Лингвистикалық сұқбат 3
Сонда кәзіргі латындандыру мәселесі басты емес, кейінгі пландағы мақсат болғаны ма? Шын мәнінде біз кәзір, қарыпты ауыстыруға басым назар аудару арқылы, тілдің аса терең де күрделі ақуалын шешуді жайына қалдыратын түріміз бар. Шындығына келгенде, қарыпты ауыстырумен шектелу тілдің қордаланған мәселесін толық шеше алмайды да, шешілмеген лингвистикалық мәселелерді ушықтырып жібермек. Сондықтан қарып ауыстыру – қазақ тілі үшін екінші пландағы нәрсе. Кәзіргі ақуалға байыппен қарасақ, қазақ тілінің бітеу жарасы - емледе!
Біз жазу реформасын қарыпты латындандыру үшін емес, керісінше латындандыру науқанын біз тіліміздің жазу мәдениетін реформалау үдерісіне көндіруіміз керек. Сонда бұл істің үстірт сыйпаты болмайды, нәтиже барынша пайдалы, тиімді болмақ. Және де лингвистикалық бұл әрекет саяси науқан мен құрғақ насихаттан ада болып, діттеген мұратқа дөп жететін боламыз. Әйтпесе, кәзір 40-тан астам латын әліпбиін әзірлеп отырған авторлардың көпшілігі қазақ тілінің мәселесін қарыпты латындаумен ғана шеше қоямыз деген жаңсақ пайыммен жүр. 42 әріптің бесеуін-ақ қысқартып, орфографияны қайта елестетіңізші, соның өзі қанша нәрсенің бұрынғыдан басқаша өзгертуге мәжбүр ететініне көз жетеді. Қазақ тілінің мәселесі - қарыпқа ғана тіреліп тұрған жоқ, орфографиялық тұйыққа тірелу, орфоэпиялық былыққа кенелу арқылы мәселе қордаланған. Сондықтан, қарып ауыстыру саяси науқан емес, тіліміз үшін ең алдымен сәті түскен реформаның сылтауы деген дұрыс.
Қатерлі көпірден өту әдісі
Алайда, бұл мақсат қарыпты латындаудан аса күрделі секілді... Дұрыс байқадыңыз,мәселе шынында да күрделі. Алайда, қалауын тапсаң – қар да жанады. Бұл реформаны, меніңше екі сатыда жүргізген тиімді. Бірінші сатыда, кәзіргі кирилше орыс-қазақ әліпбиден таза қазақша-кирилше аралық әліпби әзірлеп, соған көшу арқылы реформаны баянды ету.
Бұл қоғамды толық есеңгіретпейді, қайшылық пен қарсылық туғыза қоймайды. Бірақ көзтаныс кирилше қарыппен төл әліпби мазмұнын жасақтап аламыз; емлесін тазартып, тілге сіңіреміз; орфоэпиясын қазақылаймыз да, реформаның ең күрделі бөлігін оңай атқарып аламыз. Бұл шамамен 42 әріпті 10-12-ге қысқартуға итермелейді, орысша-қазақша дүбәрә жазым таза қазақша сыйпатқа түседі. Бұнымен бірге, қазақша таза жазуға,таза дыбыстауға қарсы қалыптасқан орысшыл әлеуметтік психологияны қазақ тілінің пайдасына жығып береді. Сөйтіп, кирилшенің зиянын пайдаға айналдырамыз. Келесі, екінші сатыда қарыпты айырбастап, түпкілікті әліпби реформасын аяқтауға болады. Сөйтіп, бірінші саты арқылы басты реформаны кәзіргі кирилше (оны мамандар латын-грек әліпбиі атап жүр) негізде жасақталған әліпбимен жүріп өтеміз.
Ал, егер орфографиялық әрі орфоэпиялық реформа мен қарып реформасын қабаттастырсақ, тіл тұтынушы психологиялық, әлеуметтік, саяси жағынан есеңгіреп, саботаж бен қарсылыққа душар боламыз. Бірден латын әліпбиімен қабат жазу реформасын қолға алсақ, тұтынушы санасын тұйыққа тіреуіміз мүмкін. Ал, қазақ тіліне керек емес, Ь,Ъ,Я,Ю,Ё,Э,Ц,Ч,Щ,И,Һ,Х секілді артық әріптерді қысқарту арқылы ескі қарыппен емлемізді жаңғыртып алу барынша жеңіл жүрмек. Қысқасы, реформасыз қарыпты ғана айырбастау мүмкін емес! Қалай болғанда да біршама қағида мен ереже өзгеріске түседі, тілді тұтыну форматы өзгереді, бұл дегеніміз – бәрібір реформа. Біз кәзір – қазақ тілін орыс тілінің ықпалымен ғана қолданып жүрсек, бұдан әрі тәуелсіз лингвистикалық жүйеге көшкен қазақ тілін тұтынатын боламыз.
Емле реформасының нәтижесінде қандай жазуға ие боламыз? Сауатты жазуға оңай, ережелері қарапайым әрі орындауға жеңіл, қайшылығы жоқ, бұралқы ережеге бағынбаған емлеге ие болуды мақсат ету керек. Сосын айтым мен жазымның арасы барынша жақын болғаны абзал: «итті» жазып, «доңызды» емес, «итті» оқуымыз керек. Кәзіргі заманда тіл неғұрлым жазу мен айтуды қолдануға жеңіл болса, соғұрлым үйренуге оңай болады да, оның үйренушілері көп болады. Біздің тап кәзіргі арманымыз – қазақ тілінің ортасы мен ауқымы тез арада кеңитіндей жағдай ғой. Жазу реформасы соған қол жеткізетіндей болуы керек.
Сұхбаттың жалғасы бар.