«Қазақ тілі – ұлт айнасы»
блог
Әрбір халық үшін ана тілі – баға жетпес қазына. Біздің ана тіліміз қазақ тілі болғандықтан, еліміздің рухани, әрі мәдени ұлы қаруы саналады. Ұлт бейнесі, сан тарау жолды артта қалдырған тамыры терең тарихы тіліміздің жарқын келбетін сипаттайды. Қазақ тілі – халқымыздың дәрежесін көтерудегі ұлы күш. Отансүйгіштік ұғымын түсінудегі алғашқы қадамның бірі – ұлттың ана тілін тану, үйрену, дамыту. Ана тілін білмеу – ұлттың өткені мен бүгініне салғырттық танытумен тең. Егер, халқымыздың келешегіне зор үміт артар болсақ, сол жолда ана тіліміздің маңызын ұмытпаған жөн.
Сіз білесіз бе? Өз ана тілін қадірлей алған ұлт әрқашанда мәдениеттіліктің асқақ шыңында болады. Тілінің мәртебесін биік ұстайтын ел үшін болашақтың бейнесі айқын болмақ. Бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болған ойшыл гуманист Шыңғыс Айтматов былай деген екен: «Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді». Тілін ұмытқан халықтың ертеңі бұлыңғыр болмасына ешкім кепілдік бермейтіні рас. Сол себепті де, кез-келген ұлттың болмысын оның ана тілі, тарихы, діні, жалпы ұстанымы айшықтап көрсетеді. Сан қилы жолдың бір арнасында тоғысқан біртұтас халықтың байлығы, құндылығы осы ұлттың тіл еркіндігі мен тіл байлығы сарқылмас қазынаға айналуы тиіс. Менің танымымда, тіл мәселесі қай ұлтта болмасын, аса салмақты, зерделі түрде талқыланады. Қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеру, қоғам санасында тіл ерекшелігін қалыптастыру үлкен жоспарға айналып отыр. Қоғам арасында ұлттық болмысымызды қалауда жастардың ана тілін жетік білуі, еркін қолдана алуы аса үлкен маңызға ие болуда.
Қазақ елінің болашағын кемелдендіру мақсатында өскелең ұрпақ буынына айтарым, ел ертеңінің жарқын болуы біз сияқты талапты жастардың қолында екенін естен шығармайық! «Ел болам десең, бесігінді түзе» деген қанатты сөз тектен тек айтылмаса керек... Қазақ тілін асқақтату, ұлт мүддесін сақтау және біртұтастығымыздан таймау алдағы басты мақсатымыз. Ата-баба сенімін ақтау жолында халқымыздың бірлесіп жұмылдырған күшінің арқасында ел егемендігі мәңгі болмақ деген үмітім бар. Қазақ еліне деген махаббатым, ана тіліме деген құрметім мен ізгі тілегім менің санамнан өшпейтінін үлкен сеніммен айта аламын.