Қазақстан барысы

Қазақстан барысы
жеке
блог

Жүрегінің түгі білегінің күші бар, кең иықты, апайтөс балуандар Қазақстан барысы атану үшін белдесбек, осы жексенбіде. Биыл 32 балуан бозкілемге шығады. Барлығы да төске ұрылған орақтай өткір, іріктеуден өткен ірі жігіттер. Қазы-қарта жеп қуаттанған қайсар барыстың барлығы да қарсыластарының жауырынын жерге тигізуге асық. Сөйтіп, 150 мың ақш долларын, белбеу, тай тұяғындай алтын һәм автокөлікті өз облысына алып қайтпақ. Айтпақшы, биылғы балуанның ең жасы 18 де болса,  ең үлкені 43 жаста. Кешегі Балуан шолақ пен Қажымұқандай атағынан ат үркитін   дара болуға  жігіттер  бұл жолы да барын салары сөзсіз. Айта кетейік. Биылғы жылы  100 мыңға жуық балуан  белдесуге тілек білдірген. Оның 60 мыңы келесі кезеңге іркілмей өтіп, ауданаралық жарыста бақ сынады.  Әрмен қарай тізім қысқарды. Жауырыны жерге тимеген 7 мың балуан 32 жолдаманы өзара бөлісті. Былтырғы барыс Бейбіт Ыстыбай  белдесусіз қатысу мәртебесіне ие болды. Ал осы жылғы Қазақстан барысы атағы кімге бұйырмақ?  30 маусым, жексенбі күні болатын дүбірлі доданы бірге тамашалайық!