Қазақша пернетақта

Пернетақта (клавиатура) ұғымы, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қалыптаса бастағаны белгілі. Жазба мәшинелеріндегі батырмалар орналасу реті, әліпбилік қатар бойынша орналасқан. Кейін бұл орналасу комбинациялары психологиялық талапқа байланысты, өзгертулерге ұшыраған көрінеді. Себебі, сөздерде көп кездесетін әріптер шетте қалып, көп қолданбайтын әріптер саусаққа оңай жететін орында тұруы әділдік емес қой.

 

(Сурет sanasoft.kz сайтына тиесілі)

 

Ағылшын тіліне сай, «QWERTY» стандарты бар, орыс тіліне бейімделіп жасалған «ЙЦУКЕН» пернетақталық стандарты қазақ тіліне таңылуы әділдік емес деген тұжырым шығып тұр.

Пернетақта қазақ тіліне тиесілі, бірақ ең қажетті қазақтың төл әріптері жоғарғы символдар қатарынан орын алып, әріптер қатарынан шығып қалған. Кей әріптер орыс тілінде көп қолданса да, қазақ тілінің сөздік қорында, жоғары символдар қатарындағы әріптерге қарағанда әлдеқайда сирек қолданылады. (Қосымша, татар, беларус, украин пернетақталарына назар аударуларыңызды сұраймын). Бұл әріптер нақты: “Ц, Щ, Х, Ъ, Ф, В, Э, Я, Ч, Ь, Ю” және Ә, І, Ң, Ғ, Ү, Ұ, Қ, Ө, Һ төл әріптеріне қатысты. Пернетақта қазақ тілінікі, қазақтың төл әріптері символдар қатаріна кіріп, әріп санатынан шығып, бүгінгідей кедергілерге ұшырамауы керек. Жоғарыдағы 11 әріп онсызда әріптің қасиетін жоғалтпайды, ол әріптерді қазақ пернетақтасы қолдамағанымен, толып жатқан басқа кирилл әріптерінде жазатын тілдер қолдай береді. Қазақтың төл әріптерін, тек қазақ тілі ғана қолдай алады. Басты мақсат – қазақ тілінің дербес тілдік әріптеріне кедергі туындамауы қажет, бұл табиғи әділдік болар еді дегеннен басқа айтар жоқ. 

 P.S.: мүмкін, алдағы уақытта латынша бекітілген әліпбиге қатысты пернетақтада осы заңдылықтар ескерілетін болар.

 

Автор: Т. Нұржол



Бөлісу: