Қазақ театрындағы классикалық спектакльдерді сахналау мәселесі

Кез-келген халық өз мәдениетін, өнерін, салт-санасын, бабалар жолын жоғары деңгейде қадір тұтып, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғайды.  Ғасырдан ғасырға ұласқан тарихымызды білу, біліп қана қоймай оны қастерлеу – әр перзенттің міндеті hәм парызы. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақ зор табыстарға қол жеткізіп, ен байлықтың үстінде алаңсыз ғұмыр кешсе, бұл ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қол жеткізіп қалдырған мұрасының арқасында деуімізге толықтай негіз бар. Бабалардың аманаты тек ел мен жер емес, ондағы барлық құнылықтар, әдебиет, өнер, салт-дәстүр мен ғұрпымыз. Әдебиет іргелі сала десек, оның ішіндегі драматургия, онымен сабақтасып әрі өріліп жатқан өзегі театр өнері де ұлт тарихында маңызды роль атқарады. Бүгінге дейін қаншама пьесалар жазылып сахнаға шығарылса да, қанша жаңа туындылар мен заманауи пьесалар дүниеге келсе де, өткеннің елшісі – классикалық туындылар өз құндылықтарын жоймады.

Қай театрдың шығармашылығына үңілсек те, оның репертуарынан әлемдік немесе қазақ классикалық туындының кемінде бір-екеуін кездестіреміз. Қазақтың саф алтындай өнерінің қалыптасуына ұйытқы болып, шеберліктің биігіне жетелеген «Еңлік Кебек», «Қарагөз», «Абай», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б сынды туындылар ұлттық театрымыздың алғашқы баспалдақтары. Бұл шығармалардың барлығы бүгінгі күнге дейін сахнадан түспей, қаншама режиссердің сахналауымен, көптеген жаңаша бейнелердің шығуына себепкер болған. Осыдан классикалық туындылардың әлі күнге құнын жоғалтпағанын аңғаруға болады. Классикалық шығармаларды сахнаға көптеп шығару арқылы қазақтың дәстүрі мен тарихына тереңінен бойлауға мүмкіндік мол. Өйткені әрбір туындыда тарихи оқиғалар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, шежіре, дастандар кездеседі. Ұлттық классикаға айнлаған шығармалардың өзектілігі сонда, тамыры тереңге жайылған тарихтың сырларын жаңа қырынан көреміз. Дәстүрлі классикамыз жаңашыл ізденістер мен тың тәжірбиелерге бай. Бүгінгі таңда сахна қызыл сөзге құралған тәрбие ошағы емес. Қазірде сахналық сөзден гөрі әрекет пен ішкі сезімге көп мән берілетін жаңа бағыт постдрамалық театр біздің елде де кеңінен таралды. Осы тұрғыда классикалық туындылардың жаңа формада сахналануы жиі белең алып келе жатқан тенденция деп қарастыруға болады.  Ұлттық классика жауhарын сəтті сахналау, мыңдаған сахналық нұсқасына ұқсамайтын ерекше форма табу қай режиссер үшін де үлкен ізденісті талап ететін құбылыс. Қазақ классикаларының ішінен алғашқы болып аталатын дарынды драматург М.Әуезов «Қарагөз» және «Абай» трагедияларын алып қарастырсақ. Бүгінге дейін оқшау ой, біржақты көзқарас, дәстүрлі режиссура арқылы сахналанып келе туындылар бүгінде заман тынысымен үндесіп трагедия тудырушылардың орны ауысқан. Мұнда жекелеген кейіпкерлерді кінәлау жоқ. Мұнда жиынтық образ арқылы тұтас қоғамның қасіретін, қателігін айқындап береді. «Қарагөздің» Республикалық академиялық Неміс драма театрынындағы хореографиялық қойылымы (реж. Н.Дубс), сонымен бірге С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры «Қарагөз» трагедиясы (реж. Ф.Молдағалиев) бүгінгі кәсіби театр мамандары мен көрермендер назарын өзіне аударды. 1970 жылы аталмыш трагедия Корей театрының сахнасында қойылған. Сахнаға шығарған режиссер – Иосиф Ким. Сырымды – Эдуард Тен, Қарагөзді – Пак Майя сомдаған. Деректерге сүйенсек басты кейіпкерлерді сомдаған актер мен актриса өз бейнелерін жоғары деңгейде сомдаған. Бұл жайында М.Байсеркеновтың еңбектерінен жолықтырамыз. Одан бөлек Иосиф Кимнің: «Айрықша талас тудыраған қыл арқан болды. М.Әуезов ремаркасында қыл арқан туралы айтылмайды. Суретші Пак Константин мен режиссер(әрі осы жолдардың авторы) әлгі айтылған қыл арқандарды спектакльдің көркемдік образы ретінде аса құнды деталь етіп пайдалануды ұйғардық... Қарагөз бен Сырымның  жасырын жолығатын төртінші көрінісінде де осы қыл арқан жауыздық ролін атқарып тұр. «Байландар! Байла екеуін де! Екеуінің жазасын ертең береміз»,- дейтін Жабайдың айбарлы үні Қарагөзді естен тандырып, жындандырып жібереді. Солай десек, қыл арқан Қарагөзге мықтап таңылған идея болмақ» [11, 26 б]деген өзінің режиссерлік шешімімен бөліскен. Дәл сол секілді жаңа ғасырда сахнаға шыққан Қарагөздің қаралы жағдайы да Ф.Молдағалиев режиссурасымен қыл арқанды пластикалық шешімдермен астастыра отырып шешеді. Бос сахна кеңістігі, репликалар толық пьесаның мәтінін емес, тек өзекті сәттерді айқындау үшін ғана айтылады. Классикаға өзгеше рең беруде өзгеше талпыныс жасаған режиссер еңбегі бағалауға тұрарлық. Осы секілді қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмір жолынан сыр шертетін «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде сахналанған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрындағы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклі де классикаға бұрын-соңғы болмаған көзқарас әкелді. Спектакль режиссері – Антон Зайцев. Спектакльдің жанры – фантасмагория. Өзгеше формат, бұрын-соңды сахналанбаған жанр. Қазақтың бас ақыны Абай мен фантастикалық хаос, гротеск арасында байланыс орнатқан. Бұл шынында ақын шығармашылығына деген биік, өзгеше көзқарас. Мұнда сол кездегі заман үні ғана емес, бүгінгі біздің қоғамға баға беру бар. Сонысымен өміршең. Дегенмен, академик Р. Сыздық «романды (әңгімені, повесті) тарихи стиль тезіне салғанда, автор өзі суреттеп отырған тарихи кезеңге сәйкес зат, бұйым, құбылыс, әрекет атауларын келтіруге тиіс, кейіпкерлерін мүмкіндігінше сол кезеңге сәйкес сөйлетуі керек, оның өзінде де әр кейіпкерді өзінің әлеуметтік орнына, тәрбие-танымына, жасына, жынысына қарай «сол кезеңше» сөйлетуі керектігін айтады» [3, 98 б] Ал, режиссер символикалық шешімдер арқылы Абай бейнесін емес, оның қара сөздерінен төгілетін философиялық ойды жеткізуге басымдық берген. Мұнда дәстүрлі театрдағыдай қазақтың ауылы, көркемсөздің қолданылуы, оқиғалардың тізбегі сақталмаған. Негізгі ойлар ықшамдалып, қара сөздердің мәні ашылған. Классиканы өзінше қабылдап қана қоймай, бүгінгі заман көрерменіне өз тілінде ұғындыруға тырысқаны жас режиссердің батылдығы деп бағалауға болады. Қандай классикалық туынды болсын өз заманына сай өзгешілік қалыптастырып жатқанына үрке қарамау керекпіз. Себебі, қоғамға естілетін үн өз болмысына сай айтылуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда қазақ театрлары әлі де заманауи бағыттағы спектакльдерді қажет етеді. Біз тілге тиек еткен аталмыш қойылмдар қазақ театрлар сахнасының репертуарынан түспеуге тиісті. Себебі, өткеніміз өзімізге ғана керек. Өзінің танымдық функциясы мен сахнадағы көркемдік шешімдері арқылы адамның өмірлік және рухани ой-мақсаттарын, оның күрделі ішкі жан дүниесін терең де шынайы ашып бейнелейтін синтездік өнердің өркендеуінің алғышарты классикамыздың ғасырларға жалғасуы болуы керек. Әр заман өз биігінен баға беріп сахнаға шығарса да, басты мақсат ұлттық классикамыздың түрлене отырып өз құндылығын жоғалтпауы тиіс деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы Атамұра 2005. – 98 б.

2.     Ким И. «Советский Корейский театр». – Алматы: «Өнер», 1982 – 182 б.

3.     Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd » ЖШС 2010 ж.

 

Оралбай Назерке

Жас театртанушы



Бөлісу: