«Қазақстан мектебі» журналының тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі
блог
Республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының еліміздің ақпарат кеңістігінде, білім саласында алатын өзіндік бірқатар орны бар. Шыға бастағанына енді бірер жылда жүз жыл толатын бұл басылымның алғашқы нөмірі «Жаңа мектеп» деген атпен 1925 жылы тамыз айында Қызылорда қаласында тұсауы кесілсе, содан бергі мерзімде ол ел өмірінің тыныс-тіршілігінің айнасы болып жалғасын тауып келеді. Басылымның атауы сонау жылдардан бері бірнеше рет өзгеріп, жаңарған болатын. Кезінде «Политехникалық мектеп», «Ауыл мұғалімі», «Халық мұғалімі» деген атаулармен оқырмандар қолына тиіп тұрған бұл журнал 1960 жылдан бастап «Қазақстан мектебі» деген атпен шығып келеді. «Қазақстан мектебі» журналы- қазақ руханиятының үлкен мектебі. Өз тарихын «Жаңа мектеп» журналынан бастау алған басылым, бүгінде ғасырға жуықтап, педагогиканың қыр-сырын әрмен қарай ашу үстінде екені бесенеден белгілі. Журнал дәуір талабына сай, заман ағымына қарай, өзекті мәселелерді өз деңгейінде көтеріп, көзқарасты оқырманды өзіне тарта білді.
Алғашқы нөміріндегі «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды?» – деп аталатын бас мақалада қазақ халқының заман өзгерісінен кенже қалмай алға қадам басуына зор кедергі сауатсыздық екенін айтып, оқу-білім жұмысына арналған журнал дүниеге келгені қуанышпен хабарланған. Журналдың жауапты шығарушысы болып көрнекті ағартушы-педагог, сол кезде «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары болған журналист М. Жолдыбаев тағайындалды. Қазіргі таңда, аталмыш басылымның бас редакторы-Сәния Бектенғалиева. Қазіргі күнге дейін, қазақ тілінде жеке-дара оза шауып шығып келе жатқан көп салалы «Қазақстан мектебі» журналының педагогикалық, кәсіби басылым ретінде арқалап келе жатқан жүгі ауыр. Оның басты бағыт-бағдары: білім беру ісін басқару, ұйымдастыру, ғылым мен мектеп байланысы, тәрбиелеу ісіндегі тәжірибе тағылымдары, жеке ұстаздардың өзіндік шығармашылығы, оқу бағдарламасындағы жаңалықтар, әдістемелік білім көтеру мәселелері, және мамандар даярлау болып табылады. Көптеген қайраткерлер бұл басылымда «Тіл туралы заңның» орындалуы өз деңгейін де ме? атты мақалалар жазып, саралай отырып, керенау пікірлер болған. Әрине, мұндай түйткілді мәселенің басы-қасында қазақ қаламгерлері қоғамдық өміріміздегі жаңалықтың жаршысы, озық тәжірибенің насихатшысы болуы тиіс деп есептеймін. Іздей берсең әр жерден-ақ кемшілік табуға болады. Ал жақсылық атаулыны көре біліп, оны көпшіліктің ортақ қазынасына айналдыру ол да бір-өнер. Осының бәрін атамыз Ахмет Байтұрсынов бір-ақ сөйлеммен жеткізген ғой: «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,-деп. Бұдан асырып айту мүмкін емес,сірә?! Баспасөз атаулының бүкіл болмыс-бітімі осы бір ой иіріміне қалайша сығымдалып түскен деп тамсанып, таңырқанатын болсаңыз, қазақтың жайын қазақ газет-журналдары ғана айта алады деген тұжырым өзінен-өзі ой көрсететіні ақиқат. Мұның бәрі бізге ерен міндет, ауқымы зор атқарылар парыз жүктейді.
Қазақ баспасөз тарихынан тұңғыш педагогикалық жұмыстың әр саласы бойынша шығып тұрған бірнеше кәсіби журналдардың үлкен шаңырағы-«Қазақстан мектебі»
Басылым ғұмырлы болсын!