Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй, - деп дана Абай қазақтың ән мен күй құдіретін осылай жырлаған. Себебі, қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы.
Қазақ халқының рухани жәдігерліктерінің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл - қазақ әншілік өнердің сан ғасырлық даму тарихының бар екендігін бірден бір айғағы.
Киелі қара домбыра мен қарт қобыз сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді. Талай ғасыр сүзгісінен өтіп бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнерінде әуендік, орындаушылық, құрылымдық өзгешеліктері мен кең тараған мекеніне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасты. Олар – Арқа, Батыс, Сыр және Жетісу мектептері.
Бағдарламаға дәстүрлі ән мектептерінің өкілдері Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, Нұрболат Исаев, Нұрсұлтан Елемесов, Зульфия Баймұрзаева қатысып, өз ойларын білдіріп, өнерлерін ортаға салады.
Мәтінді оқыған: Шамшаддин Омар
Бейнеператор: Ринат Берешев
Режиссер: Еділ Шыңғыс
Продюсер: Ғазиза Ұзақ
"Қазақ халқының салт-дәстүрлері" бағдарламасын сейсенбі, 24-қыркүйекте, сағат 22:00-де СТВ арнасынан тамашалай аласыздар.
Мұрағат: stv-online.kz
Бағдарлама түсірілім жұмыстарына атсалысқаны үшін «Алма-Ата» қонақүйіне алғыс білдіреміз.