Қазақстан телеарнасындағы "Кеш жарық!" бағдарламасы туралы

Қазақстан телеарнасындағы "Кеш жарық!" бағдарламасы туралы
жеке
блог

7 арнаның бір жобасына сын айтам деп, сол бағдарламаның бас продюссерінен қатты-қатты сөздер естігеннен кейін, әркім әлінше тырбанып жатыр ғой расымен,-деп қай-қай бағдарламадан да жақсы жақ іздейтін болғам...

"Бас арнаның" "Кеш жарық" бағдарламасын көріп отырып, күйіп кеттім. 

Бағдарламаның жақсы жері әншілердің жанды дауыспен ел алдында өнер көрсетуі болса, "бір қарын майды шіріткен бір құмалағы" - сарапшылары. 

Шымкентті кемсіту арқылы бүкіл қазақ елін кемсітіп тұрғанын ұқпайтын қазақтың тар ой-өрісі осы бағдарламада да көрініс алыпты. Сарапшылардың эстраданы дәстүрлі өнерден жоғары қойып, "дәстүрлі әнші эстрада әнін айта алушы ма еді?" деген қисындағы пікірлері таяздықтың куәсі деп білемін.

Дәстүрлі әншілер эстрада әншілеріндей сұранысқа ие емес екені рас. Бірақ, төл өнерімізді осындай пікірлермен ластаған соң, эстрада өнерін ақша табудың көзі ғана деген біржақты қисынға еріксіз келеді екенсің.

Осындай пікірлерден зәрезап болды ма, білмеймін, дәстүрлі әншілер де эстрада әнін айтуға имене шығып, қобалжып, өз өнерлерін жеткілікті түрде паш ете алмайтындай көрінеді.

 Дәстүрлі өнер - ұлттық құндылығымыз, сол жерде пікір айтып отырған қай-қай қазақтың да бойтұмары.  Дәстүрлі өнерді кемсіту арқылы, дұрысы эстрададан төмен қойып, мұрнын шүйіре қарау арқылы сарапшы өзін, өзінің үрім-бұтағын, жеті атасын кемсітіп тұрғанын қалай ұқпайды?!

Қайсысы биік, қайсысы төмен тұрса да, өз өнерін соншалықты төмендету қаншалықты дұрыс?

Теледидар - қоғамдық ой-пікірді қалыптастыратын дүние. "Кеш жарық" бағдарламасы дәстүрлі өнерді соншалықты мүсәпір өнер деген пікірді қалыптастыруға өз үлесін қосып жатыр деп білемін.