Қазақстан телеарнасының бүгінгі келбеті
блог
Қазіргі таңда телеарналардың саны көңіл қуантарлық.Алайда сапасы әртүрлі. Бірі халыққа нақты,жаңа ақпарат таратса, кейбірі сол нұсқаны қайталаумен ғана шектеледі. Қазақстан телеарнасы бүгінде рейтингі жоғары, көрермені көп, халықтың ойынан шығып жүрген бірден бір телеарна.
Бүгінгі күні ел аумағында хабар таратып жүрген барлық телеарналар «Қазақстан» телеарнасының бауырынан жеке отау құрып шыққаны белгілі. Өзінің 55 жылдық тарихында бұл телеарна түрлі өзгерістерді бастан өткерді. Қай кезде де мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуші телеарна өзінің Қазақ телевизиясының көшбасшы кескін келбеті мен беделін сақтай білді. «Қазақстан» арнасының толығымен қазақ тілінде хабар таратуы – ұлттық сана-сезіміміздің оянуы мен қазақ тіліне шынайы сұраныстың белгісі. Бұл табыс еліміздегі тіл саясатында жүргізіліп келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының шынайы жетістігі. Шынын айтуымыз керек, телеарнамыз 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақ тіліне толықтай көшкен кезде телеарнаның бағдарламалар жүйесіне, оның болашағына күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ біз өз ана тіліміздің өміршеңдігін сапалы жобаларды көрермендерге ұсыну арқылы тағы бір рет дәлелдедік десек болады. Бұл зерттеу нәтижесі – еліміздегі қазақ тілінің мәртебесінің өскендігінің, қазақ тіліндегі сапалы отандық телевизиялық өнімге сұраныстың артқандығының жарқын көрінісі. Сондай-ақ 100 пайыз қазақ тілінде сөйлейтін ұлттық арнаның рейтингілік көрсеткішінің жоғарылауы – арнаның кәсібилік деңгейінің жақсаруы мен халықтың сұранысын қанағаттандыратын сапалы өнімдердің көбеюінде. Әрине, көрермендерді күнұзақ тек бір телеарнаның алдында ғана отырғызып қоюға болады деп айту жаңсақ пікір. Әйтсе де ақпараттық кеңістіктегі ашық саясат орын алған біздің елде алуан түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынатын өзге телеарналармен иық тірестіріп, көрермендердің көзайымына айналу үлкен шығармашылық ізденіс пен табандылықты қажет ететін шаруа. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық арна өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеуге нық қадам жасағандығына назар аударамын. Өздеріңіз білесіздер, соңғы 3-4 жылда ғана отандық телехикаялар түсіріле бастады. Олардың сапасына сенімсіздік танытқандар да табылды арамызда. Дегенмен арнайы тапсырыспен түсірілген отандық телехикаялар қазіргі уақытта халық махаббатына бөлене бастады деп нық сеніммен айта аламыз. Жоғары рейтингке қол жеткізуіміздің тағы бір сыры, міне осы отандық телехикаялардың телекөрсетілім көрсеткіштерінің өсуімен де тікелей байланысты. Бұған қоса, телеарнамыздың бағдарламалар кестесіндегі ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мегажобалары да көрермендеріміздің көңілінен шығып келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасы көрермен сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, халықтың көкейіндегісін таба білгендігін айғақтайды.