Қазаққа шырақ қылып бермесем де

Түгесілмес жылдар өтсін, ғасыр өтсін,

Аямастан мейлі қар да, жаңбыр төксін!

Тасқа ойылған сынадай өшпейсің сен,

Өзен-көлді су алсын, таулар шөксін!

 

Танытқан күллі әлемге қазағымды,

Қазақ тілім, тарқатпа базарыңды?!

Кешегінің жалғау үшін болашағын,

Мен тіл жайлы жазғанмын, жазам жырды!

 

Ахмет, Абай, Жамбыл, Сәбит, Қасым,

Тіліміздің домалатты өрге тасын!

Жүсіпбек, Мұқағали, Мағжан, Сәкен,

Жарқ еткен өшпейтұғын олар жасын!

 

Қай қазақ сені ойлап қамықпаған,

Алға, өрге сүйреуден жалықпаған!

Солардың бірі болып бүгін де мен,

Қорғайын да, жырлайын, жолық маған?!

 

Тілім менің кеудедегі тасты тескен!

Жайқалған ағаштайын мәуелі өскен!

Тапсырған болашақты сеніп қолға,

Мына жастар барады қалып көштен!

 

Білмейді Абайды олар, Мағжанды да,

Кешегіні білмегенге бақ жана ма?!

Өзге тілдің он түрін білгенімен,

Тілін білмес жан сияр ма кең далама?!

 

Өкпелеме, бүгінгі жастарыңа,

Сен ренжідің, бірақ олар саспады да.

Сүріп жүр шұбарланған өмірлерін,

Туа сала шұбар тілмен бастады да!

 

Тасты тескен гүлдейін жайқаларсың,

Әлі-ақ, тілім, шың ұшынан байқаларсың!

Өз тілінен сақтанған қазағыңды,

«Қазақ» деп қалай ғана айта аларсың?!

 

Өшпейсің, лапылдайсың, жалындайсың!

Сен менің кеудемдегі жанымдайсың!

«Тілім» деген қазағың тұрған шақта,

Құламайсың, қамалсың, алынбайсың!

 

Жыр тауына өрмелеп көрмесем де,

«Тілім» деген қазаққа ермесем де.

Кеудемде «тілім» деген бір ұшқын бар,

Қазаққа шырақ қылып бермесем де! 



Бөлісу: