Қазақстанда ақылы оқу тиімді ме?

Мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырғаннан кейін кейбір  оқушылар шығармашылық емтихан тапсырады. Барлық  сыннан  өткен   талапкерлер  жалпы  баллына сәйкес  оқу орындарын таңдайды.  Жоғары  балл  жинағандар   мемлекеттік  ЖОО-ның  есігін алаңсыз «теуіп» кіреді.  Ал  төмен  балл жинағандар ше? Әрине,  олар  ақылы  бөлімге  тапсырады.  Ол кезде  университет таңдауға  мүмкіндік аз, қалта көтерген жерде білім  алып,  болашақ «наныңа» қызмет  етуді  ойлайсың.  Ал, бізде, Қазақстанда ақылы  оқу қаншалықты  тиімді? Жалпы,  мемлекеттік  ЖОО-лардың  білімі  статустарына  сай ма? Осы тақырып  төңірегінде сауалнама  жүргізген едім,  нәтижесі  «бұл елде  білім алма!» дегенге  бір-ақ  тірелді.

Сауалнамаға  қатысқандардың  бәрі - студенттер.  104 студент  қатысқан сауалнаманың  нәтижесінде  студенттердің  16,4 % - «иә»,  33,7% - «жоқ»,  43,3% - «Қазақстанда кететін оқу ақысына  шет елде білім алған  тиімді» деген  нұсқаны таңдаса, қалған  6,7%- ы өз  пікірлерін  білдірді. Студенттер  пікірін  назарларыңызға ұсынамын:

Әсемгүл Такжанова:

- Ең  дұрысы  болашақ  бағдарламасымен  оқуға  шетелге  түсу. Біздің елде тек ақша жымқыруды біледі.

 Әділет Жексембі:

- Қазір жастардың  оқуға  құлшынысы  төмен. Оған себепкер – интернет.  Оқитын адам шет елдегі білімді Қазақстаннан да алуға  мүмкіндігі бар.  

Абай Ахметов:

- Жеке пікірім, ақылы  оқу  өте тиімсіз. Елдегі білім дәрежесіне сөз жоқ,  жоғары. 

Тоғжан Атаева:

- Оқитын адам  қай жерде болсын оқиды. Оқимын деп  шетелде де  ақшасын шашып  жүргендер бар ғой, оқымай.  Білім іздеген адамға қашан да елімізде  мүмкіндің табылады.

Айнұр Амантайқызы:

- Түк  те сай емес, ақшасы  удай. Білімі мүлдем жоқтың қасы. Ақылы оқысақ та өз құқықтарымыз тапталып жатады. Айтарға сөзім  жоқ!

 Осы сұрақты  университет  оқытушысна  да қойған едім,  жауабы көпшіліктің ойымен бірдей болды.

Сейіт Сейдрахман, оқытушы:

- Ол  университетке, оның ішіндегі  факультет пен  оқытушылар  құрамына байланысты. Бізде (ЕҰУ, ЖжСФ)  ақылы  оқу   тиімсіз. Біріншіден, уақытыңды, екіншіден, ақшаңды  текке кетіресің. Бұл саланы  шет елде меңгерсеңіз мықты маман  болып кетесіз демеймін,  ол - өзіңізге байланысты.  Оқу ақысын  аспандатып, ештеңе  үйретпейтін  оқу орнында оқығаннан сол ақшаға  шет елде оқыған жақсы. Біріншіден, ел көресің. Екіншіден, білімді  болып шығасың. 

«Жел тұрмаса  шөптің  басы  қимылдамайды» деген  сөз бар. Бұл тақырыпты  таңдаған себебім -  нақты бір жауапқа қаныққым келеді. Әрине, «Қазақстанда мүмкіндік бар, университет  көп, оқитын адам кез-келген  жерде  оқиды.» Иә, иә! Бірақ, мен оқыған  жерде (оқитын адаммын, негізі) расымен  ақысына  алып  жатқан  біліміміз сай емес. Мысалы, мен қазір университетте оқып жүргенімді  интернеттен-ақ қарап,  газет-журналдарды, кітаптарды ақтарып отырып  үйреніп аламын. (Мұны  оқытушылар көрсе, әрине,  лекция оқып кетеді). Елімізде  нөмірі бірінші (!) орында тұрған оқу  ордасында білімнің сапасыздығы оқытушыдан ба, әлде талаптан ба, соны білгім келеді. Жылына  шамамен  миллион, 630-650 мың теңге төлеп  оқитын  студенттер дәл қазір  не  үшін ақша төлеп отырғанын  білмейді. Сауалнамада соңғы пікір білдірген студент  Айнұр Амантайқызы  мен тілге тиек еткен   университеттің   студенті. Екеуміздің  ойымыз, сонымен  қоса, Сейіт ағайдың пікірімен  бір болып отыр. Ойымды қорытындылайтын болсам: өзге елде  ұлтан болғанша,  өз елімде сұлтан  болған  жақсы. Бірақ,  сұлтан  болуға лайықты  білім  беретін, атына заты сай білім ордасы  болса тіптен керемет  болушы еді. Келесі жылдан қалмай шет елге  білім алуға кеткім келеді.)))

Ал сіз не дейсіз,  Қазақстанда  ақылы оқу тиімді ме?



Бөлісу: