Қазақ телеарнасының бүгінгі келбеті

   Қазіргі көрерменнің таңдауы мүмкіндігі кең. Таңдап, талғам көремін десе, ешкім қолынан қағып жатқан жоқ. Бірақ, бөтен елдің өзге тілдегі арналары ешқашан қазақ мәселесіне, тұрмысына, хал-ахуалына назар салып, эфирін бермейтіні аспандағы айдай анық нәрсе. Барар жеріміз – өз телеарналарымыз.

Өз арналарымыздың да әрқайсысының діттеген мақсаты, мүддесіне қарай  жол сан тарау. «Барлық жолдар Отырарға бастап алып бармайды» демекші, әр арна бұқараның ойын, тұрмыс-тіршілігін, уайым-қайғысын, шын халін көрсетіп, жалпақ елге ұсынып отыр десек, жалған болар еді.

Көрерменін сиқыршыдай шоулармен арбап ұстап отырған арналар көзді арбайтын жаңа жылдық безендіру секілді болса, «сөзімізді сөйлейді, мұңымызды тыңдайды, көмектеседі» деген халықтың тілегі әлгі жылтыр шоулардың тасасында тұншығып қалатыны да жасырып емес.

Бірақ, «тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, «Қазақстан» ұлттық арнасында 2012 жылдың күзінен бастап, аптасына бес күн эфирден беріліп келе жатқан «Айтуға оңай...» ток-шоуы елдегі телебағдарламалар арасында төңкеріс жасады. Қазақ телевизия саласындағы ток-шоу түсінігіне анықтама берді. Несімен дерсіз? Бұл сауалға «Айтуға оңай...»-дың миллиондаған көрермендерінің әрбірі өзінше жауап айтар. Дегенмен, сол жауаптардың түйісер тұсы біреу – «Айтуға оңай...» - біздің өміріміздің шын бейнесін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымыздың боямасыз шындығын көрсетті, айта білді. Бағдарламаның тұрақты көрерменінің бір ретінде мен де бұл сөзге мен де қосылам. Шындығында да, «Айтуға оңай...» эфирге шыққан бергі уақыт ішінде ұлттық арнаның миллиондаған көрермені қоғамдағы беті ашылмаған талай шындыққа, тағдыр тәлкегіне түскен небір адамдардың аянышты халіне, барлық саладағы қордаланған мәселелердің өткір талқысына куә болды. Бағдарламаға қатысып, ел алдында өз өмірінің шындығын жайып салған талай кейіпкермен бірге көрермендер де қосыла жылап, хабар барысында студиядағы қонақтар тарапынан нақты көмек алатынын естіген кейіпкер қуанғаннан көзіне жас алғанда алыс-жақын шетелдегі және Қазақстанның ауылдары мен аудандарындағы, қалалардағы сансыз көрермен кейіпкермен қоса қуанып, армандарына жеткендей күй кешкендері де рас.

 



Бөлісу: