Мультипликациялық кино (латын тілінде multіplіcatіo – көбею; ағылшын тілінде – жандандыру) – cуреттердің, қуыршақтардың қозғалысы фазаларын жеке кадрларға түсіріп, ретімен көрсетуден туатын кино өнерінің бір түрі.
Алғаш суретке жан бітірген бельгиялық физик Ж.Плато болған екен. Ол бірнеше сурет жапсырылған дискіні жылдам айналдыру арқылы, қолын сілтеп жүгіріп бара жатқан адам бейнесін жасады. Жалпы, мультипликациялық кино әрдайым жаңалықтар мен ізденістерді қажет ететін өнер. Онда суретшілердің, қолөнершілердің қолтаңбасы мен компьютерлік графика ісі пайдаланылады. Мультипликацияны пайдалана отырып, көп елдер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Яғни, анимациялық кино арқылы балаларға белгілі бір ойды жеткізеді Әр ел бұл әдісті әртүрлі мақсатта қолданады. Мәселен, АҚШ-та жаратылыстану пәндерінің негіздерін оқытуды дәріптейтіні байқалса, Жапония анимация арқылы балаға өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін үйретеді. Бала тәрбиесін мултипликация арқылы үйретуде Қытай көш бастап тұр. Қытайда, тіпті, шет елдің мултиктарын көруге тыйым салынған екен. Олардың ойынша, әр ел жас балаларды тәрбиелеуде өздерінің ұлттық идеологиялырын дәріптей отырып, балаға тәрбиелік мәні зор құнды туынды жасауы керек. Қытайдың ұстанып отырған бұл әдісі, әрине, үлгі аларлықтай. Өйткені, біздің қаракөз бүлдіршіндеріміз, бүгінгі таңда, көбінесе шет елдің мультипликациялық туындыларымен сусындауда. Яғни, жас балаларымыз қазақтың емес, шет елдің мәдениеті мен, салт-санасын көріп өсіп келеді. Ол, әрине, біз үшін үлкен мәселе болатындай жайт.
Балаларды жастайынын отансүйгіштікке, достық пен адалдыққа, адамгершілік іспеттес асыл қасиеттерге үйрететін, балаға өз елінің тарихы мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтіндей жақсы анимациялық фильмдер көптеп жасалып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ мултипликациясы жайлы сөз қозғасақ, 1967 жылы жарыққа шыққан Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфилімі бірден еске түседі. Ол - ертегі негізінде түсірілген қазақ мультипликация өнерінің тұсаукесер мультфильмі. Фильм 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальде екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Қазақ халқының қарлығашты қалай дәріптейтінін осы фильмнен жақсы байқаймыз. Одан бөлек, Әмен Қайдаров түсірген “Ақсақ құлан”, “Құйыршық”, “Қожанасыр – құрылысшы” атты фильмдер қазақ мультипликациясының жетістіктері болды. 1970 ж. қазақ мультипликациясы Орта Азиядағы жетекші орынға шықты. Осы кезеңде қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармалар. Алайда, бұл фильмдерді қазіргі жас бүлдіршіндеріміз көрмейтіні аянышты-ақ.
Қазіргі қазақ мультипликациясы сол кездегідей құнды туындылар жасай аламай отыр. Мультипликацияны әлемдік деңгей түгілі, жоғары да айтып өткен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің деңгейіне жеткізе алмай отырмыз. Анимациялық фильмдер жоқ емес, бар. Алайда, сұранысты қанағаттандыра алатын деңгейге жете алмай тұр. «Мен Алдармын, Алдармын, сақалымды талдармын» деп әндетіп, бірақ өзінде сақал түгіл, мұрт та жоқ қазақ ауыз әдебиетінің кеңінен танымал кейіпкерін бәрі білетін болар. Алдар Көсе жайлы кино не анимациялық туындылар шығып жатса, бұл, әрине, қуантарлық жайт. Десек те, қазіргі Алдардың бейнесі Шәкен Айманов сомдаған парасатты, қу да болса, елдің қамын ойлаған, жарлының байда кеткен ақысын алып беру үшін түрлі айлаға баратын Алдардан өзгеше сияқты. Бүгінгі Алдар қазіргі заманның нағыз алаяғы сияқты көрінеді. Оны тамашалап отырған балалар, көргенін бойына сіңіреді емес па?! Алайда, оған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ.
Осыдан екі жыл бұрын қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлттық толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» атты анимациялық фильмі 3D форматында жарыққа шықты. Еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілген бұл фильм көрермен көңілін баурай білді. Бұған, әрине, қуанамыз. Дегенмен, шығарылып жатқан ұлттық анимациялық фильмдеріміз әлі де аз. Мәселен, балаларға арналған «Балапан» арнасы жұмыс істейді. Мұндай арнаның ашылғаны ата-анаға да, бүлдіршінге де қолайлы. Еліміздегі мультипликациялық кино жасайтын студияларда жасалған өнімдерді көрсеткенімен, мультфильмдердің жартысы, шет елден аударылып алынған фильмдер. Бұл,әрине, өкінішті-ақ. Өйткені, арнаны тамашалайтын бұлдіршіндеріміз көп.
