Қай елдің болмасын ғасырлар қойнауынан, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы қашан да құнды. Әрине, әлеумет өміріндегі тартыс-тынысы, қоғам өмірінің дамуы мен тілек-мүддесін сөзінде жыр, ісінде ту етіп көтеретін адамдар да дүниеге келеді. Сол сарқылмас қазынаны жылдар бойы жанымызға серік етіп, тәлім-тәрбие аламыз. Соған орай, айтулы ғұламалардың бар қалдырған мәңгі мұраларын бір арнаға тоғыстыра білген 202-топ студенті Асқар Ардақпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Әңгімені бала кезіңізден бастасақ... Ең алғаш қызығып, сүйіп оқыған әдебиетіңіз жайлы айтып берсеңіз...?
- Алғаш оқуға деген қызығушылығым «Кемпірқосақ» ертегілерінен басталды. Оның ішінде қызықты ертегі-әңгімелер, жұмбақ, жаңылтпаштар көптеп берілетін. Сол кітапты зер сала бірнеше рет оқып, жатқа айтып та жүретінмін. Бұл менің үлкен кітап әлеміне аяқ басуымның бастамасы ғана еді. Кейін аңыз-әңгімелерді, жырларды ерекше құштарлықпен оқи бастадым.
Сіз заманауи әдебиеттерді сүйіп оқитыныңызды айттыңыз.. соның төңірегіндегі көзқарасыңызды білсек деген едік..
- Иә, шетел әдебиетінен Ирландияның Сесилия Ахерн атты жазушының шығармашылығы ұнайды. Оның махаббат, достық, өмірге көзқарас туралы бізге жеткізгені қазіргі заманымызға сай келеді.
Қазір қазақ көркем шығармалары көп оқылмайды да, шетел әдебиетінің оқылу рейтингісі жоғары? Олар несімен тартымды?
- Қалай дегенмен, шетел әдебиеті ол біртума шығармалар. Робинзон Крузо және тағы басқа әлемдік ткындылар қызғылықты. Олар өзіндік көзқарастары, сан түрлі тұстарымен ерекшеленеді. Бізде біртума шығармалар жоқ демеймін және қазақ әдебиетін жамандамаймын. Бірақ қазір халқымыздың көптеген өлең, роман, әңгімелеріне баяғы көнерген сөздерді көп қосады. Сондықтан, әдеби терминдерді кейде түсіне алмай жатамыз... Мүмкін заман өзгеруінің де ықпалы бар шығар.. Бір жағынан ол кездерден бері халқымыздың ойлауы, ұстанымдары, мүддесі батыс еліне күннен-күнге жақын келеді. Көптеген оқырман жүрегіне жол таба білген С.Ахерн, Дж.Кехо, Дейл Карнеги сияқты жазушылардың шығармашылығы өте қарапайым, жанға жақын және тез қабылданатыны да содан.
Кітап оқу барысында мағынаның тереңіне бойлау үшін неге мән беру керек?
- Меніңше, шығарманы барынша зер ала оқысаң кейіпкермен бірге жүргендей боласың. Яғни, бұл ең алдымен мазмұнына терең мән беру керек екенін аңғартады. Кітапты беріле оқысаң автордың айтайын деген ойын, көзқарасын, бізге жеткізейін деген бар қазынасын мәңгі жадыңда сақтай аласың дер едім.
Әлем әдебиеті былай тұрсын, сіз үшін қазақ халқының болмысы, әдет-ғұрыптарының арбаушы сиқыры елестейтіндей әсер еткен қай шығарма болды?
- Ең алғаш сүйіп, қызығып оқыған «Қобыланды батыр», Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» шығармаларынан кейін тереңдей түсті. Ол шығармалардан дәстүрлі әдебиетіміздің тарихымен, сол ғасырлардағы халық шаруашылығы, әдет-ғұрпы, дәстүрлері, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасымен терең танысқан болатынмын.
Кітаптан рухани азық алып, сусындау үшін қай уақытта, қай жерде оқыған жөн деп санайсыз?
- Ең бастысы тыныш жер болса болды.
Қаламгерлікке талпыну, жазуға машықтану төңірегіндегі бізге айтар ойыңызды білсек деген едік... Алдағы уақытта қалам тартып кішігірім не күрделі шығармалар жазу ойда бар ма?
- Мамандығым қаламгерлікке жақын болғандықтан қызығушылығым мол. Алайда оқырман көңілінен шығатындай шығарма жазу үшін көп ізденіс, тәжірибе керек. Оның өзі үлкен өнер. Өкінішке орай авторлық шығарма жазу әлі ойда жоқ. Сондықтан болашақта жазар жазбасымызды тек уақыт көрсетер..
Сұхбатыңызға рахмет
Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Қазақтың көркем тілі – қазақтың көркем әдебиетінде. Ал әр ұлттың әдебиеті мен тілі әрқайсысының өз алдына керек. Мейлі әлемдік әдебиет болсын, мейді дәстүрлі..қашанда білімімізді шыңдап, ізденуден жалықпай оқи берген абзал. Өйткені қазіргі қазақ қоғамының алдында жас ұрпақты кітапқа, оның ішінде қазақ тілінде жазылған кітапқа баулу мақсат етіледі.