Қазақ жастары неге шетелге кетуге асық?

Қазақ жастары неге шетелге кетуге асық?
жеке
блог

Жыл сайын елімізден мыңнан аса жасөспірім шетелге кетеді. Бірі оқу үшін барса, бірі жұмыс жасап жайлы өмір іздеп кетеді. Елден кетуге асыққандар саны неге артып келеді? Өз елімізде білім мен қолайлы өмір сапасының төмен болғаны ма? Әлде бұған қоғам кінәлі ме?

Қоғамда  жастардың біраз бастамасынан кемшілік көріп, шын жақсыны көрмей әділетсіздікке жол беретіндер кездеседі. Әділетсіз орта қалыптастырушылар болшаққа кедергі екені анық. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Көпке топырақ шашпағанымыз абзал. Мүмкін бұл мәселеге себеп - тұрақсыз жұмыс пен мардымсыз жалақы ма екен...?

Басты мәселе не?

Қазіргі кезде өзге елде жақсы жұмыста қанағаттанарлықтай жалақы алып, сапалы білім алу қиын емес. Сондықтан болар мектеп бітірген түлектен бастап шетелге асығатындар саны көбейіп келеді. Тіпті, сол жақта біржола қалып жатқандар да бар.

Басты мәселе, менің ойымша баспана табу мен жалақының аздығы. Қазіргі таңда өз пәтерің болмаса жалдап тұрған пәтерге жалақыңның жартысынан көбі кетеді. Пәтер ғана емес, алатын азық-түлігің мен қосымша шығындарыңды санағанда қай жағына жеткізеріңді білмейсің. Статистика бойыншы 2024 жылдын 1 тоқсанындағы орташа жалақы мөлшері 382 279 теңгені құрады. Бұл жалақы мөлшері біреуде болса біреуде бола бермейді, біреуге жетсе біреуге жетпейді.

Басқа мемлекеттерді алып қарайтын болсақ орташа жалақы бойынша бірінші орында Люксембург шамамен 1 240 468 теңге (біздің валютамен алғанда), АҚШ $3263, Оңтүстік Корея $2852 тағысын тағы. Бұл орташа жалақы бойынша алдыңғы қатардағы мемлекеттер, өмір сүру сапасы мен білім беру жағынан да бізден әлде қайда алда. Бұл жерде жалғыз пәтер мен жалақы мәселесі ғана емес, жұмыссыздық пен еңбектің дұрыс бағаланбауы тағы бар. Осындай өзекті проблемаларға көз жұмып қарай алмаған жастар шетелге кетуге мәжбүр болады.

Әр жасалған қадамның өзіндік бір артықшылықтары мен кемшіліктері болатынын білеміз. Біз айтқандай шетелде бәрінің шалқып өмір сүріп жұрмегендері бәріне мәлім. Жақсы жұмысқа тұрғандардың жөні бір бөлек болса, кейбіреулері қара жұмыс істеп күндерін көріп жүр. Өтірік емес жұмыс істеймін деп барып құлдыққа да түсіп, қайтыс болды деп те қаралы хабар келіп жатқандары аз емес. Бір өкініштісі өз Отанынан жырақтап «жұмақ іздеп» кеткендердің басым көпшілігі жастар, келешек ұрпағымыздың мұндай күй кешіп жүргенін естігенде жүрегің ауырады.

Шешімі бар ма?

Ендігі бұл мәселені қалай шешеміз? Ең алдымен жалақыны көтеріп, білім сапасын жақсартып, жұмыссыздықты жойсақ - мәселені шешудің, бірден бір жолы осы шығар. Көптеген мықты мамандар шетелге кетпей, еліміздің көркеюіне үлесін қосады. Мемлекетімізді дамыған елдер қатарынан қалуының себептері білікті мамандардың болмауы деп ойлаймын.

Ойымды қорытындылай келе еліміздің азаматтарын, мамандарын, болашақ жастарын елде қалтыру үшін дамыған мемлекеттерден қалыспай елімізді жандандыруымыз керек. Бұл тұрғыда Қазақстанда бірнеше жобалардың басы қолға алынып жатқанын білеміз және сол жобаларда осы айтылғандар ескеріледі деген сенімдеміз. Болашақ жастардың қолында дейміз, ендеше сол жастардың өз жері, өз Отанына қызмет қылуына барынша жұмыс жасап септігін тигізейік.

АДЕЛЯ РИШАДҚЫЗЫ