ҚАЗАҚСТАНДА ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР САНЫ 11,9 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН
блог
2015 жылы елімізде туберкулезге шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға, одан болатын өлім-жітім 22,4 пайызға азайған.
«Негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер халықтың барлық жастағы топтары арасында қысқарғаны байқалады. 2015 жылы еліміз бойынша туберкулезге шалдығу көрсеткіші 2015-2017 жылдарға жасалған болжамдардан да төмен болғаны бізді қуантады»,-дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталық мамандары.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегі бойынша, әлемде 2 миллиард адам туберкулез микробактериясын жұқтырса, жыл сайын 8,6 миллионға жуық тұрғын індетпен ауырады. Оның жарты миллионнан астамы туберкулездің көптеген дәрілермен емделмейтін түрінен зардап шексе, 1,3 миллион адам аталған сырқаттан көз жұмады.
Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулезге қарсы кешенді іс-шаралар жүргізу нәтижесінде дертке шалдығу көрсеткіші 2,2 есе, одан болатын өлім-жітім 5 есе қысқарған.
Туберкулездің ауыр түріне шалдыққан бір науқасты емдеуге жылына орта есеппен дәрі-дәрмек, ауруханадағы жатын орын, коммуналдық қызметті қосқанда 1,9 миллион теңге бөлінеді. Бүгінде елімізде аурудың алдын-алу, медициналық тексеру шаралары тегін жүргізіледі.
Туберкулезге шалдыққан науқастарды амбулаторлық емдеудің стационар орнына пайдаланатын технологиялардың бірі – күндізгі стационарлар желісі. Былтыр амбулаторлық ем қабылдайтын науқастарды әлеуметтік ынталандыруға 685902,2 мың теңге бөлінген. Еліміздің 12 аймағында 457 жатын орынды 32 күндізгі стационар жұмыс істеп тұр.
«Қазақстанда бүкіл туберкулезге қарсы дәрілердің барлығы мемлекет тарапынан алынып отырады. ДДҰ-ның қойған иендекаторлары бар 85 пайыз. Қазіргі күнде емдеу де, анықтау да тегін. Барлық өңірлерде дүниежүзінде ең қандай алдыңғы инновациялық шешімдері бар туберкулезді дер кезінде анықтау үшін, соның бәрі біздің республикада қолжеткілікті»,- дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталық директорының емдеу жөніндегі орынбасары Мәлік Әденов.
24-наурызда бүкіл әлемде туберкулезге қарсы күрес күні деп аталып өтіледі. Елімізде бұл күн «Туберкулезді жеңу үшін күш біріктірейік!» деген ұранмен өтпек.
Назерке СӘНДІБЕК