Қазақ жігіттері неге тек күзетші болып жүр???

Қазақ жігіттері неге тек күзетші болып жүр???
жеке
блог

Қазіргі жастарда байқағаным, бір жаңсақ пікір бар: оқымаса да адам болуға болады деген. Бұл менің ойымша, аға буын өкілдеріміздегі псевдо-бизнесмендердің пайда болуына байланысты. «Бұрында екіге екіні қоса алмай жүретін еді, қазір кердиіп адам танымай қалыпты» деген тіркестерді солармен жасты аға буындардан жиі естиміз. Бұны көріп өскен бала не ойлайды? «Аха, бай болу үшін терлеп-тепшіп оқудың да қажеті жоқ екен ғой. Бағым жанса, танысым болса болды» дейді.

Әлбетте, бағы жанатындар да баршылық. Бірақ, мен оны бақ деп айта алмас едім. Бұл түптеп келгенде адамның қабілетіне байланысты сияқты, яғни жеке қасиеттеріне, пысықтық, зеректік, не болмаса ата-анасының бастапқы бизнес ашуға жарнасының арқасы. Бизнес дегенде де, көбіне сол базар: бір жерден арзан бағаға сатып алып, екінші жерге үстіне баға қосып сату. Оған не бас керек? Экономикалық сараптау, биржамен ойнау, инвестиция болса басқа әңгіме. Міне, бизнес, міне, бас саған.  

Айналаға қарайықшы, қаншама білімсіз жастар жүр. Орысша түгіл, қазақша екі сөздің басын қоса алмайды. «Мой Мир» желісін ашып қалсаңыз, микроблогта өріп жүрген қателерді көресіз. Күзетші болып жүрген қазақ жастары, ұялы телефон сататын қазақ жастары, стройкада жүрген қазақ жастары. Осылардың барлығы сондай білімді болса бұл салада не істеп жүр? Алайда бір тірліктер жасап, баюды да ойлайды екен бұлар. Іске – сәт дейміз.

Менің ойымша, әсіресе жігіттерге, 35 жасқа дейін өз саласын тауып, ақша табудың көзіне ашып үлгерсе үлгерді, үлгермесе «қолды мезгілінен кеш сермейтін» уақытқа тап болады. Одан кейін сол уақытқа дейін жасап үлгерген ұрпағының аузына қараумен өмірі өтеді. Әлбетте егер саналы ұрпақ тәрбиелей алса.

Сосын, «Қызға оқу не керек? Қосу мен көбейтуді білсе болды ғой» дейтіндерге таң қаламын. Әрине, қыз баланың басты міндеті күйеуге шығып, ұрпақ тәрбиелеу. Бірақ, екіге екіні қосып, ары қарай санау білмейтін әйел ұрпағына не үйрете алады?

Оқу дегенде де, тупо диплом ала салу, сатып алу дегенді білдірмейді. Кәдімгідей кітаптың бетін ашып оқу, есеп шығару, білімді болуға талпыну, іздену. Тіпті бағың жанып шіріген бай болып жатсаң да, тым құрымағанда ой-өрісіңнің кеңеюіне қажеті жарайды.

Сонау он тоғызыншы ғасырда өмір сүріп, бар тіршіліктің мән-мағынасын, білімді жете түсінген Абайдан асқан ұлы бар ма? Әрбір жас Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп жаттаған өлеңдерін жақсы түсініп оқыса игі еді.