Қазақ қызы кімнің жанкүйері

Қазақ қызы кімнің жанкүйері
жеке
блог

 «Астана арландары» мен «Британ арыстандары» бүкіләлемдік бокс сериясыWBS)  аясында кездесу өтеді деген соң, жанкүйер көңіл маза бермей Балуан Шолақ спорт ғимаратына жөңкілдік. Бір топ жігіт. Бәрі тамаша, бәрі жақсы, абырой болып боксшыларымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті. Болмаса әнеубір қазақ қызына күлкі болар едік. Ол туралы сәл кейінірек. Қиқу қосып, өзіміз жеңгендей көңілді отырдык. (Өзіміз жеңбей немене, қазағымның боксшылары бокстын отаны саналатын ағылшындарды жеңіп жатса). Анау-мынау емес, дәл рингтің жанынан орын тиді. Өзіміздің жігіттер шығатын көк бұрыштың маңайы бос емес екен, ағылшындар отырған қызыл бұрышқа жайғастық. Не де болса дәл жанынан көретін болдық деп, мәзбіз ғой сол баяғы. Алғаш болып Мирас Жақыпов шықты алаңға. Қуалып жүріп сабады (әлде бізге солай көрінде). Жеңгені анық әйтеуір. Содан Ержан Мүсәпіров шықты рингке. Бісміллә деп біз отырмыз. Үшінші раундта болу керек құлақ шекеде «Ержан аға алға, қаттырақ ұрыңыз» деген нәзік дауыс шықты. Құлаққа жағымды қыздың үні. Жалт қарадық. Дәл артымызда қазағымның қаракөз қызы отыр қиқуға басып. Айналайын-ау! Ішіміз жылып сала берді. Дәу де болса Ержанның жақыны деп топшыладық. Бірақ түрі әлпеті Ердан Мүсәпіровтің туысқаны деуге келіңкіремейді. Нағыз қазақы қыз. (Ержан бауырымыз қазақшаға шорқақтау ғой). Қарындас қиқуға басқанда не жан қалсын, шамамыз келгенше біз де үн қосып қоямыз.

 

Әттең... сол көзіміз құрғыр рингтің дәл түбінде отырған ұзын шашты, аққұба келген сұлу қазақ қызына түсті. Екі қолымен бетін жауып алыпты. Әуелде ағылшын боксшысына тиген ауыр соққы нәзік жүректі қыз баласының аяушылығын тудырып отырған болар дегенбіз. «Бақсақ бақа екен». Сөйтсек қатты қателесіппіз- ағылшындардың жанкүйері екен. Ержаннан таяқ жеген Джоша Тэйлор, Снигурға қарсылас болған Астон Браунды сабағанда командаласына «ақыл кеңес» айтуға рингтің қызыл бұрышына жақындады. «Біз сұлулығына тамсанып» отырған қаракөз ағылшынмен жақын тұрып суретке түсті. Түссін суретке ағылшындар күнде елге келе беретін халық емес. Таңсық болар дегенбіз. Бірақ ұялы телефонының қабығы ағылшын туымен көмкерілгенін көргенде, ағылшын елінің жанкүйері екеніне тіпті шүбәміз қалмады.

Ағылшыншаға жетік екен қарындас. Екеуі біраз шүйіркелесті. Бір шетінен «мемлекеттің үш тұғырлы» бағдарламасын жетік меңгерген, заман көшінен қалмағаны көрініп-ақ тұр. Алайда... Обшым не керек,  лигонеріміз Айнар Карлсоннан  Бабакар Камарадан басым түсті. Қыз көзіне жас алды-ау дедім. Әйтеуір өкінгені анық. Рингкке қарап айқайлап қояды ағылшынша. Әттең жанкүйер шу недегенін бізге естіртпеді. Қап - қара негіріңіз біздің Филип Хрковичтан жеңілді. Қарындас тағы өкініп бетін басты. Іш қыж-қыж қайнайды... Әу біз осы қай елде тұрып жатырмыз. Қазақ қызы кімнің жанкүйері!

 

Ерлан Райымқұлов