Қазақстан үшін ядролық отын банкін ашудың маңызы қандай?

Қазақстан үшін ядролық отын банкін ашудың маңызы қандай?
жеке
блог

Ағымдағы жылдың 27 тамызында Қазақстан мен Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігі (ХАЭА) арсында аталмыш банкті Өскемендегі Үлбі Металлургиялық Зауытында (ҮМЗ) ашу жөніндегі келісімге қол қойылған.

Ядролық қарудың адамзат үшін қандай қауіп төндіретіні барлығымызға мәлім.

Осыдан 24 жыл бұрын, 29 тамызда Шығыс Қазақстан халқының қасіреті болған, КСРО Қорғаныс Министрлігінің “аса құпия” құжаттары бойынша «объект – 905», кейінгі Семей ядролық сынақ полигоны, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мәңгіге жабылған болатын. Бұл ядролық қаруға карсы дүние жүзінде қашан да жасалған ең маңызды нақты қадам еді. Осыған байланысты БҰҰ аталған күнді Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекет күні деп жариялады.

Қазақстан егемендік жылдарында көптеген ядролық қаруға қарсы халықаралық конференция, жиын, отырыстарға қатысу және оларды ұйымдастыру арқылы, соларда Елбасымыздың жасаған баяндамалары арқылы ядролық қарусыздандырудың  халықаралық қозғалыс көшбасшысы ретінде бүкіл әлемге танымал болды.

Елбасының осы саладағы тағы бір маңызды бастамаларының бірі – Қазақстанда ХАЭА-нің аз байытылған уран (АБУ) банкін құру болатын. Бұл ұсыныс халықаралық қауымдастықта сонау 2009 жылда жасалған еді. Осы жолдар бойы ХАЭА-мен келіссөздер барлық мүдделі ұйымдарды тартумен жүргізіліп, кеңінен қолдау тапты. АБУ банкін құрудағы негізгі мақсат – ХАЭА-не мүше мемлекеттерге ядролық отынға қол жеткізу кепілін қамтамасыз ету.

Әрине, мен өзім Өскеменнен болғандықтан өз қаламның қауіпсіздігі мен табиғаты үшін алаңдадым. Өзім ҮМЗ ішінде болғанмын, әкем соның кампусында жұмыс істейді. Бірақ бұл мәселеге байланысты ізденіп, мақалаларды оқығаннан кейін күмәнім жоғалды.

Бұл ҮМЗ эмблемасы

Сонымен, дәлелдеу.

Біріншіден, жоба аясында құрылған банкке гексафторид ураны жеткізіледі. Бұл материал атом электростанциясының шикізаты ретінде пайдаланылады. ХАЭА өкілдерінің айтуынща мұндай уран радиоактивті қалдық емес. Оның тасымалдануы мен сақталуынан үрейленудің қажеті жоқ. Үлбі металлургиялық зауытында сақталмақ отырған 90 тонна аз байытылған уран аз радиоактивті қалдық емес, шикізат күйіндегі қор екен.

Екіншіден, уран арнайы контейнерлер мен цилиндрлерде сақталады және бұлар еуропалық стандарттарға сай жасалған. Бұл контейнерлер өте төзімді авиациялық материалдардан жасалады. Ол тіпті тасымалданып бара жатқан ұшақтан құласа да жарылмайды. Мұндай контейнерлерді қолданысқа енгізбестен бұрын 9 метр биіктіктен жерге тастап, терең су түбіне тастап әбден тексеруден өткізеді. Алайда, бұл контейнерлер теміржол арқылы тасымалданатын болады.

Қойманың ішінде жүрген адам денсаулығына келетін зиян шамамен 200 микрозиверт. Ол сіздің ұшақпен ұшқандағы залалдан 2 есе, флюрографияға түскендегіден 6 есе, тісіңізді рентгенге түсіргеннен 150 есе аз.

Үшіншіден, ХАЭА бас директоры, Юкия Аманоның айтуы бойынша аз байытылған уран банкі Үлбі металлургиялық зауытының еншісі емес, тікелей ХАЭА-нiң иелiгi саналатын болады. ХАЭА бұл орынды жайдан-жай таңдаған жоқ. Мұнда тиiстi технологиялар мен бiлiктi мамандар бар. Оған қоса ядролық материалды қолдануда да тәжiрибе мол.

Бұл деген, нысанды қорғау шараларын қаржыландыруды ХАЭА толықтай өз мойнына алады деген сөз. Ол адамдардың талабы мен жауапкершілігін ескере отырып, қауіпсіздік жағына уайымдамаса болатын сияқты.

Аз байытылған уран банкін қаржыландыруға 150 млн доллар бөлінген. Оған ерiктi түрде бiрқатар ел қаржы қосады. ХАЭА-не аталмыш сома төленiп қойған. АҚШ 49 млн, Еуроодақ 25 млн еуро, Кувейт пен БАӘ әрқайсысы 10 млн доллардан, Норвегия үкiметi 5 млн, сонымен қатар ядролық қауiпке қарсы күрес халықаралық қоры 50 млн доллар бөлдi. Бұған Қазақстан да қосылған. Сонымен қоса, Қазақстан тарабы уран қоры сақталатын қойманы жарақтандырып, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз етеді. Бұл шығын жыл сайын шамамен 10 мың АҚШ долларын құрайды.

Ең соңында, ілкімді жоба елдегі индустрияландыру жұмыстарын жандандыра түседі. Бүгінгі күнде ішкі жүйенің қауіпсіздігін қайта пысықтап, ядролық материалдарды қабылдауға дайындық жүргізілуде. Бұл уран банкі атом энергетикасының бейбіт түрде дамуына қызмет етеді және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуда айтарлықтай ауқымды үлес қосады. Бұған қоса аз байытылған уран банкін Қазақстан аумағында орналастыру еліміздің халықаралық беделін нығайта түсуге септігін тигізеді.