Өте шалғайда орналасқан мәлім жердегі "Дерексіз ауылының" үш қас батыры: Намыс, Ақыл, Бірлік үшеуі дауласып, данагөй Уақытқа жүгініпті. Ол үшеуінің дауы "Қазақ тілін құтқаруға кім қауқарлы?" болатын.
Бұдан біршама уақыт алдын, адамзаттың санақ жүйесімен есептегенде шамамен II ғасыр бұрын "Бейбітшілік Хандығына" көп жылдар бойы көз тігіп, торуылдап жүрген ашкөз қарақшылар бейбіт елдің үстінен түсіп, күл талқанын шығарған еді. "Табиғат байлықтарын" құл етіп, "Кең-байтақ жерлерін" күң етіпті. Солардың арасында бүтін бір елдің тірегі, данышпан ақсақалы "Қазақ тілі" патша да тұтқында тұғын.
Ұзынқұлақтан естуімізше, зұлым қарақшылар ми қайнатар ыстықта "Ұлтжоймақ" деген алып құбыжықтың төсіндегі қалың "орыс тілі" бөлігін кесіп алып, "Қазақ тілі" патшаның басына кигізіп, мәңгүрт қылмақшы-мыс. Ондағы мақсаты айрандай ұйыған "Бейбітшілік Хандығын" бөлшектеп жою болатын. Ал олардың құйтырқы жоспарына әрдайым кедергі беретін "Қазақ тілі" патшаның жан жолдасы, сенімді серігі, даңқты ел қорғаушы "Қазақы мәдениетті" "Барсакелмеске" аттандырыпты. Дей қойғанмен нағыз батыр оңай жеңілсін бе?! "Қазақ тілі" патша дұшпандар тарапынан қаншама уақыт бойы азап шегіп, мәңгүрт бейнесіне түскенімен әлі өзінің шығу тегін, кім екенін ұмыта қоймапты.
Енді осы үш қаһарман Патшаны құтқарып, "Бейбітшілік Хандығын" қайта аяққа тұрғызуды мақсат тұтып келіп тұр екен. Тек алдымен мұндай маңызды, аса ауыр жауапкершілікті мойнына алуға кім лайықты екенін анықтап алмақ. Сөз уәжін Намыс бастады:
- Ұлттық мәртебенің тұщылануын айқындаушы және адамзатты өз құндылығы үшін күресуге итермелеуші, жігерлендіруші - менмін. Бар күш-қуатын Отаны үшін сарыптауға себепкер де, қайратына қайрат қосушы да - менмін. "Қазақ тілі" патшамызды құтқаруға мен ғана лайықтымын,-дейді.
- Жоқ!-деді Ақыл,-сендердің Отан алдында борыштар екендіктеріңді еске салып тұрушы, халқымыздың "Қазақ тілі" патшасына мұқтаж екендігін сездіруші - менмін. Оның үстіне дұшпандарымыз аса қуатты. Оларды қара күшпен жеңу екіталай. Сондықтан да сендердің "Қазақ тілі" патшамызды менсіз құтқармақ болғандарың бос әурешілік.
- Иә!-деп сөзін бастады Бірлік,- Ақыл, сенің қаруың-айла, жоспар, сан түрлі әдістер. Намыс, сенің қаруың - қайтпастық. Алайда жалғыздың шаңы шықпас деген бар. Менің әмірім жүргенде ғана барша азаматтардың мақсаты айқындалып, жауға ауыр соққы бере аламыз. "Қазақ тілі" патшамыздың өзі менсіз тірлік болмастығын айтып кеткен емес пе?! Сондықтан "Қазақ тілі" патшамызды құтқаруға мен ғана қауқарлымын!
Үшеуі уәждерін аяқтаған соң данышпанның шешімін күтіп, оған құлақ түрді. Дана Уақыт көзімен алысты көздеп, ұзақ ойланды. Сосын Намысқа көз тастап:
- Намыс, сенім мен рух сыйлап, жеңіске деген ұмтылысты күшейтуші - өзіңсің. Дегенмен Ақыл болмаса сен тек өздік намысты ойлап, өз қара басыңның абыройын өзге құндылықтардан артық көрер едің. Ал Бірлік болмаса, сенің халық сеніміне кіруің, ел арасынан сап етіп көзге түсуің екіталай,-дейді. Енді Ақылға бет бұрып:
- Сенің күшіңе, айла-тәсіліңе барлығы мұқтаж екені мәлім. Алайда Намыс болмаса, сен жігерсіз әрекет етіп, тез берілер едің. Егер Бірлікпен бірге әрекет етпесең, сенің еңбектенгенің бір тиын,- дейді де Бірлікке көз салады:
- Сен, Бірлік, барша елдің ұйытқысы - өзіңсің. Бірақ Намыс пен Ақыл болмаса, сен өз атыңа лайықты болмас едің,- деп сөзін аяқтайды да сәл кідіріп:
- "Қазақ тілі" патшаны құтқарар қасиетті Қыран болса, Ақыл-сен оның басысың, Намыс-жүрегі, ал Бірлік-қанаты. Сендер бір-біріңсіз ешкім емессіңдер. Үшеуің біріккен жағдайда ғана құдіретті күш тудырасыңдар. Барлығың бірге күрессеңдер ғана, жаудың сендерге қайтарар күші қауқарсыз қалады. Мен оған кәміл сенемін,- деп сөзін топшылайды.
Данышпанның сөзінен кейін (адамзаттың санақ жүйесімен есептегенде шамамен 24 жылдан бері) үшеуі "Қазақ тілі" патшаны құтқаруға, "Қазақы мәдениет" батырды елге қайтаруға қамданып кетті. Ұзынқұлақтың айтуынша, үш қас батыр әлі күнге дейін жауға қарсы соққы беріп, жеңілмей келе жатыр екен.
Авторы: Атаханов Бөріхан