ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ОРЫС СӨЗДЕРIН ИГЕРУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ
блог
Жанбек Уатай бiлiм мен ғылым саласындағы барлық басшылық жұмыстарды да атқарды. Энциклопедиялық бiлiмдi адам едi. Қазақ және орыс тiлдерiнiң дыбыстық құрылымын зерттеумен айналысып, қазақ алфавитiнiң латын әрiптерi негiзiндегi нұсқасын жасады. Орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударатын компьютерлiк бағдарлама авторларының бiрi болды.
Әр тiлде басқа тiлдерден ауысқан сөздердiң болуы заңды құбылыс. Көп жағдайда: сөздiң қайсы байырғы екенiн, қайсы басқа тiлден ауысқанын айыру да оңай емес. «Өзiмiздiң тiлiмiз бай тiл, басқа тiлдерден сөз жолатпаймыз» деген және, керiсiнше, «Тiлiмiздi толықтыру үшiн, тiлдiң ойды толық, анық бiлдiру мүмкiндiгiн арттыру үшiн басқа тiлдердiн сөздерiн көбiрек қабылдайық» деген екi талап, бiр қарағанда, бiр бiрiне қайшы талаптар сияқты. Анығында, екi талап та негiзiнен орынды, екеуi – бiр бiрiн толықтыратын талаптар. Әрине, осы екi талаптың әрқайсын тым қатаң түрде емес, ретiмен қолданып, дұрыс ұғу керек. «Өз тiлiңнiн мүмкiншiлiгi толық жетiп тұрған жағдайда әуестенiп, бiлгiшсiнiп басқа тiлдiң сөзiн қолданған ретсiз» деген ескерту талай тiлге қатысты айтылған.
Қазақша сөйлегенде, жазғанда орыс сөздерi тура орысшадағыдай айтылу, жазылу керек деген кәзiргi емленiң ең үлкен қателiгi. Бұны тiптi қателiк демей зорлық, қиянат деуге болады. Бұл жөнiнде Қалел Досмағамбет кезiнде былай деп жазған: «Жат сөздердi қолданғанда тiлiмiздiң заңымен өзгертiп, тiлiмiзге лайықтап алу керек. Жат сөздi өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тiл жоқ деп айтсақ та болады. Жат сөздердi өзгертпей адып, бастапқы жат қалыбымен сiңiремiз деген – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тiлiмiзге орасан зиян келтiредi. Жат сөздердi өзгертпейiнше жүргiземiз деп қазақтың тiлiн бұрағандар да, «мәдениет үйретемiз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауры таратқандар да бiр есепте. «Емле бұйырды, ғалымсымақтар айтты» деп көнген қазақ тiлi жоқ. Орыс тiлiнен болсын, басқа тiлдерден болсын, қазақ тiлiне сөз болып сiңген сөздер қазақшаға бейiмделген. Қазақ тiлi басқа тiлдiң сөзiн игергенде мынадай шарттардың орындалатынын байқауға болады:
- Тек қана қазақ тiлiнiң дыбыстары қолданылады.
- Атау сөзде екпiн соңғы буынға келедi.
- Буын үндестiгi мен дыбыс үндестiгi көпшiлiк жағдайда орындалады.
- Қатар екi дауыссыз дыбыстардан сөз басталмайды.
- Түбiр сөздегi буын саны аз болады.
Осы шарттарды шамалы талдайық
- Басқа ұлт өкiлдерiне, солардың тiлiне қатысты, «Осындай шарттын орындалуын ескерiңдер» деп бiреу кеңес берсе, олар айтқан адамды ауру деп ойлап қалар едi. «Тiлдiң дыбыстық құрамы қандай?» деген сұрақ, әрине, дұрыс, зерттеуге тұрарлық сұрақ. Қазақ тiлiнiң дыбыстық құрамы негiзiнен Ахметтер заманында анықталған. Қазақ тiлiнiң негiзгi дыбыстар саны – 26, ал 30-шы жылдары қолданған әлiпбиде 28 әрiп болған. Тiл ғылымының кейiннен қосқан жаңалығы – қ мен к дыбыстары бiр пөнемнiң екi түрi және ғ мен г да бiр пөнемнiң екi түрi екендiгi. Қазақ дыбыстарының тiзiмi мынадай:
дауысты дыбыстар 9: а, ә, ы, i, о, ө, ұ, ү, е,
дауыссыз дыбыстар 17: б, г, д, ж, з, й, к, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ш.
Осы негiзгi дыбыстарға қосымша, қазақ тiлiнде уhлеу, туhлеу деген сөздерде, сирек болса да қолданылатан h дыбысы бар деп Ахмет Байтұсынұлы айтқан. Екi дыбыс деп, х мен h-ны айырмай, ухлеу, тухлеу деп, х дыбысы анық естiлетiн тарих, қахарман, Гаухар сияқты сөздердi ескерiп, негiзгi 26 дыбысқа қосымша, сирек қолданылатын х дыбысын қосқан дұрыс. Дегенменен, басқа тiлдегi х қазақшада қ болып кеткен сөздердi қазақша жазған дұрыс. Мысалы: қат, қалық, асқана, қабар, қал, Ақымет деп.
- «Атау сөзде екпiн соңғы буында болады» деген – қазақ сөздерiнде, қазақшаға сiңген сөздерде қатаң орындалатын шарт. Мысалы, облыс, парламент деген сөздер, дыбыстары қазақша болса да, екпiн соңғы буында болмағандықтан бөтен естiледi. Кейде, орыстан келген сөздiң қазақшада екпiннiң орны өзгертiлiп айтылытындығы онша байқалмайды. Орысша карта деген сөздi қазақтар қарта деп, екпiнiн екiншi буынға ауыстырып, қ дыбысымен айтады. Ойнайтын қартаны да, жейтiн қартаны да қарта деймiз. Балалар әке-шешесiне орысша мама, папа делiнетiн, бiрiншi буын екпiндi айтылатын сөздердi қазақша мама, папа деп, екпiнiн ауыстырып айтады.
- Буын ұндестiгi орындалмайтын сөздердiң екi түрi бар. Бiрiншiсi – ақкөл, сарыөзек, бiрыңғай, әрқайсы сияқты құрамды сөздер. Екiншiсi – жуан дауысты буындардан басталып, құрамында е дыбысы бар жiңiшке буынға аяқталатын сөздер, құрмет, рахмет деген сөздер сияқты. Бұндай жағдай жуан дауысты сөздiң көмектес септiк түрiнде, -кер/-гер жұрнағы арқылы жасалатын, талапкер сияқты сөздерде де кездеседi. Құрмет, рахмет, талапкер сияқты сөздер бөтен болып естiлмейдi. Қазақшаға келiспейтiн жағдайлар: жуан дауысты буындар мен жiңiшке дауысты буындар бiрнеше рет кезектесiп қайта-қайта алмаса беретiн болса, немесе, жуан дауыстымен тiркесiп к-қ, г-ғ дыбыстардың жұмсақ түрi тұрса.
- Басқа тiлде екi дауыссызға басталатын сөз қазақшалаңғанда не сол екi дауыссыздардың алдында, не екеуiнiң арасында дауысты дыбыс пайда болады.
- Түп нұсқасындағы қалпымен салыстырғанда көп буынды сөздердiң қазақшасы қысқалау келетiнiн байқауға болады. Орысша Устькаменогорск қазақша Өскемен болды. Бұл сөздiң қазақшасында огорск қайда кеттi деп iздемеймiз.
Мысал ретiнде, қазақ тiлiне орысшадан ауысқан кейбiр сөздердiң, жоғарыда айтылган шарттарды, сөздердiң жаратылысын ескерiп қазақшаланғандағы түрi қандай болуы мүмкiн екенiн көрсетейiк: плюс – пүлiс, минус – мүйнiс, минута – мүйнет, арифметика – әрiтмет, президент – пiрзеден. Орысша плюс деген сөздiң дауысты дыбысы у, орыстың бұл дыбысына қазақша ұ мен ү сәйкес, орыс сөзiнде дауыстының алдындағы дыбыс жұмсақ болғандықтан қазақшада жiңiшке ү дыбысын қолданғанымыз реттi, бiрақ екi дауысты дыбыстан басталғандықтан плүс түрi келiңкiремейдi. Екi дауыссыздың арасына ү дыбысын қыстырсақ, пүлүс болып шығады. Емле ережесi бойынша екiншi буындағы ерiндiк дыбыстың орнына езулiк дыбысты қолдануға болады, сонда сөздiң жазбаша түрi пүлiс болып шығады. Гiрек әлiпбиiнiң т болып оқылатын тета деген әрiбi орысшада фита болып ф дыбысының екiншi таңбасы ретiнде орыс әлiпбиiнде 1918 жылға дейiн болды. Осы себептiң салдарынан, батыс тiлдерiнде т, орысшада ф оқылатын көне гiрек тiлiнен ауысқан сөздер бар. Сондай сөздердiң бiрi орысша арифметика, немiсше, ағылшынша arithmetik, arithmetic түрiнде жазылып, аритметик, арисметик болып оқылатын сөз. Буын санын сәл азайтып, бұл сөздiң қазақшасын әрiтмет деуге болады.
Қазақ тiлiне тек қана қазақша дыбысталатын сөз сiңедi. Бұрын завод, товар болып жазылып жүрген сөздер кәзiр зауыт, тауар түрiнде жазылады, класс, текст болған сөздердiң орнына сынып, мәтiн деген сөздер қабылданды. Осындай өзгерiстердi қазақша сөйлейтiндер қолдап әкеттi. Бөтендiгi сезiлетiн сөздер қазаққа ұнамсыз естiледi. Қазақ тiлiн сезетiндер – президент, республика деген сөздердi айтқысы келмей, ел басы, елiмiз, отанымыз деп, бөтен естiлетiн сөздердi басқа сөздермен ауыстыруға тырысады. Сөздiң қазақшаға бөтен екендiгiн қарапайым қазақ қазақшалаудың шарттары бойынша тексермей-ақ, естiгеннен таниды.
Қазақ тiлi егемен елдiң мемлекеттiк тiлi болу үшiн қазақтың миында қатып қалған бодандықты, құлдықты жою керек. Құлдық мiнез әсiресе қазақ тiлiнiң мамандарына терең сiңген. Ондай болмаса қазақ тiлi оқулықтарында: «мына дыбыстарымыз төл дыбыстар, мыналар төл емес» деп жаза ма? Ешбiр егемен елдiң тiл бiлiмiнде төл дыбыс, төл емес дыбыс деген ұғымдар жоқ. Ешбiр егемен елде терминология комиссиясы деген жоқ. Қазақша осылай аталудың өзi өрескел екенiн сезбейтiн алқадан не күтуге болады? Қазақ тiлi әлi де бодан елдiң, құл қалықтың тiлi.