Балапан арнасындағы, «Ырысы Ақ Казақстан» анимациялык студиясы шығаратын «Айжұлдыз» бағдарламасының сценаристі Әбсаттар Әділ мырзанын айтуы бойынша, оларға хат жолдаушылардың ішінде тек қазақтың емес, Монғолия, Қытай, Қырғыстан мемлекеттеріндегі қазақтың қара домалақтары да бар екен. Осыған қарап, бұл арнамаен еліміздің ғана емес, өзге елдердегі бүлдіршіндеріміздің де тәрбиеленетінін байқаймыз. Сондықтан, шет елден алынған арзан мультфилмдерді азайтса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бұл таңертеңнен кешке дейінгі бос уақытын көгілдір экран алдында өткізетін баланың жүйкесі мен мінез-құлқына кері әсері болатынын көпшілік түсіне де, біле де бермейді. Ал, бала тәрбиесінде мұндай олқылықтарды жібермес үшін, әрине, қазақ мультипликациясын жан-жақты дамыту үлкен рөл атқарады.
АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай сынды мемлекеттер анимациялық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән береді. Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржы бөлуде. Нақты айтсақ, олар анимациясына жыл сайын 300 млн. АҚШ долларын жұмсайды. Ресей аниматорлары ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру мақсатында алдарына жан салмай тер төгуде. Олар көбінесе Крыловтың мысалдарын немесе тарихта болған батырларын кейіпкер ретінде алып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарды. «Три богатыря», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптеу арқылы өздерінің «орыс деген ұлы халық» екенін, ұрпағының саналарына құйып отырады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, анимациялық мультфильмдер ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды насихаттап, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір құрал.
Біздің ел де Ресей сияқты ұлттық құндылықтарды баланың санасына сіңіре отырып, тарихтағы батырларымыз бен хандарымыз жайлы танымдық, құнды туындылыр жасауға жете көңіл бөлсе, мүмкін қазақ мультипликациясы да өркендеп, шет елден қалыспасқа кім кепіл? Алайда біздің елде анимацияның дамымай тұрғандығының бір себебі, осы қаржы тапшылығынан деп айтсақ, өтірік емес. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино, Телевидение және Өнертану факультеті анимациялық режиссура кафедрасының меңгерушісі Нұрбақыт Қожахметұлының баспасөзге берген бір сұхбатында, еліміздегі анимациялық мультфильмдер неге дамымай тұр деген сауалға, бұған әуелі, қаражат тапшылығы кедергі болатынын айтты. Соған қарап, балаларға арналған анимациялық туындылар жасауға мемлекет тарапынан қолдау аз екенін байқаймыз. Ал, анимациямен айналысатын жеке студиялар қаржының жеткіліксіздігінен алға жылжи алмай отыр. Мәселен, АҚШ-та анимациялық мықты туынды жасауға қыруар қаржы жұмсалады. Нақтырақ айтсақ, алдыңғы жыл жарық көрген «Рио» мультфильміне 90 миллион АҚШ доллары бөлінсе, балалардың ғана емес үлкендердің де сүйіспеншілігіне бөленген «Мадагаскар» мультфильміне 75 миллион АҚШ доллары, ал олардан атағы кем емес «Рапунцель» анимациялық киносына 260 миллион долларды құрайтын рекордтық мөлшерде қаржы бөлінген екен.
Елімізде мультипликация өнеріне мұндай қаржы бөлу әзірше мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар, елімізде бұл саладағы мамандардың аз болуы да мультипликацияның дамуын тежеп отыр екен. Нұрбақыт Қожахметұлының айтуынша, қазір заман талабына сай компьютерлік анимация жасайтын бағдарламалар жыл сайын өзгеріп отырады. Осыған орай көп режиссерлерге олардың бәрін меңгеріп, білімін жетілдіріп отыратындай мүмкіндік жоқ. Сонда анимация мамандары өз жұмыстарын атқармаса, мультипликация қалайша дамымақ? Осыған қарап айтатынымыз, мультфильмдер сапалы да мазмұнды дайындалуы үшін, алдымен, оған жеткілікті қаржы болуы тиіс. Өз жұмыстарын білетін білікті мамандар қажет. Сонымен қатар, шет елдің атыс-шабысы емес, ұлтымыздың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсете білетіндей ұтқыр ой қажет. Сонда ғана, болашақта Отандық анимация «Қарлығаштың құйрығы неге айырдың» деңгейін басып, балаларға дұрыс тәрбие көрсететіндей жақсы туындылар шығармақ.