Қазіргі таңда қазақ шоу-бизнесі жоқ, той-бизнес деген сарындағы пікірлерді жиі естиміз. Неге бұл үрдіс той деңгейіне түсіп кетті? Және шоу деңгейін көтеру үшін не істеу керек?
Қазақ той десе қу басы домалаған халық. Түріктер қызыл шайын сораптап, ұлттық билерін өнеге тұтса, бразилиялықтар да карнавал десе ішкен астарын жерге қояды. Бұл да бір жағынан ұлттың ерекшеліктері шығар. Біз ұлан асыр той жасап, туған-туыстың басын қосып, соғымнан ауыз татып, әуезді әнге билегенді жақсы көреміз. Расында, ырысты, берекелі болғанда қазақ тойлаудан шаршамайтын шығар, лайым солай болғай.
Алайда, той дегенде таяқтың бір ұшы әншілерге тиіп жатады. Әндердің сапасы кетіп, шығыстық, бір сарынды, қонақтарды билетуге шақыратын әндер толып кетті дейді. Әлбетте, әншіні тойға шақыру үшін оның 2-3 билейтін әні болуы керек. Баяу ырғақты, әуезді әндерді той қауымы сабырлы тыңдап отыра алмайды. Сонда әнші не істеуі керек? Мүлде тойдан бас тартуы керек пе?
Джаз, блюз, R&B стилінде ырғақты музыка жазсаң да үлкен кісілерге жақпайсың. Оларға тек "Ақмаржан" стилін бере ғой. Сөйтіп, ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледінің кейпі.
Сонымен, қазақ шоу-бизнесіне көңіліңіз тола ма? Пікірлеріңізді білдірсеңіздер.