Қазақстанда ажырасу мәселесі неге көбейіп бара жатыр?

Қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып келе жатыр?

Қоғамда өршіп тұрған мәсе­ленің бірі – ажырасу. Себебі Қа­зақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ұлттық ста­тистика бюросының мәлі­метіне қарағанда, өткен жылы елімізде 128 800-ден астам шаңы­рақ көтерілсе, 22 500-ден астам отбасылық жұп айырылысып кеткен. Ал биылғы екі айда 19591 неке қиылса, осы аралықта оның 3 мыңға жуығы заңды түр­де бұзылған. Бірақ тіркелген ажырасуға қатысты бұл деректерге күдікпен де қа­рауға болады. Өйткені елі­мізде өтірік ажырасатындар да аз емес.

Заман  дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы ӨЗГЕРЕДІ. Бұл-бұлтартпас шындық, факті. Себебі заманға сай адам психологиясы өзгереді, бір қалыпта тұрмайды. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген емес па еді хәкім Абай?

Демек, адамның қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгереді. Ал біздің менталитетімізге отбасы құндылықтарын бірінші орынға қою, отбасы ұйытқысын сақтау сынды нәрселер сіңіп, ата-баба дәстүрі мен салты бойынша «ажырасу» ұғымы – табу-ға айналған. Осыдан біраз жыл бұрын ажырасуға бару – үлкен күнә, қылмыс, яки болмаса ерсі қылық ретінде қабылданды.   Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі де көптеп тіркеле бастаған. Оның себебі- әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуі.

 

Қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған

Осыған дейін дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған.  Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Сол себепті ажырасу деген мүлдем болмаған. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыш ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады дейді.Егер 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған. Ол жақтың тұрғындары үшін ажырасу қалыпты жағдай болып кеткен.

 

Қазақстандағы ажырасу статистикасы

Ал қазіргі күндегі ажырасу мәселесінің статистикасына көз жүгіртіп өтсек, 2020 жылдың жарты жылында 12 мыңнан аса жұп ажырасқан. Ажырасудың ең көбі Алматыда тіркелген - 1 655, одан кейін Алматы облысында - 1 507, Қарағанды облысында 1 507, Нұр-Сұлтанда - 1 025, Шығыс Қазақстан облысында - 1 003 жұп ажырасып кеткен. 2000-2018 жылдар аралығында ажырасу саны орташа есеппен екі есе көбейген. Ажырасу барлық облыста тіркелген: өсім Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есеге, Алматы облысында 2,8 есеге дейін өскен. Елдің оңтүстік және батыс өңірінде ажырасу саны аз.

Ал ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның сөзінше, 2019 жылы да ажырасу көп тіркелген. Былтыр 60 мың дерек немесе тіркелген некелер санының 43 пайызы ажырасумен аяқталған. Алайда, министрдің сөзінше, ажырасу санының көп болуына Атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі себеп болуы мүмкін. Себебі материалдық көмек аламыз деген жұптар жалған түрде ажыраса бастаған.  

 

Ажырасу мәселесінің басты себептері

Ажырасудың себептері көп. Бірақ басты себептері не деген сауалға нақты жауап табу қиын. Біз осы сауалға жауап табу үшін отандық психологтардың әр уақыттарда келтірген деректерін, пікірлерін ой таразысына салып көрдік, шама-шарқымызша зерттеп-зерделедік. Қорыта келе ел ішінде жиі кездесетін бірқатар себептерді іріктеп алдық.

Бір перзенттің болмауы. Адамның отбасы құрғандағы басты мақсаты - ұрпақ өсіру, артына із қалдыру, бала тәрбиелеу, оның қызығын көру. Бұл қазақ ұлтына тән мінез, тән қалау. Оның үстіне, ұлттық мінезіміз бен менталитетіміз бөлек. Сондықтан біздің елде «балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар» саналады. Міне, осыдан келіп не үшін жаңа жанұя құрған жұптың бірінің бедеулігі ажырасуға себеп болатынын түсіну қиын емес.

 

Түсінбеушілік немесе мінездің жараспауы. Түсінбеушілік неден туындайды? Ол екі жастың асығыс отбасын құру туралы шешім қабылдауынан, бір-бірін жете танып-білмеуінен туындайды. Оған себеп - үйленгенге дейін көңіл қосып, қазіргі тілмен айтқанда жүріп жүргенде өздерінің шынайы бет-бейнесін, мінезін көрсетпеуі, өздерінің болашақ жары қандай болғанын қалайтынын ашық жеткізбеуі.

 

Нәпсіқұмарлықтың кесірі. Ер адамдарда араққа, құмар ойындарына, нашаға, одан қалса жүріс жүруге әуестік басым. Бұлар - әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Ішімдікке салынған ер адам дүние мүлкін саудалап, үйден берекені қашырады. Бұдан кейін әйелдің ажырсудан басқа амалы қалмайды. Алайда, осындай жағдайлар ішінара әйелдер арасында да кездеседі. Бұл отбасы екі жаққа бөліп тынады.

 

 Тұрмыс тауқыметі. «Ажырасуларыңызға не себеп болды?» деген сұраққа әйелдердің көбі: «Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жалқау», - деп жауап беретіні түрлі сауалнамалардан мәлім. Егер, ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезіммен, желікпен үйленер болса, оның ақыры - ажырасуға соқтырып жатады. Себебі, әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім.

Осы аталған алты себептен бөлек те көптеген себептер бар. Олардың қатарына кінәсін мойындамау, тәкаппарлық, қырсықтық, кекшілдік, ата-енелердің қытымырлығы, өз қалауымен қосылмау, алып-қашу салдары, екі жастың арасына үшінші біреудің от салуы, орынсыз өсек-аяңның кесірі, бір-біріне сенбеу сынды себептерді атауға болады.


Психологтардан ерлі-зайыптыларға кеңес:
·         Бір-біріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болыңыз. Себебі кешірсе де, адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.

·         Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.

·         Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.

·         Ренішіңіз болса, өкпеңіз қара қазандай болғанша үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.

                                                                                   Жетибаева Еркежан



Бөлісу: