Қазір қазақ хип-хопы арасында Qpop деп те жатады,яғни қазақша рэп туралы жиі сөз қозғалып, датталып та, жақталып та жүр. Бұл талқылаулардың өзі қазақ рэпінің жаңа статусқа ие болып келе жатқанын, өз кезегінде дамып келе жатқандығын көрсетсе, соған сәйкес мәселенің де күрделі екенін де байқатады. Біріншіден, бұл субмәдениетті, андеграунд бағытты жақтайық, жақтамайық, бәрі-бір құтыла алмаймыз. Бұл әлемдік жаһанданудың – нағыз бейнесі, әлемдегі ең танымал музыка бағыты және әлемдік мәдени революция...
Хип-хоп мәдениеті барлық елдер мен халықтарды жаулап алып жатыр, мәдениетіне берік қытай, жапондар да ерік берді, түркі Түркияның да өзінің “türkçe rap”-ы бар, өзбектерде де, қырғыздарда да бар бұл хип-хоп. Бірақ түрік рэпі бұл – әлемдегі мықты рэптердің бірі, тіпті Ceza есімді әлемдегі ең жылдам рэп оқитын рэпер бар (2 минутта 1240 сөз!). Өткен ғасырдың тек 90-жылдары ғана тар шеңбер-локалда ғана өмір сүрген бұл хип-хоп мәдениеті қазірде кең кеңістікке ие болды. Сол тәрізді қазақша рэп те бүгінгі таңда өз құбылысын қалай білді. Ресейге рэп алғаш келгенде бұл урбан мәдениетті қолдаушылар “орысша рэп емес, рэпті орыс тілінде” жасау тенденциясы болды, ал бүгінде бұл орыс хип-хоп иелері енді орыс рэпін жасау жолына көшті. Бізде де осы тенденцияның үрдісі байқалады: барлық қазақ рэперлері, ең бастысы қазақша рэп жасау ғана ойда болды (қазақы рэп емес!).
Хип-хоптың R’n’B тәрізді түрлері эстрадаға шығып кетті де, рэп жанры музыка ретінде саналмай қалды, сондықтан да рэп жанры эстрадаға қарсы дамып келе жатыр. Алайда шоу-бизнесте өз орнын алып келе жатқан қазақша рэп те қазіргі таңда нарықтық принциптерге байланысты бизнестік жолға бас қойды. Әрине, бизнес құралына айналғаннан кейін бәсекелестіктің болатыны белгілі. Көпшілігі қазақша рэпте конкуренция жоқ деп ойлайды. Алайда мүлдем олай емес, бұл прогресс қазақша рэпте бар. Бұған себеп – рэппен айналысатын продюсерлік орталықтар немесе лейблдардың бар болуы және олардың арасында міндетті түрде бәсекелестік болады.Мәселен, ең атақтылары – ZhamahatPro, AshҚazaҚPro, Raphana Records, Didi Records, JUZ ENT, Конкуренция – бұл прогресс.
Америка үшін рэптің бастау алған жері – Нью-Йорк болса, орыс рэпі үшін Ростов, ал қазақша рэп үшін... Қазақша рэпте бас кезеңдерде батыс пен шығыс рэперлер конфедерациясы болып лидерлік лигаға таласатын. Әрине, рэптің отаны – Батыс, бұл ақиқат, алайда рэп батыста емес Шығыс (Алматы) пен Оңтүстікте дамып кетті. Рэп арсеналына шыққан рэпер міндетті түрде интро жасайды, бұл – пиар жасау, өзін публикациялау. Бұл - бәсекелестіктің басы Тимати бастаған “бір тоғыз” Ресейлік эстрадаға қарсы жазылған атақты “Давай, до свидания...” шоу-трэкі арқылы үлкен дисс жасап берді және бұл Тимати фиттеріне үлкен жарнама-пиар еді. Нағыз дисс бұл тамаша трэктің өзі екенін естен шығармау қажет.
Мәселен, AshҚazaҚPro “сапалы стаф (өнім)” жасау мақсатында барлық тақырыптарда трэктер жазып жатыр, ал жаңадан құрылған Raphana Records “сапалы өнім иесін табады” деген ұстаныммен, жаңа трэктерімен жаңа жастарды баурап алуда. Естеріңізде болса, Ресей рэпері Бастаның “Солнце не видно”, “Свобода” трэктері саясиланған мәндегі туындылар еді. Батыс Қазақстанның бұл продюсерлік орталығы “Қазағыма лайықты”, “Елім-ай” альбомдары арқылы өте салмақты тақырыптар мен қоғамдық мәні бар тақырыптарды қозғап жүр. Тақырып талғамдылығы мен мәтін мазмұндылығы тән бұл феномен қазақ рэпінің жаңа сатыға көтерілген түрі. Сол тәрізді G.H.A.Dрэп тобы да мазмұнды трэктерімен ерекшеленіп жүр. Мәселен, Ваgi, Shokhanтәрізді рэперлер лирикалық трэктерді тудыру арқылы өзіндік орын қалыптастырса, Al-Nasr,Shokhan, MC Madi, Ra1, Domalak, Truman, Tarlan тәрізді рэперлер өзінің орындау тактикасы мен техникасы арқылы стиль танытып көрініп жүрген болса, Шyngys, Smitty, Damon, Baller, SunQar Sarmat,Reega, Be.kz тәрізді рэперлер өзінің дауыс ырғағының ерекше болуымен де «мегабайтты» байытып жүр.
Қазақша рэптің дамып келе жатқандығына бірден-бір себеп – тыңдармандардың көптігі. Белгілі бір рэперлердің, лейблдардың өз фанаттары бар, мұның өзі бір құбылыс. Алайда, талғамның жоғары болғаны қашанда қажет... Ал талғамы жоғары тыңдармандарды қанағаттандыру үшін қанаттандырарлық дүние керек екені белгілі. Қазақша рэптен болашақта күтеріміз осы!