Қазақстан диджитал, финтех заманында неге мән беру керек?

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар әлемдік нарықтағы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткішін айқындайтын шешуші факторға айналды. Соған орай жасанды интеллект, блокчейн, интернет заттар(IoT), үлкен деректер(Big Data), интернет банкинг және т.б. салаларда әлем елдері өздерінің қабілеттілігін сынап жарысуда. Әсіресе финтех индустриясы күнделікті өмірімізге көптеген өзгерістер әкелді. Бұл күндері қолма-қол ақшасыз-ақ есеп айырысу, салық төлеу және т.б. сол сияқты қаржы қызметтерін қолдану көпшілікке қолжетімді.
 
Қаржы саласындағы жаңа технологияларды қолданудың таралуы бүкіл әлем бойынша қарқынды жүруде. 2023 жылғы әлемдік қорытынды бойынша финтех хаб саны бойынша Сан-Франциско қаласы, ал финтех компаниялар саны бойынша Ұлыбритания алдыңғы орында тұр. Дамушы елдер арасынан бұл жылы Индия көшбасшы орнына ие болды. Ал Қытай әлем бойынша финтех саласында ең серпінді дамуды көрсетуде. Франция 2022 жылы финтех саласына салған инвестиция көлемі бойынша әлемдік көшбасшы атанды.
 
ИТ саласындағы ірі державалардың бірі Оңтүстік Корея финтех саласында да көшбасшылыққа қол жеткізу үшін бар мүмкіндігін сынап жатыр. Ол үшін үкімет тарапы мен жеке секторлар зор үлес атқаруда. Үкімет тарапы финтех компаниялары инновациялық қаржылық қызметтерді дамыту үшін қажет үлкен деректермен қамтамасыз етуде. Ал жеке сектор тарапы бұл салаға үлкен қызығушылықтар танытуда. Жалпы, Оңтүстік Корея табиғи байлық қоры аз мемлекет. Сол себепті мейлі қаржы институты тарапы болсын, мейлі жеке сектор және тұлға тарапы болсын білім мен инновацияға деген олардың ынтасы өте зор. Корейліктер білім мен жаңашылдық үшін адам капиталы мен шығармашылық және зерттеу саласына жаппай және үздіксіз инвестиция жасау арқылы ел экономикасын әлемдік деңгейге көтеріп қана қоймай, қоғам өмірін де жоғары деңгейге көтеруде үлкен еңбек атқаруда.
 
Ал Қазақстанға келсек, бұл сала бойынша біз соңғы бірнеше жылдардағы белсенділіктің арқасында Орта Азия бойынша алдыңғы қатардағы елдердің біріне айналдық. Әсіресе бізде мобилді-интернет банкинг өте қарқынды дамуда. Дегенмен 2023 жылғы Жаһандық Инновациялық индекс рейтингі бойынша Қазақстан әлем бойынша 81-ші орында тұр, ал бұл 10-шы орынға ие болған Оңтүстік Кореяның бәсекелестігімен салыстырғанда әлдеқайда артта. Әсіресе, Оңтүстік Кореяның адами капитал мен зерттеу саласы және шығармашылық білімге деген инвестицияны аямайтындығы өте әсерлі. Дәлірек айтсақ, Оңтүстік Корея адами капитал мен зерттеу саласында әлем бойынша 1-ші орынды, ал инфрақұрылым саласы бойынша 11-ші, нарықтың даму деңгейі бойынша 23-ші, бизнестің даму деңгейі бойынша 9-шы, білім және технология саласының даму деңгейі бойынша 11-ші және шығармашылық білім бойынша 5-ші орынды иеленді. Осындай көрсеткіштерге қарай отырып, Кореяның даму жолының үлгі тұтарлық жақтары көп деп айта аламыз. Өйткені Қазақстан адами капитал мен зерттеу саласы бойынша 59-шы, ал шығармашылық білім саласы бойынша 90-шы орында тұр. Әрине барлық саланы бірдей дамытқан абзал. Алайда, солардың ішінде, әсіресе, адам капиталы мен зерттеуге және шығармашылық саласына инвестициялар үздіксіз және белсенді түрде жүргізілсе, инновация соның артынан ілесе жүретіні мәлім. Ал бұл саладағы жетістік жаһандық нарықтағы мемлекет рейтингінің көрсеткіші ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылықтың да көрсеткіші бола алатындығында күмән жоқ.

 

2024 жыл, қаңтардың он бірі әлемнің 50 елінен келген 50 студент Оңтүстік Кореяның қаржы қоры (Korea Financial Industry Foundation) мен Нэйль газетінің қолдауымен ұйымдастырылған G50 K-Academy жобасының  аясында «Оңтүстік Корея Финтехі және Әлемдік қаржының болашағы» атты бесінші сабағына қатысып, Оңтүстік Кореяның қаржы саласының тарихы мен оның болашағы туралы білім алып қайтты. Сурет осы сабақ барысында түсірілді.

 



Бөлісу: