«Қазақстан дауысы» жобасында кімдер қалды?

«Қазақстан дауысы» жобасында кімдер қалды?
жеке
блог

Алдыңғы жазбаға  Мейіргүл  "Иса «Қазақстан дауысы» жобасында қалды ма", деп пікір қалдырыпты. Жауап ретінде осы жазбаны жазуға тура келді. Алдағы жексенбі күні тікелей эфирде 8 өнерпаз ғана бақ сынайды. Әр тәлімгерде бар-жоғы 2 әншіден қалды.

Алмас Кішкенбаевтың тобындағы үздіктер - Иса Әлимұсаев пен Бауыржан Ретбаев. Иса да, Бауыржан да халықтың көңілінен шығып келеді. Дегенмен сайыстың әр кезеңінде Алмас Кішкенбаев  Исаны үш рет, ал Бауыржанды екі рет жобада қалдырды. Бұл жолы жас тәлімгердің бүйрегі кімге бұратыны белгісіз. 

Егер сізге ұнаған әнші  келесі кезеңге өтсін десеңіз, өнерпаздың реттік нөмірін 3075 нөміріне жолдап немесе 8 80 90 80 30 75 телефон (бұл нөмірлер басқа үміткерлер үшін де берілген) соғу керек. Иса Әлимұсаев, реттік нөмірі -14. Бауыржан Ретбаев, реттік нөмірі – 28.

Нұрлан Албанның тобынан өнер көрсететін таланттар Данияр Исмаилов пен Нұрман Арыстанов. Нұрлан жоба барысында Даниярды  екі рет, Нұрманды 4 рет құтқарып қалды. Нұрлан Даниярдың дене бітіміне сүйсініп «барыс деп атады. Алғашқы маусымдағы жеңімпаз Шахаризат «Томпания» атанса, бұл жолы Данияр «Қазақ барысы» деген лақап атқа ие болды. Барысқа тәлімгерінің ғана емес, халықтың да ықыласы ауғандай. Себебі, ақпанның 1-дегі тікелей эфирде «Мәңгілік ел» әнін тамылжытқан Данияр ең көп дауыс жинады. Ал әлеуметтік желідегі сауалнама жауаптарына көз жүгіртсек, Нұрманның тасы өрге домалап тұр. Оны қолдап жатқандар көп, әсіресе, бойжеткендер Нұрманның әніне де, өзіне де ғашық.

 Егер сізге ұнаған әнші  келесі кезеңге өтсін десеңіз, Нұрман Арыстановтың  реттік нөмірі -11, Данияр Исмаилов, реттік нөмірі – 22.

Медеу Арынбаевтың тобынан бақ сынайтын үміткерлер Мақсат Мақұлбеков пен Гүлім Жүсіпбекова. Атап өту керек, Гүлім Жүсіпбекова соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және көрермендер арасында қызу пікірталас тудырып отыр. Ол күні бүгінге дейін көпшіліктің қолдауымен ғана жобада өнер көрсетіп келеді. Ал Мақсатты тәлімгері үш рет құтқарып қалды. Медеу Арынбаев осы  шәкіртімен жұмыс істеу оңай, ал Гүлімнің ән орындау мүмкіндігі шектеулі екенін жалпақ жұртқа жайып салған еді. Бірақ тәлімгердің бұл пайымы жұрттың Гүлімге деген құрметін арттырмаса, бәсеңсіте алмаған секілді. Қаңтардың 25-де өткен тікелей эфирде Гүлім Жүсіпбекованың дауысы шықпай қалды. Бірақ соған қарамастан халық оны қолдады. Мақсат Мақұлбеков –опера әншісі, Гүлім Жүсіпбекова - дәстүрлі әнші.

 Дауыс беру үшін Мақсат Мақұлбековтің реттік нөмірі – 32, Гүлім Жүсіпбекованың реттік нөмірі – 1.

 Мадина Сәдуақасованың тобынан екі үміткер Индира Еділбаева мен Ернұр Қабылдаев қана барлық кезеңнен сүрінбей өтіп келеді. Тәлімгер осыған дейін екі шәкіртін де екі рет жобада қалдырды. Индира Роза Рымбаеваны өзінің кумирі санайтындықтан, атақты әншінің репертуарындағы әндерді  орындағанды ұнатса, Ернұр лирик әнші. Индираның мамандығы аудармашы. Ал Ернұр қазіргі таңда туған жерінде жергілікті әкімшіліктің мәдениет бөлімінде қызмет етеді.

Дауыс беру үшін Индира Еділбаеваның реттік нөмірі -17, Ернұр Қабылдаевтың  реттік нөмірі – 5.

Алдағы жексенбі, 21.00-де «Қазақстан» Ұлттық арнасының тікелей эфирінен «Қазақстан дауысының» ақтық сын алдындағы дода өтеді.