Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде айбынды алашты аузына қаратқан «Қазақ» газеті жарық көрді. Аталмыш басылым, қарға тамырлас қазаққа алты жыл бойы қалтқысыз қызмет еткен болатын. Өңір де, өмір де тығырыққа тіреліп, астан кестеңі шығуға таяғанда көзі ашық, көкірегі ояу бір топ ұлт зиялылары қараңғы қазақ көгіне «Қазақ» газетін жарқ еткізді. Ғұмыры қысқа болғанмен, басылымның бергені мол. Соның ішінде, газетте өнер мен білімді насихаттаудың бәсі биік болды.
Ұшар басында халықтың қалаулысы, елдің елеулісі Байтұрсынның Ахметі мен Дулаттың Міржақыбы тұрғанда басылымның өнер- білімді сөз етпеуі мүмкін емес- ті. Сөзімді дәлелдей түсу үшін деректермен дәйектей түсейін.
Газеттің алғаш шымылдығы ашылып, тұсауы кесілгеннен кейінгі мақалалары осы ағартушылыққа арналды. Соның ішінде редакция ұжымы бастапқы жылы оқу- білім не үшін керек екеніне кеңінен тоқталған. Осы арқылы, қарапайым халықтың білім берудегі сараңдығы мен білім алудағы надандығын бірде өткір сынға алса, бірде жаны аши ақтарыла түсіндіреді. Сол мақалаларға мысал ретінде, мың тоғыз жүз он үшінші жылы жарық көрген «Оқу жайы» және «Қазақша оқу жайы» мақалаларын айта аламыз.
Аталмыш мақалаларда, авторлар, қазаққа опық жегізе, оңдырмай тұрған білімсіздікке тоқталып, осы кемшілігімізді көргендердің басымызға әңгір таяқ ойнататынын, сондықтан бұның қазаққа ескерерлік іс екенін жеткізеді.
-Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер білім, сол өнер білімді мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік, -делінген мақалада.
Кейін, мың да тоғыз жүз он төртінші жылы «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері» және «Оқу мезгілі» атты мақалалар қалың оқырманға жол тартты. Бұл жазбаларда мектеп пен медресе мәселесі көтеріліп, зиялылар білім ошақтарына мұқтаждықтарын айтқан. Соның ішінде, «Қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек?», «Білім ордасының қажеті не?» деген сауалдарға жауап бере кетеді.
Осы орайда, біліммен қатар тілдің тұғыры көтеріліп, қазақ тілінен басымдық беру мәселесін алға қойылды. Дейтұрғанмен, кіндігі бір блмағанмен жүрегі бір ұлттың өз тіліне қайрылмай кеткен тұсы да болған. Қағаз жүзінде қолда бар дүниеге қара халықтың қызығушылық танытпауы ұлт ұстазы- Ахмет Байтұрсынұлының жанына қатты батқан-ды.
Бұл жайлы Ахаң: -Ережеге сай баламды қазақ тілімен, қазақ әріпімен оқыт, деп отырған ата- ана жоқ. Ата- ана сұранысы болмағаннан кейін мұғалімдерден қазақ тілінде білім беруге құлшына қоймайды. Оқушылардың ана тілінде оқығанын кей әкімдердің жақтырпайтыны да рас,- деп қынжылады.
Осы сынды өткір де өтімді мақалалар қалың қазақтың, озық ойлы оқырманға айналуына сеп болады. Бұл мен көрсетен өнер- білім жайлы мақалалардың бір ұшы ғана, кеңінен тарқатар болсақ тақырып түбі тереңде екенін есімізден шығармағанымыз жөн.
Қорыта келгенде, баспасөзде ойып тұрып орын алған «Қазақ» газеті қалың бұқараны тар заман, тайғақ жолға қарамастан өнер- білімге шақырып, қара қапастан алып шығуға барын салды. Оған қоса, баспа ұжымы, бас редакторы айтпақшы «әрі сыншы, әрі жазушы» болып, оқырман жүрегінен, қазақ баспасөзінен өз орнын тапты.
Назерке Альбертқызы
Әл Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық
Университетінің студенті