Қазақ телеарналарының келбеті

Қазақ телеарналарының келбеті
жеке
блог

Телевидение (τήλε - грек тілінен аударғанда "алыс", ал video — латын тілінен аударғанда "көремін" дегенді білдіреді; жаңа латын тілінде televisio — алыстан көру дегенді білдіреді), телекөрініс – қозғалмалы бейнелерді радиоэлектронды құрылғылардың көмегімен тарататын техника саласы. Телебейне таратушы түтік және кинескоп электронды телекөрініс жүйесінде 20 ғасырдың 30-жылдарының ортасында пайдаланыла бастады. Қазіргі телекөрініс жүйесінің дамуы кескіннің айқындылығын жоғарылатумен, оралғыға тұрақтылығын (кабельді телекөрініс) және қашықтығын арттырумен (серіктік телекөрініс) байланысты.

Қазақ телевидениесі 20 ғасырдың соңынан бастап дамып келеді, алайда толық дамып үлгерді деп айта алмаймыз. Даму қарқыны күн сайын жоғарылап, бағдарламалар легі өзгеріп отырғанымен жоғары сапалы көрсетілім ұсынып отырғандары аз. Осыдан 7-8 жыл бұрын қазақ телеарналары шетелдік телесериалдармен толыққан болатын, алайда бүгінгі күні қазақ телевизиясының дамуымен қатар қазақ кинофильмі де дамып келеді. Бұл болса отандық өнерді дәріптеудегі телеарналардың қосып отырған ең үздік үлгісі десек те болады. Сонда, қазақ телеарналары қандай болу керек?

Бүгінгі қазақ телевидениесінде көңіл көтеруге арналған бағдарламалардың біршама көбейіп кеткендігін баршамыз байқап жүрміз. Әсіресе, қазақ өнерінің танымал тұлғаларын жүргізуші немесе қатысушы етіп көрермен санын жеңіл жолмен ұлғайту көбейгендей. Қарап отырсақ, сөздердің дұрыс қолданылмауы, өзіндік сөздік қоры аз адамдар халқымызға үлгі болып көгілдір экраннан жарқырап сөйлеп тұратындығы ішті күйдіретіндігі рас. Сондай кезеңдерде, бағдарлама жүргізушілерін сауаты мен келбеті, өнегесі мен өнері жарасқанында емес, келбеті мен танымалдылығы жетсе болады екен-ау деген ой туады. Осыған сәйкес, қазақ журналистикасының бүгінгі келбеті жайында беделді азаматтардың пікіріне тоқталсақ.

Бұл сұхбатты "Абай ақпарат" сайтының тілшілері алған болатын.

-Сіз осыдан көп жылдар бұрын қазақ радиосында, қазақ телеарнасында қызмет еттіңіз. Сол кездерді еске ала отырып айтыңызшы, ол уақытта телебағдарлама қалай жасалатын еді? Көрермен сұранысы қалай ескерілетін еді?

 

Әміролла Сарымов, «Қазақстан» арнасының ардагер журналисті:

- Ол кезде әртүрлі өнеркәсіп, мәдениет, оқу-ағарту секілді түрлі салаларға арналған циклды хабарлар шығып тұратын.  Және әр саланың бағдарламасының бас редакциясы бар болатын. Әр редакцияның жұмысына қарай әр түрлі хабарлары жарық көріп отыратын. Редакцияларға көрермендерден үздіксіз хаттар келіп жататын. Хаттар да айтылған сын пікірлер ескеріліп, түзетілетін.

-Қазір рейтингі жоғары деп жатамыз, біздің рейтингі жоғары бағдарламаларымыз бен сіздердің кездеріңіздегі    «көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалардың»  айрымашылығын айтып бере аласыз ба?

-  Әрине, кеңестік қазақ теледидарының да көрермен көзайымына айналған бағдарламалары болды. Қазіргі жағдайға келсек, телехабарлардың көбі жылтырақ болып кетті.

Бүгінгі кейбір бағдарламаларда шақырылған қонақтарын сөйлетудің орнына жүргізушілер көсемсіп, қонақ ой-пікірін айтайын десе, аузынан қағып тастап, өздері ақыл айтып, көп сөзділікке салынып кететіні бар.

«Шынның жүзі» сияқты көңілден шығатын бағдарламалар  да болды. Өкінішке қарай, көрерменге жақын, жақсы бағдарламалардың ғұмыры қысқа болып жатыр.

Ал қазаққа белгілі , көрнекті тұлға , журналист Сауық Жақанова болса:

- Мәскеудің құзырындағы Қазақстанның телеарнасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның телеараналарынан әлдеқайда тартымды, мазмұнды, ұлтжанды болған сияқты. Бұның сыры неде?

-Телеарналарымыз еліктеушіліктен арыла алмай жатыр. Көрші орыс мемлекеті не шығарса, соны талғамсыз, бейімдеусіз қайталап қоя беретін болды. Көшірме бағдарламалардан қазақтың исі сезілмейді. Еліктеудің ақыры неге ұрынатынын түсінбеймін. Телерадиода қандай бағдарлама, хабар болмасын бәрі де ұлттың болмысы мен мінез-құлқымен үндесіп келуі керек.

Міне, осыған қарап та біршама шешім қабылдауға болады, бірақ бағдарламалардың бәрі бірдей деуге болмайды. Мәселен, "Қазақстан" Ұлттық арнасы ұсынған Дана Нұржігіттің "Дара жол" бағдарламасы елдің іргелі тұғалары туралы хабар дайындап, келбетін жзан-жақты аша түскеді. Жүргізушінің қонаққа сұрақты дөп қоюы, өзін-өзі ұстауы, мәнері мен тақырыпты кеңінен ашуы көптеген жас журналистерге үлгі болмақ. Ал , кей арналар ұсынатын көңіл көтеретін бағдарламалар кейде мәдениет нормасынан шығып та жатады. Мысалы, "7 арна" ұсынатын "Жеңіп көр" бағдарламасы кей кездері көрерменге жағымсыз әсер сыйлайды. Ия, бағдарлама қызық бірақ жүргізуші Азамат Мадгулдың телебағдарламаны жүргізу шеберлігі аз секілді. Әрі оның екі көмекшісінің кейіпі де барлық халыққа ұсынарлық іс-әркеттер жасамайтындығын байқап жүрміз. 

Қазақ телевидениесінің жақсы да жаман тұстары бар, ол барша тіршілікке тән қасиет. Бәрін бірдей жаманға бағалау мүмкін емес, өйткені  кей кездері арна өзі қалаған қаржы көлемін таба алмай жасақталған жоспарды орындай алмай қалып жатады. Сол себепті де, арналардағы жарнамалар мен көңіл көтеретін бағдарламалардың саны артып отыр. Қандай жағдай болса да, сапалы дүние ұсынуға жақын болайық, халықтың білмейтінін азайтып, мәдениет пен өнегеге толы бағдарламаларды көбірек дайындаса дейтін тілек біздікі.