Қазақшалау деген не?

“Ғылыми терминдерді жаппай қазақшалау дұрыс па?” деген сұраққа біраз адамдардың берген жауаптары Ана тілі газетінде шықты. Жауап берушілердің көпшілігі: “жоқ, дұрыс емес”  депті. Осы жауаптан анық болған жағдай – көпшіліктің қазақшалау деген сөздің мағынасын дұрыс ұқпағандығы, тіл жөнінде білімі мен сезімдерінің шамалы екендігі.

Қазақшалау деген не? Егер қазақшалау деп: басқа тілдің сөзіне сәйкес қазақтың төл сөзін іздеу, немесе төл сөздерден жаңа сөз құрастыру деп ұқсақ, онда, мысалы, әдебиет,мәдениет, мемлекет, үкімет, егемен, кеден деген сөздер қазақшаланбаған, араб, парсы тілдерінің сөздері деуіміз керек.

Ал, егер басқа тілдің сөзін қазақша дыбыстап, қазақ тілінің дыбыс үйлесімділігіне сәйкес өзгертіп айтуды қазақшалау десек, онда мысал ретінде келтірілген сөздердің барлығы қазақшалаңған сөздер. Арабша әдебиет деген сөз адабиат болып айтылатын шығар, тіпті араб сөзінің құрамында қазақ тілінде жоқ дыбыс бар шығар, қалай болса да, араб сөзінен жаратылып, қазақ тілінде әдебиет деген сөз пайда болды.

Бұл жағдай айдан анық. Араб, парсы тілдерінен келген сөздер қазақша айтылу керек дегенге қарсы пікір естіп көрген жоқпын. Қазақтың ұқпай қалатын жағдайы – орыс тілінен келген сөздер туралы әңгіме болғанда.         “Орыс сөздерін бқзып айтуға болмайды, алпыс жылдан бері қолданып келе жатқан емлеміз: орыс сөзін орысша жаз, орысша айт деп келеді. Емленің бұл ережесі өте дұрыс, өте ыңғайлы”  деп қазақ тілінің, қазақ әдебиетінің маманымын деп жүрген кісілердің әңгімесі. Бұл ереженің өте күлкілі, өте дөрекі екенін ұқпау – қазақтың тілдік сезімінің уланғанын, қазақ тілі ғылымының өте төмен деңгейде екенін білдіретін белгі.

Орыс тіліне басқа тілдің дыбысын қосып алайық деп ешбір орыс айтып көрген жоқ. Ондай теріс әрекет ешбір орыстың ойына да келмейді. Орысқа: “Мына кісінің аты Өмірбек” десеңіз – “Бұл есімді біз орысша Омирбек деп айтамыз”  дейді. Осы мысалды қазаққа айтсаң – “Әрине, орыста ө, і деген дыбыстар жоқ қой” дейді. “Онда біз неге орыстың дыбыстарын айнытпай орысша айтып әуреге түсеміз?” деп сұрасаңыз – “Біздің тіліміз орысшаға келіп тұр ғой, біз орыс дыбыстарын игердік” деп жауап береді.

Орыстың аузына қарап жүрген қазақтан орыс тілі қосымша дыбыс алмайтындығы түсінікті. “Немістер бізден бұрын дамыған, ғылымды солардан үйрендік” деп, неміс тілінен орыс тілі дыбыс қабылдады дегенді кім естіді? Мысалы, неміс тілінде ө, һ деген дыбыстар бар. “Барлық дамыған батыс елдерінің тілдерінде һ дыбысы бар, біз де халықаралық сөздердің айтылуын бүліндірмей, һ дыбысын игеріп, һомо деп айтайық” деген орыс болды ма? Тіл білімінің маманы болып, орыс тіліне қамқорлығымен, жан ашырлығымен ерекше көзге түсіп жүрген адам түгіл, шала білімді орыс та: орыс тіліне жаңа дыбыс еңгізу мүмкін, дегеннің дөрекілігін түсінеді.

Тегі бір, көп тілдерде ұқсас айтылатын халықаралық сөздер бар. Бірақ ондай сөздер барлық тілдерде айнымай бірдей айтылады деген қате. Әр тіл – өзінің заңдылығымен, өз дыбыстарымен айтуға ыңғайлап қана жаңа сөзді қабылдайды. Мағынасы, жаратылысы бір сөзді орыс – функция, неміс – функцион, ағылшын – фәнкшн деп айтады. “Орыс та, неміс те ц деген дыбысты айтып жүр, неміс тілі мен ағылшын тілі тұқымдас, сендер де ц дыбысын игеріңдер” деп ағылшынға ешкім айтпайды.

Тағы бір мысал – республика деген сөз. Бұл сөз ағылшынша републик түрінде латын әріптерімен жазылады, оқылуы – рипаблик. “Бұл сөз латынша республика дегеннен шыққан, сіздер соңындағы а-ны, ортасындағы с-ны неге түсіріп тастағансыздар?” деп ағылшын кім мән үйретеді?

Қазақша функция деп, орысшадан айнытпай айтамыз деген мүлде қате. Біріншіден, қазақ тілінде ф, ц деген дыбыстар жоқ, екіншіден, бұл сөздің айтылуында екпін бірінші буынға келіп тұр, ал атау сөздердің қазақша айтылуында екпін соңғы буында болуға тиіс, үшіншіден, нкц деген үш дауыссыз дыбыстың қатар келуі қазақшаға жарамайды. Қазақ тіліне бұл сөзді, мүмкін, пұнсыйан деп қабылдау керек шығар, немесе, қазақшалауға келмей тұр деп, ұғымына сәйкес басқа сөзбен ауыстыру керек шығар. Қалай болса да, қазақшаға функция деп айту мүлде жарамайды.

Ағылшындар Айсланд, орыстар Исландия, өздері өзін Іслен дейтін ел бар. Көп тілдерге тараған, біз: халықаралық  деп жүрген сөздер іслен тілінде жоқтың қасы көрінеді. Мысалы, көп тілдерде ұқсас айтылатын театр деген сөз, ісленше өз тілдерінің басқа сөзімен айтылатын көрінеді. Іслендердің бұлай істеп жүргендері – тілдің тазалығын сақтайық деген ойдан, немесе, бөтен сөздерді қабылдамаймыз деген қырсықтықтан шыққан жағдай емес. Басқа тілдердің сөздері ісленше айтуға, ісленше икемдеуге өте қиын көрінеді. Икемдеуге келсін-келмесін, басқа тілдің сөзін басқа тілдің дыбыстарымен, басқа тілдің үндеуімен айта береміз деп жүрген қазақ.

Қазақ болғанда, бұлай айтып жүрген қазақ тілі емес, қазақ емлесі. Қазақ тілінің айтқанын ұқпай жүргендер қазақ тілінің мамандарымыз деп жүргендер. Қазақ тілі қазаққа: “Басқа тілдерден келген сөздерді қазақшалап қабылдаймын, ауыздарыңа қазақша қылып саламын, қазақша айтқызамын” деп жүр.

Ана тілінің айтқанын құлағымыз естісе де, қғуға ақылымыз жетпей жүр. Орысшадан қазақ тіліне көп сөз келді. Ол сөздерді айтқанда: бәтіңке, нәскій, тәрілке, мәшійне, кәстөм, тәпішке, резеңке, белесебет, тілійпон, гәзійт, жорнал, біргәдір деп жүрміз. Мәселе орысшаға тіл келу-келмеуде емес. Орыс тілін орыстан артық білетін қазақ қазақша сөйлегенде: кәстөм-шалбар алдым, балама белесебет әпердім деп айтады. Кісілердің есімдерін айтқанда, құжатта, қағазда Фазыл, Фарида, Фариза болып жазылса да, сөйлегенде: “Пазылдың баласы, Пәрійда қайда, Пәрійзаны көрдіңіз бе?” деп айтамыз.

Кейде, орыстан келген сөздің қазақшада өзгеріп айтылытындығы онша байқалмайды. Орысша карта деген сөзді  қазақтар қарта деп, екпінін екінші буынға ауыстырып, қ дыбысымен айтады. Мқғалім: “Қартадан Ақтөбені көрсет” деп сөйлейді. Ойнайтын қартаны да, жейтін қартаны да қарта дейміз. Балалар әке-шешесіне орысша мама, папа делінетін, екпін бірінші буынға келіп айтылатын сөздерді қазақша мама, папа деп, екпінін ауыстырып айтады.

Қазақша дыбысталатын сөз, қаншалықты жаңа болса да, қазақ тіліне тез сіңеді. Қазақ тілінде в дыбысы жоқ деп, бұрын завод, товар болып жазылып жүрген сөздерді жорналшылар зауыт, тауар түрінде жаза бастап еді, қазақша сөйлейтіндер қолдап әкетті.

Сынып, мәтін деген сөздер де тез қабылданды. Ал облыс, республика деген сөздер жарты ғасырдан бері айтылып келе жатса да, бөтендігі сезіліп, қазаққа ұнамсыз естіледі. Қазақ тілін сезетіндер – президент, республика деген сөздерді айтқысы келмей, ел басы, еліміз, отанымыз деп, бөтен естілетін сөздерді басқа сөздермен ауыстыруға тырысады.

Соңғы Тіл туралы заңның қазақшасын оқығанда, бұны қазақ тілінің жауы жазған ба деп ойлайсын, қаптаған министрлік пен ведомстволар, мәтіннің екі сөзінің бірі орысша. Қазақша жазатындарды соншалықты кінәлау да қиын. Қазақ емлесінің дөрекі қате екенін білген адам да: заңсыздықтан гөрі жаман заңды орындаған дұрыс қой деп, емле ережесі бойынша жазуға мәжбүр.

Ахмет Байтұрсынқлы заманынан кейінгі алпыс жылда қазақ тілі ғылымы алға жүрудің орнына, көп жағдайда кері кеткен. Қазақ тілі оқулықтарының көпшілігінде тілдің дыбыстық құрамы қате анықталған. Тіл ғылымында – Ахмет айтып кеткен сөздердің барлығы қазақша, ал айтуға үлгермеген сөздердің барлығы орысша.

“Ахметтен кейін қазақ тілі ғылымына бірде-бір сөз қазақша қосылмапты ғой. Лексикология, морфология, синтаксис, фразеология деген сөздердің біреуі де қазақшалауға келмеді ме?” деп сұрасаңыз – “Жоқ, бұл сөздер – халықаралық ғылыми сөздер, бұл сөздерді қазақшалау дұрыс емес” деп жауап береді. Кезінде орыстың спряжение деген сөзін Ахмет жіктеу деп айтып кетпесе, “жіктеу дегеннің мағынасы – арасына жік салу, ал спряжение дегеннің ұғымы басқаша, бұны біз біліп отырмыз ғой” дейтін талай мамансымақ табылар еді.

Бір ғылыми еңбектер жинағында – “Фразеологизмдердің грамматикалық классификациялауы” деп аталған мақаланы көрдім. Мақаланы оқып көрейін деген ой да келген жоқ, мақаласын осылай атаған адамның қазақ тілін зерттеп жібергеніне кім де болса күмәнданатын шығар.

Қазақ тілінің өмір сүріп жүрген жері – қалың қазақтың миында, аузында, құлағында. Осы сияқты, орыс тілінің мекені – орыстың миы, ауызы, құлағы. Орыс тілінің бір жағдайын анықтау үшін – оқулықтан, тіл ғылымынан емес, әуелі орыстан сұрау керек: “Мына сөз орысша былай айтыла ма? Мағынасы мынадай ма?” деп. Тіл ғылымы тілге бұйрық айтпайды. Тіл ғылымының жқмысы – тілде бар жағдайды зерттеу, реттеу, тілге сәйкес жазу мен емле шығару. Тіл ғылымы шатасып, қазақ тілі ғылымы сияқты: “Жаңа дыбыстарды игер, тілдің заңдылықтарын бқзып, үйлеспейтін дыбыс тіркестерін айта бер” деген нұсқауды қазақ тілі қабылдамайды. Қазақ тіліне үйлеспейтін сөздің үйлеспейтіндігін есі дұрыс қазақтың миы таниды, құлағы естиді, ауызы айтқысы келмейді.

Қазақшалаудың, сөзді қазақша үндеудің шарты деп қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қатысты әр қасиетті, әр ерекшелікті айтуға болады. Мынадай шарттарға назар аударайық:

Тек қана қазақ тілінің дыбыстарын қолдану. Атау сөзде екпінді соңғы буынға келтіру.

Бірінші шартты шарт деп, қазақ тілінен басқа тілге қатысты,  айтудың өзі – түсініксіздеу жағдай. Орысқа біреу: “Орыс тілінде бар дыбыстарды ғана қолданыңдар, қазақ тіліндегі ә, ө дыбыстарын игереміз деп әуреге түспеңдер” десе, орыс күлер еді. Кәзір күлкілі жағдайда жүрген қазақ тілінің дыбыстық құрамы негізінен Ахметтер заманында анықталған. Қазақ тілінің негізгі дыбыстар саны – 26, ал 30-шы жылдары қолданған әліпбиде 28 әріп болған. Тіл ғылымының кейіннен қосқан жаңалығы – қ мен к дыбыстары бір пөнемнің екі түрі және ғ мен г да бір пөнемнің екі түрі екендігі. Бұл жағдай ғылыми еңбектерде, мысалы, Жүнісбековтің кітаптары мен мақалаларында жазылған. Сонымен, негізгі дыбыстар саны 2-ге қысқарып, 28 емес, 26 болып шығады.

Қазақ дыбыстарының тізімі мынадай:

дауысты дыбыстар 9: а, ә, ы, і, о, ө, қ, ү, е,

дауыссыз дыбыстар 17: б, г, д, ж, з, й, к, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш.

Осы негізгі дыбыстарға қосымша, қазақ тілінде уһлеу, туһлеу деген сөздерде, сирек болса да қолданылатан һ дыбысы бар деп Ахмет Байтқсынұлы айтқан. Екі дыбыс деп, х мен һ-ны айырмай, ухлеу, тухлеу деп, х дыбысы анық естілетін тарих, қахарман, Гаухар сияқты сөздерді ескеріп, негізгі 26 дыбысқа қосымша, сирек қолданылатын х дыбысын қосқан дұрыс сияқты. Дегенменен, басқа тілдегі х қазақшада қ болып кеткен сөздерді, меніңше,  қазақша жазған дұрыс. Мысалы: қат, қалық, асқана, қабар, қал, Ақымет деп.

“Атау сөзде екпін соңғы буында болу керек” деген де, менің құлағыма, менің тілдік сезіміме – қатаң орындалуға тиісті шарт сияқты. Мысалы, облыс, парламент деген сөздер, дыбыстары қазақша болса да, екпін соңғы буында болмағандықтан бөтен естіледі.

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің жоғарыдағы екі шарттан басқа да қасиеттері, ерекшеліктері бар. Мысалы, мынадай:

1)                        Буын үндестігі мен дыбыс үндестігі.

2)                        Сөздің қатар екі дауыссыз дыбыстармен басталмауы.

3)                        Еріндік дыбыстардың көбінесе тек бірінші буында жазылуы.

4)                        Түбір сөздегі буын саны аз болуы

Бұл шарттар орындалмайтын жағдайлар өте сирек кездеседі. Ондай жағдайларды да жүйелеп, реттеуге болатын шығар. Мысалы, құрмет, рахмет деген сөздерде үндестік заңы бұзылғанменен, бұл сөздер қазақша естіледі. Негізінде Ысмайыл деген дұрыс болса да, қатар екі дауыссыздан басталатын Смайыл деген де қазаққа үйреншікті болып кеткен сияқты.

“Қазақшалаудың шарттары көп екен. Орыс тілі жақсы, бөтен дыбыстарды орыс дыбыстарымен ауыстырып, кез келген дыбыс тіркесін қабылдай береді” деп, қазақ тіліне риза болмайтындарға айтарымыз: “Қазақ тілінің қасиеті осындай, орыс тілінің өзіне тән ерекшеліктері бар”. Сөздің қазақшаға бөтен екендігін қарапайым қазақ қазақшалаудың шарттары бойынша тексермей-ақ, естігеннен таниды.

Араб, парсы тілдерінен келген сөздердің басқа тілден келгендігін қазақтың көпшілігі білмейді. Тілмен арнайы айналысып жүрмеген адамға оны білудің қажеттілігі де шамалы.

Орыс сөздерін көбірек қоссам, сөйлегенім мәдениетті, ғылыми болып шығады деп ойлайтын қазақтар да аз емес. Орыс тілін, басқа шет тілдерін жақсы білгеніне мақтанып, ана тілін білмейтіндігінің кемшілік екенін түсінбейтін сорлылар да бар. Бұндай жағдай туралы кезінде: “Ана тілін жақсы біліп тұрып бөтенше жақсы сөйлесең бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып бөтенше жақсы сөйлесең бұл күйініш”  деп Халел Досмұхамедұлы айтқан.

Қазақ тілі өз әуенімен, өз үнімен көркем, сқлу тіл. Басқа тілдің сөздерін араластырып сөйлегенде – әсемдік кетіп, жексұрын бірдеңе шығады. Ағылшын тілі де орыс тілі де – әдемі, сқлу тілдер. Ал ағылшынша сөйлегенде орыс сөздерін қосса, не орысша сөйлегенде ағылшын не қазақ сөздерін қосса – ққбыжық, қнамсыз естілетін сөз шығады.

Қазақ тілін зерттеушілердің бірәзі: “Қазақ тілін терең білген, тіл ғылымына ең үлкен үлес қосқан – Ақаң” деп, бір жағынын Ахмет Байтұрсынұлын мадақтап, екінші жағынан – Ахметтің айтқанына, пікіріне қарсы іс жасап жүр. Қазақша жазып, оқып жүргендердің берекесін кетірмей, қазақ емлесі мен жазуын түзету керек.

Оқулықтардың қате үйреткендігінен, қазақ тілі мұғалімдерінің көпшілігі – қазақ тілінде у, и деген дауысты дыбыстар жоқ екенін білмейді. “Қазақ тілінде тәуелділік жқрнағы дауысты дыбысқа -сы, -сі түрінде жалғанады, мысалы: бала-сы, әке-сі болып. Ал дауыссыз дыбысқа жалғанатын түрі: -ы, -і, мысалы: қол-ы, көз-і. Ми, би деген сөздерге тәуелділік жқрнағын жалғасақ, ми-сы, би-сі емес, ми-ы, би-і болып шығады. Осыдан – ми, би деген сөздердің дыбыстық құрамдары – мый, бій екенін анықтаймыз” деп айтсаңыз, түсінбейтін мұғалімдер бар. Емле мен жазу миларын қатыра бергеннен, дәлелді дәлел деп ұқпайтын жағдайға жетіп, милары тас болып қатып қалған.

Қазақ емлесінің кемшіліктері туралы айтып жүрген – Ойнаров пен Біләлов деген азаматтар бар. Олар көп еңбек жасап, математикалық орысша-қазақша үлкен сөздік шығарды. Үлкен еңбек болғандықтан, ешбір қатесі жоқ деп айтуға болмайды, бірақ, менің пікірімше, олардың еңбектері өте құнды, дұрыс негізде жасалған. Ойнаров пен Біләловты сынаушылардың сынау тәсілі – он қсыныстың арасында бір осалдауын тауып алып: “Ойнаров пен Біләловтың ана айтқаны қате, мына айтқаны күмәнді” деп, басқа тоғызы туралы ештеңе айтпай, тек кемшілік іздеу.

Қазақшалауға тікелей байланысты мәселе – әліпби мәселесі. Ахмет пен Міржақыптар, Мағжан мен Сәкендер 28 әріпті жазуды қолданған. Қазақ  жазуын орыс әліпбиіне көшіргенде әріптер саны 28-ден 42-ге өсе қалды. Осы екі санды салыстырғаннан-ақ қазақ тіліне қиянат жасалғаны анық. Басқа дәлел келтірудің, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің заңдылықтары мен ерекшеліктері айтудың қажеті жоқ.

Кәзіргі қазақ емлесі мен қазақ жазуы тілді дамытуға бөгет болып келеді. Түбінде емле түзетілетіндігіне, қазақ жазуы латын әріптері негізіне көшетіндігіне күмәнім жоқ. Күмәнді мәселе – бұл жұмыстардың бөгеліп тұрғандығының себебі.

Кейбіреулердің айтатын сылтауы – қаражат тапшылығы. Негізінде, әліпби ауыстыруды кейінге қалдыра беру – қаражатты үнемдеуге емес, керісінше, артық жқмсауға әкелетін жағдай.  Өткен жылдың қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынқлының туғанына 125 жыл болуына байланысты тіл мерекесі өтті. Тіл ғылымы саласының басшылары: “Жиырма  томдық бәлендей, қырық томдық түлендей сөздіктер, еңбектер дайындап жүрміз” деп, жоспарлары туралы айтты. Үзілісте, солардың біреуіне: “Түбінде қазақ жазуы латын әліпбиіне көше ме?” деген сұрақ беріп едім, “Әрине, көшеді” деп жауап берді. “Сонда бәлен томдық кітаптар әуелі орыс әріпімен, кейін латын әріпімен, екі рет басылмақшы ма?” деп сұрасам, “Солай болатын шығар” дейді.

Тек қана ғылыми еңбектер ме? Қаншама кітаптар, оқулықтар шығып жатыр. Орыс әріптерімен жазылған ақша шықты, Қазақстанның әр азаматы төлқұжатын алды. “Сорлы кедей бір затқа екі рет төлейді” деген мәтел бар. Әрбірдесін, мәселе артық шығында емес. Сорлылықтың үлкен белгісі - ұлттың өз жазуына өзі ие болмауында. 

 



Бөлісу: