Қазақ жерінде тағы бір полигон ашылады
блог
Қазақ жерінде тағы бір полигон ашылады. Ел үкіметі сынақ жүргізу үшін Ресейге тағы 76 мың гектар жер бөліп бермекші. Енді Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы осыншама ұшы-қиыры жоқ аумаққа Байқоңырдан ұшатын зымырандардың бөліктері құлайтын болады. «Қостанай таңы» газетінің хабарлауынша, бүгін облыс әкімі мен жауапты министр ауыл халқымен кездесіп, мән-жайды түсіндірген.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Яғни, жалға берілетін 3 жыл ішінде осы жерге «Союз-2» зымыранының бөліктері 8 рет құлайды деп жоспарланған. Аймақтың экологиясын ластап, халық денсаулығының өтемі дейміз бе, әйтеуір Жангелдин ауданының бюджетіне жылына 151 миллион теңге аударылып отырмақ. Тіпті полигонның нақ іргесінде жатқан Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем бөлініп, ауыз су тартпақшы екен. Бұдан бұрын «Полигонға қарсымыз» деп премьер-министрдің атына хат жазған ауыл ақсақалдары осы уәждерге тоқталса керек, жиын қорытындысы бойынша «жер берілетін болды» деген шешім қабылданыпты.