Қазақ топырағында туылып, қыпшақ руынан шыққан

Тарихтағы ұлы тұлғалардың бірі, өркениеттің қалыптасуында елеулі еңбектердің авторы, күллі ғаламның «Екінші ұстаз» ғұламасы атанған, батыс пен шығысты бас идірген ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихтан алар орны айрықша. Тарихи деректер бойынша Әл-Фараби Фарабтың өзінде емес, Сырдарияның сол жағалауында орналасқан Фараб маңындағы Весиж  қаласында туған. Қалашық VІІІ-ХV ғасырларда өмір сүрген, уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ғұламаның Отаны Фараб саналып кетті. «Әл-Фараби өмір сүрген уақытта қазақ, өзбек деген болған жоқ. Бірақ Әл-Фараби қазақ жерін мекендеген түркі тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан қазақ халқының перзенті деуге негіз бар» — дейді «Қарекет» хабарында.

ЕСІМІ ҚАНДАЙ МАҒЫНА БЕРЕДІ?

Әбу Насырдың толық аты жөні – Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхамммед Ибн Тархан Ибн Ұзлағ әл Фараби ат Түрки.  Ат-түрки – түркі тегінен шыққанын, Әл-Фараби Фараб қаласынан шыққанын білдіреді. Өзінің есімі – Мұхаммед, әкесі – Мұхаммед, Атасы – Тархан, Бабасы – Ұзлағ есімдерін білдіреді.

Ал Әбу Насыр есімі – «Насырдың әкесі» деген мағына береді екен. Арабтарда баласы жоқ кісілерді «мүсәпір» деп атаған. Тұңғыш баласы дүниеге келгенде есімін әкесінің атына қосып айту үрдісі болған. Ал Әбу есімі – «жәрдемші» деген сөз. Фараби ел билеушісінің қасында біліммен жәрдем ететін болған.

Бала Мұхаммед қаланың медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орын алған Отырар кітапханасынан білім нәрін алып, ғылымға құштар болып өседі.

                           Әл-Фараби Бағдадқа не үшін келген?

Тарихи деректерде Мұхаммедтің  Бағдадқа 50 жасында келгені айтылады.  Орта Азиядан кетпей тұрғанда Шаш пен Самарқан қалаларында болып, Бұхара қаласында оқыған.  Ал Бағдадта «Байт Әл-Хакма»  атты ғалымдар үйі мен ең бай кітапханасы болған.

Әл-Фараби Бағдадта Әбу Башр Ибн Матта Юнустан логиканы үйреніп, грамматиканы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан үйренеді.Тәуіптік (медицина) өнерін Әли Юхань Ибн Хайланнан үйренеді.

Әл-Фарабидің 70-ке жуық тіл білгені тарихи деректерде аталып жүр. Ол тілді біліп қана қоймай, тіл білімдерінің өркендеуіне де өз үлесін қосқан. Оның филология, поэтика, каллиграфия, риторика жөнінде жазылған еңбектері бар. Сонымен қатар математика мен астрономияны жетік білген.

Дүниедегі құбылыс біткенге қызығып, мәдени әлемнің орталықтары Хорасан, Бағдад, Шам, Аллеппода, Каирде болған.

Алғаш нотаны ойлап тапқан

       Әл-Фарабидің әлемге танымал музыкалық теориялар жөніндегі шығармасы – «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегі. Ғалым бұл еңбегінде математикалық есептеулер арқылы музыкалық дыбыстарды жазып, тұңғыш рет нотаны өмірге әкелген. Қазір музыкада жеті нота болса, əл-Фарабидің еңбегінде нота саны — 12. Сол бес нотаны əлі күнге дейін ешкім тапқан жоқ.

Әбу Насырдың ҚЫПШАҒЫ – қазіргі ДОМБЫРАМЫЗ ба?

       … Ұйқысын қандырып, төңірекке көз жіберетін де, бұлақтың тастай суығына жуынып, басқа жұмысқа отырмас бұрын қыпшағын алатын. «Ғасырлар өткен соң ол аспапты «қазақтың домбырасы» деп атайтын болады» —  дейді Әнуар Әлімжанов. Қос ішекті термелей отырып, әупілдек әніне құлақ тосқан күйде таңғы жұпар ауаны көкірегін кере жұтып, ойын бір арнаға түсіріп, өзінің жазбаларын жалғастыруға әзірленетін. «МУЗЫКАНЫҢ ҰЛЫ КІТАБЫ» еңбегі ХV ғасырда латын тіліне, 1930-35 жылдары француз тіліне аударылды.

Мұнда сол уақытта белгілі болған музыкалық аспаптар –  сыбызғы, домбыра, сырнай, керней, қобыз, канун, уд, цимбал (чанг), тамбур, рабаб, дабыл, даңғыралар сипатталған және жүйеленіп көрсетілген. Сонымен қатар ғалымның өзі ойлап тапқан қыпшақ деп аталатын үрленіп ойнайтын музыкалық аспабы да бар, және әлі де пайдаланып келеді. Бұл атаудан Әл Фарабидің тегінің қыпшақ екендігін айқын аңғарамыз. Әйтпесе, оның ойлап тапқан аспабы «қыпшақ» деп аталмаған болар еді. Екінші ұстаз бірқатар әндердің де авторы. Оның әндері қазіргі таңда Иран, Ирак,Түрік және Шығыс елдерінде орындалады екен.

Хижраның 339 жылында, милади бойынша 950 жылы Шам шаһарында Сайфәл Даулат ибн Хамадан сұлтанның қолында, жасы 80-нен асқан шағында ұлы ұстаз дүние салды. Оны сұлтанның өзі бастаған халық шығарып, сол шаһардың сыртындағы Бабус-Сағыр деген мазардың маңына жерледі. Бұл мәлімет ертезаманғы арабша жазылып шыққан шежіре кітаптарында берілген.

 

 

ӘЛ-ФАРАБИ НАҚЫЛДАРЫ

Білімсіз адамгершілік молайтылмайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді.
Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылымы өркен жайған елде тұруы тиіс.
Заңға бағынушылық – мемлекеттің ұйытқысы, рухани түсіністіктің, азаматтар теңдігі мен бостандығының қайнар бұлағы.
Ақыл дегеніміз тәжірибеден басқа ештеңе де емес.
Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет.
Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді.
Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
Мінез-құлық міні рухани кеселге жатады
Мінез – жанның айнасы.
Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болу – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады.
Барлық поэтикалық шығармалар бір нәрсені қиялмен жақсы бейнелеу үшін ғана шығарылған.
Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағалайды ғой. Сондай-ақ басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам…басқа адамнан жоғары тұруы тиіс.



Бөлісу: