Қазақстанда тұрып дискриминация көретін қазақ қана..!
блог
Күні кеше АХАТ-қа барып, заңды түрде отбасын құрып, көптен күткен "неке қию туралы куәлік" қолға тиді-ау. Қуаныштымыз. Бірақ, айтар наламыз көп, өкінішке орай. Жалпы, мен ел үкіметі жастардың некеге тұруын құптамайды ма деп ойлап қалдым. Себебі қойған талаптары көп. Халық банк карточкаң болмаса, болып, онда 2000 тг. болмаса, үнемі қатып қала беретін, халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің өзі тілін түсіне берейтін e.gov. сайтына тіркелмесең, одан растайтын хат келмесе, бізде, бітті, қыз күйеусіз, жігіт жарсыз қалады екен. Алайда бұл қызықтың көкесі емес. Белгіленген күні белгіленген уақытта Бостандық ауданының АХАТ-ына барсақ, біз мемлекеттік тілде сөйлеп, жөн сұрағанымыз үшін дискриминацияға ұшырадық. Бізден кейін кірген өзге ұлт өкілдеріне елжіреп жауап беріп отырған қызметкерлер бізге, қазақ тілділерге, келгенде, қатты да қалды. Жарайды дедік реніш білдірмей. Сөйтсе онда кәдімгі кезек екен (әркімнің келген уақытына қарай). Кезектен тыс (біз кіруіміз керек еді) кірген сол өзге ұлт өкілдерінің үстінен оларға шағымданып жатсақ, тәртіпті (кезектің) бұзғандарды жақтап шыға келгендері жындандырды. "Неге бүйтесіңдер? Бұл дискриминация ғой менсінбейтіндерің" десем, өзімді жағадан алды. Джинси шалбар киіп алған, аты-жөні, лауазымы көрсетіліп тұратын бейджигі жоқ бір қыз тіпті шектен асып, ақыл үйретпекші болды. Бір түсінгенім-қазақ тек қазақты ренжіте алады, қазақ тек қазаққа ұрыс шығарады, қазақ орысқа келгенде зыр жүгіреді, тілін алады, алдында құрдай жорғалайды.
Шын айтсам, көңіл-күйім түскені соншалық алған куәлікке дұрыстап қуана алмадым. Оның орнына ойға баттым да кеттім.