Қазақ тіліне үлес қосқысы келетін жастар ұстануы тиіс 5 қағида

Қазақ тіліне үлес қосқысы келетін жастар ұстануы тиіс 5 қағида
жеке
блог

Тіл дегенде тебіренбейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Қазіргі таңда тіліміздің дамуы ақсаңдап келе жатқаны өтірік емес және ол кемшілікті ұрандатқанда көпшілігіміз алдымызға жан салмаймыз. Ең қызығы,мұндайда кінә көбіне өзгелерге тағылады. «Тілдің дамымай жатқанына үкімет кінәлі!», «Тіл дамымай жатқанына өзге тілді қазақтар кінәлі!», «Тілдің дамымай жатқанына, тіпті, өзге мемлекеттер кінәлі» дейтіндер жиі кездеседі. Ал енді сол тілдің дамуы үшін мен қандай іс жасауым керек деген сұрақты өз-өзіне нақты қойып жатқандар тым аз.

Бұл жазбада қазақ тілінде жазылуы керек оқулықтар мен түрлі кітаптар жайлы сөз қозғамай-ақ қояйын, себебі ол аға буынның мойнына жүктелетін жұмыстар. Мен жазбамды жастарға арнағым келеді. Күнделікті өмірде ана тіліміздің дамуына артық ешнәрсе істемей-ақ жастар қандай үлес қоса алады? Қазақ тіліне үлес қосқысы келетін жастар күнделікті өмірде ұстануы тиіс 5 қағидасы:

1. Таза сөйлеу. Бұл аса байқалмаса да, үлкен мәселе. Біз көбіне, "Ой, кей қазақты қазақша сөйлете алмай жүргенде, менің орыс тілді араластырып сөйлейтініме қарап қалдың ба?" деп ақталып жатамыз. Тілді білгенің — оны жетік меңгергенің емес. Сол себепті қай кезде болсын орысша "жаргон" сөздерді қоспай, барлық "паразит" сөзді қазақша көркем баламаларымен алмастыруға тырысу керек. Қазақ тілінің сөздік қоры бай екенін ескерсек, мұны жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Сөйлемді бірнеше тілде шала-пұла құрағаннан, таза қазақша құраған естір құлаққа майдай жағары сөзсіз.

2. Боқтамай сөйлеу. Бұл "Естір құлаққа майдай жағу" дегеннен шығады. Таза сөйлеу — тілге "Давай, ок, базара нет, красава, молодец, да ну, так" деген сияқты "паразит" сөздерді араластырмау ғана емес, сөйлем арасына боқтық сөзді қоспай сөйлеу. "Менің боқтап сөйлеуімнің қазақ тілінің дамуына қандай қатысы бар?" дерсіз. Бар болғанда қандай. Бірде қазақ тілін білмейтін бір жігітпен сөйлесіп отырып, одан тіл білмеуінің себебін сұрадым. Ол әдеттегідей "...үй, балабақша, мектеп, оқу орны, араласатын орта..." деп жауап берді. Ал үйренуге не кедергі деген сұрағыма бірнеше кедергіні тізіп көрсетті. Соның ішінде "Көшеде кезіккен қазақтардың боқтап сөйлейтіні ұнамайды. Маған кейде бұл тіл тек боқтау үшін арналған сияқты көрінеді. Қай тіл болмасын, боқтық сөздерін бірінші үйренесің ғой. Мен, мысалы, қазақша сөйлей алмасам да, боқтай аламын" деген нұсқа да бар боп шықты. Иә, боқтық сөздің тіл дамуына осындай қатысы, яғни кедергісі бар екен. Айтқан ауызға байқалмағанымен, естір құлаққа жағымсыз бұл сөздер көп адамның тілді үйренуіне кедергі келтіріп жүр. Сондықтан боқтық сөздерді қолданбай сөйлеуге машықтаныңыздар. Оның үстіне сөз арасындағы боқтықтың ешкімге абырой әкелмейтіні тағы бар...

3. Таза жазу. Әлеуметтік желі қолданысқа енгелі бері бұл әңгіме жиі талқыланатын болды. Көпшілігіміз аса мән бермейміз, бірақ төл әріптерді қолданбай жазуды мамандар үлкен мәселе ретінде қарастырады. Бұл ретте жастарға Ермек Зақарияның сөзімен үндеу тастайын: "Желіде өз тіліңді жерге таптатпай, қазақтың төл әріптерімен, қатесіз жаз!"

4. Әлеуметтік желілердің қазақша интерфейсін пайдалану. Көпшілігіміз әлеуметтік желіде отырамыз, бірақ неге екені белгісіз, сол әлеуметтік желілердің қазақша интерфесін қолданатындар саны аз. Мысалы, қазірдің өзінде "Facebook", "Vkontakte", "Мой мир" сынды желілер қазақшаланған. Тілді баптаулар арқылы ретке келтіруге болады. Бастапқыда кей сөздерді түсінбей қиналуыңыз мүмкін, алайда уақыт өте үйреніп кетесіз. Керек десеңіз, қателерді желі басшылығына хабарлап, түзетуге өтініш білдірсеңіз де болады. Әлеуметтік желілердің қазақша интерфейсін пайдалану арқылы сіздер тілімізге деген қажеттілік бар екенін бүкіл әлемге жария етесіздер. Соны көрген басқа да желілер өздерінің интерфейсін қазақшалауға тырысатын болады.

5. Бейтаныс адамдармен қазақша сөйлесу! Өзара қазақша сөйлескенімізбен, бейтаныс адамдарға келгенде сөзді орысша бастайтын жаман әдетіміз бар. Алдыңызда қай ұлт өкілі тұрса да сөзіңізді қазақша бастауды үйреніңіз. Егер түсінбей жатса, қайталап орысша сөйлеуде тұрған еш әбестік жоқ. Бастысы сіз шаршамай, әрдайым солай істеңіз. Уақыт өте сіз сияқты бірнеше адамға кезігіп, ол адам қазақша түсінбейтінінен өзі шаршап, тілімізді үйренуге ниет білдіретін болады.

Былай қарасаңыз айтарлықтай қиындығы жоқ 5 қағида! Бәріміздің қолымыздан келеді. Егер осы қағиданы бүкіл қазақ тілді жастар ұстанса, уақыт өте қоғамымыз түгелімен қазақшаланбақ. Тағы бір айтқым келгені, тек бұл қағидалармен шектеліп қалмаңыздар! Ана тілімізге келгенде «қырсықтау» болайық! Бастысы шектен шықпау.