ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛЕМІНДЕГІ ДУАЛДЫ ӘЛІПБИЛІК МӘСЕЛЕ
ӘУБӘКІР Дәуренбек Әзенұлы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы
«Ноосфера және Тұрақты даму» Экологиялық білім беру орталығы.
E-mail: segiz-seri@yandex.ru
Анонс: 2018 жылдың 19 ақпанында арнайы жарлықпен бекітілген латын харпіне көшу – Елбасының осы мәселеге бағытталған бүкіл идеясын жарға жығады, сондықтан да оны енгізуді күрт тоқтатып, жаңалау керек!
Ілмек сөздер: диграфтар, апострофтар, акуттар – тіл бұзарлар!
Аннотация. Как известно, наш Президент, включившись сам в процесс перехода на латинскую графику в казахском языке, трижды утверждал латинский алфавит. По истечении времени стало ясно, что и третий раз он поспешил со своим решением. Разумеется, до 2025 года далеко, но это на первый взгляд. Процедура перехода на другой алфавит – очень долгий и трудоемкий. Поэтому, нам всем особо спешить не надо, но и медлить не надобно. Мы по долгу своей специальности о казахскоязычной латинице начали думать с начала 90-ых, и разработали более десяти вариантов латиницы, поэтому мы раньше других переболели «болезнями левизны» в этом деле. Но, заметим, что мы не думали вначале о полном переходе, а всего лишь – о техническом варианте.
Ключевые слова. волапюк, транслитерационные знаки, международные английские фонетические-транскрипционные знаки, закон сингармонизма, диграфы, апострофы, акуты
Abstract. As is known, our President, having joined himself in the process of switching to the Latin script in the Kazakh language, three times asserted the Latin alphabet. After the lapse of time, it became clear that the third time he hurried with his decision. Of course, it’s far until 2025, but at first glance. The procedure for switching to another alphabet is very long and laborious. Therefore, we all don’t need to hurry too much, but we don’t need to hesitate. We are on the duty of our specialty about the Kazakh-speaking Latin began to think from the beginning of the 90s, and developed more than ten variants of the Latin, so we had other diseases of the left before the others. But let us note that we did not initially think about the full transition, but only about the technical version.
Keywords. volapyuk, transliteration signs, international english phonetic transcription signs, the law of sinharmonism, digraphs, apostrophes, acutes
Кіріспе. Бұл мәселені талқылауды 1991-де бастап, он үш жылдай уақыт өткен соң доғарып қойған едік. Бұл іске әрқилы салалардың мамандары атсалысты. Бүкіл еліміздің жер-жерінде басталып, Алматыда шиырыла түскен бұл үрдіс жаңа елорда Астанада заңды жалғасын тапты. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да 2001-2004 жылдары аралығында жаңа латын харпіне негізделген әліпбиді таңдауға бағытталған мамандардың бірнеше алқалы жиындары өтті, солардың ішінен университетте ұйымдастырылған екі бірдей "Дөңгелек үстелді" бөле-жара айтуға болады. Оның бірі 4.03.2001 күні өтсе, екіншісі 14.02.2002 күні өткізілді. Бұл шараларға Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали сынды халқымыздың аяулы азаматтары қатысқан еді. Тіптен, Рымғали-ағаның «сендер басқа әріптермен не істесеңдер де – өздерің білесіңдер, бірақ “Қ” әрпін һәм дыбысын орнынан қозғамаңдар!» – деп, ақыл қосқан еді. Солардың арасында тағы да сол университетімізде 2001 жылдың 18-19 мамырында өткен ҚР 10-жылдығына арналған халықаралық "Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер" ғылыми-теориялық конференциясында М. Өтелбаев пен Д. Әубәкір жасаған "Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені" аттас баяндамасы радио арқылы бүкіл Республикамызға таратылды. Бұл баяндамада да қазақы латын әліпбиін таңдау мәселесі сөз болған еді. Сайып келгенде, төл тіліміздің мемлекеттік мәртебесін кәсіби ортада, техника мен технологияда өзіне тиесілі деңгейіне көтеру жолдарын таңдау үшін мынадай шешім қабылданған:
Қазақ әліпбиі етіп кирилдік алфавитпен қатар латын харпін қолдана бастау қажет; бес-он жыл өткенше таңдалған латын жазуын компьютерлік және техникалық байланыс жүйелерінде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl, Mobile жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде және оқу, білім беру ісінде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын!
Асыққан бұл мәселеде – жарға жығады, соның кеселін өзбектер тартып жүр емес пе – бір емес, үш мәрте қайта жаңғыртса да, осы күнге шейін латынға көше алмай сарсаңға батты.
Сондықтан да, Елбасының 2025 жылға дейін дегені әбден құптарлық шешім.
1. Латынға негізделген қазақ әліпбиін таңдаудың талаптары
Бұл істе таңдаумыз – екі жол болмақ:
1) Латын әліпбиіне түпкілікті көшу;
2) Кирилдік әліпбиде қалып қою.
Бұл екі жол – біздің таңдар жолдарымыздың "ең шеткілері" – деп есептей отырып, "ортаңғы" – "күре тамыр" жол іздесек қалай болар екен? Мысалға:
3) Кирилдік әліпби мен қазақша техникалық латынды дуалдылық қағидасына сүйеніп, қатар пайдаланайық.
Түпкілікті таңдауды болашақтың құзырына қалдырайық.
Енді осы "күре тамыр" жолды былайша тарқатып көрейік:
3-а) Компьютерде, компьютер жиі қолданылатын жүйелерде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl, Mobile жерсеріктік коммуникацияларда, теледидар, телеграф, телетайп жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын; өзіміз таңдап бекіткен ағылшын таңбаларын қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі ретінде, яғни "волапюк" рөлінде қолданайық.
3-ә) Мектепте төменгі сыныптардан бастап латиницаны үйретейік (ағылшын тілімен бірге). Қазақ сөздерін ағылшын әріптерімен жазуды ойын ретінде (компьютердегі ойын ретінде) үйрете бастайық.
3-б) Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесін қазақ тілінің компьютерлік-мағлұматтық және байланыстың техникалық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару ісін жүргізудегі жазба таңбалары деп қабылдайық.
3-в) Басқа жағдайларда кириллицаны әзірше қолдана берейік.
Осыдан кейін "әліптің артын" бағайық. Болашақ ұрпақтарымызға өздері біржола түпкілікті таңдауын жасап алуына мүмкіндік қалдырайық.
Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі бола ма, әлде қабылдануға тиіс әліпбидің өзі бола ма, әйтеуір ауыстырмас бұрын терең зерттеп, мұқиат таңдауды талап етері хақ. Бірақ, әліпбиге қарағанда транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдаудың "жарасы жеңіл" болады-ау деп пайымдаймыз, өйткені транслитерациялық таңбалар жүйесін қазірдің өзінде аса көп ойланбастан қабылдай тұрып, кейін уақыты келгенде оны әбден жетілдіріп, түрлендіріп, өзгертетін жерлері болса түзетіп, түпкілікті әліпбиге айналдырып алуға болады ғой демекпіз. Себебі, бүгіндері қазақ тілінің дыбыстық жүйесі тыңғылықты түзілмей отыр [1], оны жүйелеу үшін уақыт қажет. Ал транслитерациялық таңбалар жүйесін мемлекеттік деңгейде стандарттап алу – уақыт күттірмейтін шараға айналатын күн туып тұр!
Енді осы транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдау жайында біраз ой саралап көрейік.
Латын әліпбиіне көшетін болсақ, оны тиімдірек атқару үшін кем дегенде мына екі талап-қағиданы ұстану қажет деп білеміз:
І қағида: Техникалық әліпби де, түпкілікті әліпби де тек қана ағылшын таңбаларынан не халықаралық ағылшын фонетикалық-транскрипциялық таңбаларынан (ФТТ) тұруы қажет, яғни қабылданатын әліпбиде ағылшын тіліне арналған латын әліпбиінен басқа әліпбилердің таңбалары болмауға тиіс, және де әріптердің орналасу реті ағылшын тіліндегідей болуы тиіс. «Бір фонема – бір графема» қағидасына сай құрылып, «... ешқандай айдарша, құйрықша қоспалары қолданылмауға тиіс» (Елбасының ең алғаш қойған талаптарынан!).
ІІ қағида: Қазақ тілінде сөздер естілуімен жазылады; осыған мейлінше жақын халықаралық деңгейде орын алып отырған латын әліпбилік таңбаларын транскрипциялық оқу – ауызша айту жүйесін өз тілімізге оңтайлы етіп алуға жол ашылуы тиіс. Демек, балалар бүлдіршін жасынан бастап ағылшын әліпбиін екі тіл үшін (қазақ, ағылшын) бір ғана рет жаттап үйренгені дұрыс болар еді.
2. Ұсынылатын латынның XI нұсқасы
Көп ойланып, көп толғанып, соңғы жасаған нұсқамыз (оны біз М. Өтелбаев пен К.О. Ерғалиева және Д.Ә. Әубәкірдің XI нұсқасы дейік: 1-кестені және де сонымен сыбайлас 1-1, 1-2, 1-3-кестелерін қараңыз, ол бұрынырақ жасалған І-X нұсқаларды ескере отырып жасалды: бұл жерде берілмей отырған X нұсқаға дейінгі қалған нұсқаларды мына жарияланымдардан көруге болады [2]-[4].
Орыс тілінен енген кірме сөздерде бұлардан басқа дыбыстарды қолдану қажет болса, онда осы кестелерге енбеген дыбыстар үшін орыс тілінде қолданылып жүрген орыс-латын транслитерациялық таңбалар жүйесін («волапюгiн») пайдаланамыз. Егер де бұл дыбыстар қазақ тілінің дыбыстық жүйесін стандарттау кезінде тілде қалдырылатын кірме құрамдас дыбыстарды белгілеу үшін мына латындық қосарлы таңбалар тіркестері ұсынылады, бұнда іj, yj қосарлылықтарын жоғалтатын жағдайлар ескеріледі, мысалға, “И” дыбысы сөзде тиісінше “І” не “Ы” дыбыстарынан кейін тұрса (бұл ережелер әлі де түгенделеді!): tyjyn, tijin, kyjys, xyjyn (1-2-кестені қараңыз!).
3. Әлімхан Жүнісбек тәлімінен кейінгі жаңа нұсқа
Белгілі тіл маманы Әлімхан ЖҮНІСБЕК ағамызбен бірер жылдай жақын танысып, ол кісінің латын графикасына төл тілімізде көшу-көшпеу туралы пайымдауларымен танысқаннан кейін нұсқамызды қайта қарауды жөн көрдік.
4. Таңдалған нұсқалардың ерекшеліктері
4.1 XI нұсқаның ерекшеліктері (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)
1-ші: латынның “H/h” харпімен қазақ әліпбиінің “Ң/ң” әрпін таңбалауға ұйғардық; тиісінше қазақ тілінде үш-төрт сөзде кездесетін “Һ/һ” тиісінше “Х/х” алмастырылды деп есептелетін болсын: қаһар – қахар, жауһар – жаухар, қаһарман – қахарман, жаһан – жахан, баһадүр – бахадүр, жиһаз – жихаз;
2-ші: латынның “C/c” харпімен қазақ әліпбиінің “Ш/ш” әрпін таңбалауға ұйғардық; бұл өз кезегінде “Щ/щ” әрпін орыс тіліндегідей 4 латын харпімен shsh емес екі-ақ харіппен cc деп жинақы белгілеуге жол ашады және де ол үшін оны арнайы әріп деп санамауға болады: accy, tuccy, kecce, pecci;
3-ші: латынның “W/w” харпімен қазақ әліпбиінің “У/у” әрпін таңбалауға ұйғардық; бұл шешімнің мәнісі арнайы негіздеуді қажет етпес;..
4-ші: фонемнің жуан айтылуын “Б”, “К”, “П” үш дауыссыз дыбысының латыншасына латынның “h” харпiн қосақтау арқылы қамтамасыз етуді ұйғардық (1-3-кестесі), ал “Ң” дыбысы жоғарыдағы үшеуге ешқашан жалғаспайды;
5-ші: тіліміздегі сингармонизм заңына сәйкестікті ескеру мақсатында “и” дыбысын ұяң-жуан айтылуларына қарай екі түрлі латынша қосарлы харіптеуге ұйғардық: 1-2-кестені қараңыз! Түбегейлі латынға көшкен жағдайда бұл дыбысты бөле-жарып айтудың қажеті болмай қалуы да ғажап емес, өйткені “j” өз нормасымен емлелік ережелерге сай қолданылатын болса, онда “и” дыбысы кірме сөздерде ғана қалады да, бұл жерде кірмелік ереже күшіне енеді.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК ағаның төл тіліміз жәйлі зерттеулері мен айтқандары іс жүзіне асатын болса, яки осы күнге дейін стандарттауға көнбей келе жатқан қазақ тілі фонемасы мен графемасы жүйеленіп, өз стандартын алатын болса, онда солай жаңғырған төл тіліміз үшін түбегейлі латын графикасына көшу заңды түрде қолға алынар еді. Міне, осындай жағдай үшін біз XI нұсқаны ұсынбақпыз. Ағаның өзі де дайындаған латын әліпби нұсқасы бар екен [5].
6-шы: Төл тілімізде 28 (+1) дыбыс қалады - 9 дауысты: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө және де 19 дауыссыз: Б [бы], Д [ды], Г [гі], Ғ [ғы], Ж [жы], З [зы], Й [ый], Қ [қы], К [кі], Л [ыл], М [мы], Н [ны], Ң [ың], (Һ [һы]), П [пы], Р [ыр], С [сы], Т [ты], У (w) [ұу], Ш [шы]; мұндағы дыбысталу ЖҮНІСБЕКШЕ алынды; сондықтан қазақы латын әліпбиін құрастыру - осы дыбыстарды латын графикасында өрнектеуге барып тіреледі; ағылшын латын әліпбиінде 26 таңба; олай болса 2 таңба жетіспейді; бұл проблеманы шешу жолын 1-1-кестеде көрсетіп отырмыз; мұндағы Һ [һы] дыбысын ЖҮНІСБЕК аға ескермей кеткен!
7-ші: Тілімізге жетпіс жылдай қызмет істеген 11 дыбысты 1-2-кесте мен 1-3-кестеде көрсетілгендей екі топқа бөліп, «волапюк» ретінде пайдалануды ұсынамыз; және де біз орыс-латын «волапюгiн» азғана өзгертіп алғанды жөн көрдік: “И” мен “Щ” қатысты себебін біз жоғарыда айттық; ал 1-3-кестедегі 3 дыбыс орыс тілінің төл дыбыстары болғандықтан оларға латынның қосарланған әріптерін өзімізге таңдауға тура келді; “Ф” дыбысы ағылшын тілінде дәл осылай ph дифтонг (диграф) ретінде саналады;
8-шы: 1929 жылғы қазақ тілінде қабылданған латын әліпбиінде “Қ/қ” әрпін латынның “Q/q” харпімен таңбаланған, бұл нұсқаға келісуге болар еді (“к” дыбысына “k” қалдырып!), бірақ ол сонша қағидалы шешім болмас. Өйткені .kz сайттар мен электрондық пошталарда домендік рөл атқарады және де KAZ – ұлттық валютаның белгіленуі халықаралық деңгейде әбден қалыптасып қалған (бұларды орыс тілі тұрғысынан таңбаланған деп қабылдамай, енді – төл тіліміз тұрғысынан бекітілді десек, еш оғаштығы жоқ деп білеміз!).
1-Кесте
1-1-Кесте
Мінеки, «бір дыбыс – бір таңба» қағидалы, талаптарға сай осы 28 харіппен XI нұсқаның қазақы латын әліпбиі тәмамдалады. Қалған таңбалар орыс тілінен және басқа кирилл әліпбиіндегі тілдерден кірме сөздерде ғана қолданылады, яғни 1-кестеге жатпайды.
9-шы: 1-1-Кестедегі “Ә/ә” мен “Ө/ө” әріптерін белгілеуге дәл осылай “Ә/ә” тиісінше “Ө/ө” түрінде жазылатын халықаралық ағылшын фонетикалық-транскрипциялық таңбаларын (ФТТ) аламыз, онда 1-кестеге 27-і, 28-і екі жол қосылып, 1-1-кесте қажет болмайды. Бұл шешімнің тағы бір пайдасы латын-қазақ мәтіндері бірден «мен-мұндалар» еді.
4.2 Енді бір XII нұсқа ұсынылады (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)
Академиктер Мұхтарбай Өтелбаев пен Асқар Жұмаділдаев мынадай ескертпе-ұсыныс айтқан еді: “Ә” мен “Ө” дыбыстарын белгілегендей “Ң” дыбысы да ФТТ таңбасымен әдемі жазылады, неге соны да әліпбиге енгізбеске! Иә, ондай таңба бар “Ŋ/ŋ”, оны жаңа әліпбиде қолдануға болады: 2-кесте. Олай етсек, 1-кестедегі “H” харпі босайды, біз оны төл тіліміздегі “Һ/һ” дыбысына 2-кестедегідей телиміз (сөйтіп, оны қалтарыста қалдырмай мәртебесін көтереміз!).
Осы “H” харіпке байланысты тағы бір мүмкіндікті айтқымыз келеді: орыс тілінен енген “Ч” дыбысы мен харпін шынымен де төл әліпбиімізде қалдырғысы келетіндерге осы “H” харпі таптырмас шешім болмақ, яғни “Ч/ч” әрпін “H/h” харпімен белгілейміз, яки “Һ/һ” баяғыша шеттетіліп қалмақ (8´-қатар: 2-кесте). Автор өз жанынан қосатыны: “Ж/ж” әрпін ағылшынша ФТТ жүйесінде белгілейтін фонетикалық таңбалар да “Ӡ/ӡ” жазылуы әдемі, ал дыбысталуы “Ж/ж” әрпін өте дәл береді, сондықтан осы харіп те енгізілді (30-қатар: 2-кесте). Бұл шешіміміз XI нұсқадағы “Ж/ж” әрпін латынмен таңбалаудың кереғарлығын жояды және де “Х/х” әрпін көз алдарынан жоғалтқысы келмейтіндердің көңілін аулаудың да бір жолы дегіміз келеді. Тағы екі осындай күтпеген шешім мына ФТТ “Ʊ/ʊ”, “Đ/ð” таңбаларымен байланысты, оның бірімен фамилиялардағы “В/в” әрпін латындауға шештік, әлі көп адам ТА-Ж осы әріппен жазады (31- қатар: 2-кесте), ал екіншісімен – сол сөздің 1-ші “Ф/ф” әрпін (32-қатар: 2-кесте).
2-Кесте
5. Жарлықпен қайыра бекітілген қазақ-латын әліпбиін сараптау
2018 жылдың 19 ақпанында арнайы Елбасының жарлығымен қабылданған латын харпіне негізделген «акут» деген айдарша қолданылған қазақ әліпбиі:
Осы әліпби нұсқасын енді бір қысқаша талдап көрелік:
- біріншіден, бұл нұсқа латынға негізделген кем дегенде екі әліпбидің негізінде құрылған (француздық не басқа романдық тілдерден қосылса керек!), яғни Елбасының таңдалатын әліпби тек ағылшындық нұсқадан ауытқымау керек деген талабына мүлде қайшы;
- екіншіден, “Ш” мен “Ч” дыбыстарына арналған диграфтарға мұнда не жоқ: неден қаштық, соған қайта жүгіндік пе, “шевичтермен” бітетін әке аты мен текті жазу үшін бе(?!);
- үшіншіден, ағылшындық нұсқадан “X”, “W” – екі латындық харіп түсіп қалған, шетқақпай болып – неліктен, екі-үш харіп жетпей тұрғанда(?!);
- төртіншіден, мұнда “У” дыбысын акутпен белгілеу қисынсыз, егер оны қалдыру керек болса, “W” харпі бар емес пе, сонымен белгілеу керек(!);
- бесіншіден, “Қ” дыбысын белгілеу үшін ағылшын-латындық “Q” харпі алынғаны туралы жоғарыда айтылған ескертпе – сол ескертпе күйінде қалады(!);
- алтыншыдан, “Ф”, “В”, “Ч” – кірме дыбыстары неліктен қалдырылған, неге солай етілгені түсіндірілмеген(?!);
- жетіншіден, «акуттар» – айдаршалар, яки бастапқы талапқа еш сай емес(!)
Ескертпе: Әлбетте, транслитерациялық таңбалар жүйесін - қазақ-латын “волапюгін” қабылдаған күннің өзінде, тіліміздің емлелік нормаларының кейбір тұстарын қайта қалыптастыруға тура келетіні айдан анық. Мысалға, қазақ тілінде сингармонизм заңына сүйенетінін оңтайлы пайдалану – көп ретте латын харіптерін пайдаланып жазуда жеңілдетілген ережелерге әкеліп тіреуі әбден ықтимал. Тағы бір ескеретін жәйт: қазақ-латын әліпбиі таңбаларының қазақша-ағылшынша оқылуы дәл 1, 2-кестелерде келтірілгендей болуы міндетті деп әзірге айта алмаймыз, бұндағы нұсқа – авторлық ұсыныс. Бұл өте күрделі мәселе тіл мамандары, әсіресе қазақ тілі фонетикасы, фонологиясы мамандарының құзырына қалдырылады. Соңғы ескертпе: уақыты келгенде 2-кестенің 8´, 31 және 32 қатарлары біртіндеп түсіп қалады, әзірге өтпелі болып жүре тұрсын!
Қорытынды. Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келе, тағы да қайталаймыз: төл тілімізде қазақ-латын транслитерациялық графема жүйесін - қазақ-латын «волапюгін» ғылыми тұрғыда пісіріп-жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі ISO стандартын бекітіп алсақ, онда түбегейлі латынға тілімізде көшпеуге де болады. Ал, егер-әки, төл тілімізде латынға көше қалатындай күн туса, онда енді біз “құр алақан” емеспіз: біздің «волапюк» қана емес, нағыз қазақы латын әліпбиі ретінде ұсынатын нұсқамыз да, шүкіршілік, дайын - ол қазақ тілі үшін латын графикасының XI не XII нұсқасы. Қанеки, кімде-кім оған өз нұсқасын балама ретінде қоям десе - біз көріп алайық: түптің түбінде біз баршамыз бір жеңнен қол шығарып, ортақ латын әліпбиін жасақтап та алармыз. Қалай дегенде де, осы күрмеуі шиеленіскен мәселені шешпесе - болмас [6]-[8]. Осы 2018 жылдың 19 ақпанында арнайы жарлықпен бекітілген латын харпін әй-шай жоқ енгізе беру – нағыз Елбасының латын графикасына көшу идеясын жоққа шығаратын диверсия – демеске шара жоқ, масқара, шенеуніктердің шимай-шатпырағы!
Бұл нұсқаны қолдануды дереу тоқтату керектігі туралы барша мамандар айтуда, жазуда, соның бір-екі мысалы мына жарияланымдарда дәлелденіп, жар салынуда [8]-[10].
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С. Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. Алматы: Сөздік, 1999.
2. М. Өтелбаев, Д.Ә. Әубәкір. Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені.// Материалдар: ҚР 10-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция "Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер" (Астана, 2001 ж., 18-19 мам.). Алматы: Ғылым, 2001, 452-463 бб.
3. М. Өтелбаев, Д.Ә. Әубәкір, К.О. Ерғалиева. Қазақы латын әліпбиін таңдау және стандарттау: философиялық, этнолингвистикалық және техникалық мәселелері. // Тіл және қоғам альманахы. Астана: 2004, №1, 122-130 б.
4. М.Б. Алтай, Г.С. Бөлеген, Б.Н. Төрехан. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі. Жобалар, Алматы: 1998
5. Әлімхан ЖҮНІСБЕК. Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби.//
https://adebiportal.kz/kz/news/view/3264
6. Мұхтарбай Өтелбаев, Д.Ә. Әубәкір, К.О. Ерғалиева. Қазақша техникалық латын графикасының жай-жапсары.// Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы: Халықаралық ғылыми теориялық конференциясының ғылыми теориялық мақалалар жинағы (12-13 желтоқсан, 2009 ж., Астана қ.). Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2009, 105-115 б.
7. D.A. Aubakir, M. Otelbaev, K.O. Ergalieva. Казахская латиница: проблемы выбора и внедрения.// Внёс в портал massaget: 27.10.20017. https://massaget.kz/blogs/?&page=3
8. Табылды Қайыпов. Қазақ тілінің латын әріптеріне өтуі ел тағдырында «Мәңгілік ел» ұғымымен қатарлас орын алады.// Внёс в портал massaget: https://massaget.kz/blogs/23319/
9. Дастан ЕЛДЕС. К чему может привести «своя» латиница.//
https://qazaquni.kz/2019/05/18/99971.html?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
10. Руслан БЕГЕН. Владимир Шнайдер: Ұлттық кодты жаңғыртамыз десек, әліпбиді әлі де түзету керек.//
https://el.kz/kz/news/ruhani-zhangyru/vladimir_shnaider____ulttik_kodti_zhangirtamiz_desek __alipbidi_ali_de_tuzetu_kerek__?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com