәніде зор.
Қазақстанның мәдениет тарихында «театр» ерекше орын алады. Қазақ жерінде пайда болған алғашқы театрлардың рөлі өз тарихи дамуын бастан өткеріп, тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті арта түсті. Қазақ ұлты өткен тарихына көз тастап, төл тарихын түгендеу барысында – мәдениетіміздің жаршысы ретінде театр тарихын да зерттеп, зерделеу қолға алынды.
Мақала авторы - Азатқызы Альфия
«Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті», «Философия және Саясаттану факультеті», «Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы», «6B03102 -Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы, 4 курс студенті
Жетекшісі- Кудерина Айжан Нурхамитовна