Еліміздің Конституциялық Кеңесі 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу мүмкіндігін ұтып алу үшін гомофобты заңдарды жоққа шығарды. Бұл шетелдік бір жынысты қатынасты ұстанатын спортшылардың таңдауын шектемеу (дискриминация) мақсатында жасалған шешім екен.
Осы күнге дейін зайырлы елімізде дәстүрлі емес жыныстық қатынасты дәріптеуге заң тұрғысынан рұқсат етілмейтін. Енді бұл заңды алып тастауға қысқы Олимпиада ойындары себепші болыпты.
Жақында белгілі чехиялық теннисші Мартина Навратилова мен тағы 26 спортшы Қазақстанның аталған заңнамасы жойылмайынша, Олимпиада ойындарын өткізуге құқығы жоқ екенін айтып, арыздаған болатын. Халықаралық Олимпиада Комитеті бір жынысты қатынасты мақұл көретін спортшылардың арызын ескеріп, еліміздегі комитет бөлімшесіне хат жолдайды. Ал соның салдары міне заң жүзінде танылуда.
Қазіргі кезде, Алматы қаласы 2022 жылы өткізілуі тиіс қысқы Олимпиада ойындарына басты үміткер атанып отыр. Қытайдың Бейжің қаласы да негізгі үміткерлердің бірі. Дегенмен, Бейжіңнің 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізгенін ескерсек, Алматы қаласының мүмкіндік алуы орасан зор. Олимпиада ойындарының қай қалада өткізілетіні туралы шешім 31 шілдеде Куала-Лумпур қаласында жарияланбақ.
Қоғамның осындай кейіп танытуы адамның табиғи болмысының өзгеріп жатқанын білдіреді. Адамзаттың мұндай асқындыққа жетуіне не себеп? Өркениеттің дамуы ма әлде адамдық құндылықтардың жойылуы ма?