Қазақ тілін меңгеру мүмкіндіктері туралы үздік жарияланым байқауының жеңімпазы алтын құймаға ие болады

Қазақ тілін меңгеру мүмкіндіктері туралы үздік жарияланым байқауының жеңімпазы алтын құймаға ие болады
жеке
блог

Қазақстандық БАҚ пен блогерлар арасында мемлекеттік тілді меңгерудің мысалдары мен инновациялық әдістері туралы бірінші дәстүрлі үздік жарияланым байқауы іске қосылды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңге. Жеңімпаз 50 грамм салмағы бар алтын құйма мен ақшалай жүлдеге қол жеткізеді.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді игеру мысалдары мен инновациялық әдістері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат тарату және халықтың қазақ тілін меңгеруге деген ынтасын арттыруға ат салысу.

«Қазақстанның Медиа Альянсы бұл байқауды түрлі себеппен қолдап отыр. Менің ойымша, қазақ тілін игерудегі басты түйткілді мәселе – дұрыс әдістемеліктің жоқтығы. Тиімді жолдар көрсетілмеген соң, мемлекеттік тіл де меңгеріліп қарық болып жатқан жоқ», – дейді Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы Әділ Жәлелов.

Байқауды ұйымдастырушылар қазақ тілін игерушілер арасында тәуелсіз сарапшылар жүргізген зерттеуге сүйенген. Сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы білім мекемелерімен қатар мемлекеттік тілдің дамуына БАҚ та орасан үлес қоса алады деп санайды екен. Сонымен қатар, респонденттер қоғамдық институттар (шамамен 51%) мен бизнестің де (шамамен 63%) аталған процесте маңызды рөл ойнайтындығын атап көрсетті.

«Бізге тілдің қалай дамып жатқандығы, қандай әдістемеліктердің, қандай оқытушылардың бар екендігі туралы ақпарат жетпей тұрғандай болып көрінеді. Тіл үйренудің іш пыстырмайтынын, керісінше оның тартымды екенін, қызықты екенін көрсету керекпіз. Байқауды тұрақты түрде өткізу ойымызда бар, келесі жылы жаңа форма, жаңа аудиториямыз болады деп үміттенемін», – дейді «Арнау» тіл мәдениетін дамыту орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Арнұр Мамытбеков.

Байқау әділқазылары мақала, видеосюжет, фоторепортаж, блог жазбасы және инфографика форматтары бойынша келіп түскен жұмыстарды қарастырады.

Әр автор немесе авторлар тобы таңдалған номинация бойынша бір жұмыс ұсына алады. Үміткерлер материалдары «Мерзімді баспасөздегі үздік жарияланым», «Online БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Үздік блог жазбасы», «Үздік видесюжет», «Үздік фоторепортаж» атаулары бойынша сынға түседі.

Байқау жұмыстары қатарына қызықты әдістемелер туралы ғана емес, қазақ тілін меңгеруде өзгелерге көмек беріп жүрген тұлғалар жайында сөз қозғайтын жарияланымдар да кіре алады.

Байқау 2012 жылдың 1 сәуірі мен 31 қарашасы аралығында өткізілмек. Шараға 2012 жылдың 1 наурызы мен 1 қарашасы аралығында қазақ немесе орыс тілдерінде жарық көрген материалдар қабылданады. 2 қарашадан кейін сараптамалық кеңес байқау қорытындысын шығарады.

Толығырақ "Арнауда".

kk.kloop.kz