Қазақ жігітінің арманы қандай?

XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Ақтанберді жыраудың батыр арманын танытатын “Күлдір-күлдір кісінетіп” атты толғауында “Жолбарыстай шұбарды таңдап мінер ме екенбіз!”, “Жалаулы найза жанға алып, жау қашырар ма екенбіз!” деп, ер қанаты болып саналатын ат пен шайқаста жеңіске жетіп, азатыққа қол жеткізуді армандайды. Ал XIX ғасырдың жалынды ақыны Махамбет Өтемісұлы “Желп-желп еткен ала ту” жырында “Арғымықтан туған асылды баптап мінер күн қайда?”, “Жау қашырар күн қайда?” деп, арман-тілектерін әсерлі жеткізеді. Әрине, тарихи контекст әртүрлі екені белгілі: біріншісінде қазақ-қалмақ соғысы туралы болса, екіншісінде Исатай бастаған Жәңгір ханға қарсы көтеріліс жайлы сөз қозғалады. Бірақ, бұл жырлардың идеясы бір, екеуінде де еліңе деген сүйіспеншілігі мол батыр жүрегі еркіндік пен жеңіске ұмтылады, асыл тұқымды тұлпарды мінгісі келеді.

Ал бүгін ше? Кешегі батырлардың сенімді серігі арғымақ болса, бүгінгі жігіттер темір тұлпардың таңдаулысын армандайды делік. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттықты бізге сыйлады, тәуелсіз мемлекет атандық. Енді қазақ азаматтары, бүгінгі батырлар нені армандайды? Менің ойымша, егеменді елінің дамуына үлес қосуды, тілдер меңгеруді, ғылыми жаңалақтар жасауды, жаңа технологияладры игеруді, білім жолын қууды көздейтін азаматтар – бүгінгі батырлар, елдің тірегі мен тілегі.   



Бөлісу: