“Қазақ” газетінде өнер-білімнің насихатталануы

Қазақ газетінде өнер-білімнің насихатталануы

​ХХ ғасыр басында қазақ халқының қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетіне айналған басылымдардың бірі – «Қазақ» газеті. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласынан шыққан газет мазмұнды болуының нәтижесінде, жалпыұлттық басылымға айналды. Жалпы 266 саны жарық көрген газеттің алғашқы бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы кейінгі жылдары М.Дулатұлы, Ж.Жәнібекұлы болды. Ұзындығы 46 см, ені 30 см болып жарыққа шығып отырған газеттің басты символы ретінде «киіз үй» алынды. Таралымы 3 мыңнан 8 мың данаға дейін жеткен болатын.

Газетте қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірі, шаруашылық мәселесі, жер жағдайы, бала тәрбиесі, денсаулық саласы, өзге жұрттармен қарым-қатынасы, әдебиет, мәдениет жайы, әдет-ғұрып пен салт-сана, тарих пен шежіресі жазылып, өнер білім жайы да насихатталды. «Қазақ» газетін өнер мен білімді насихаттау жағынан халыққа жолбасшы болды деп айта аламыз. Себебі, онда елді өнер мен білімге шақырған көптеген мақалалар жарияланды. Атап айтар болсақ, «Қазақтың жайы», «Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы», «Мектеп керектері», «Бастауыш мектеп» және т.б. мақалалар білім мен оқудың мәнін терең түсіндіріп, маңызын айқындады. Сондай мақалалардың бірін 1913 жылы 1 наурызда жарық көрген №4 санында студент Есенғали Қасаболатов жазды. «Қазақ жастарына» деп аталатын мақаласында білімнің маңызы туралы замандастарына былай дейді: «Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артқа қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп, жол көргізетін жаңа талап, талпынған әр жігіт, жастар болса керек еді».Есенғали Қасаболатовтың бұл сөзі жастарды өнер-білімге шақырған замандастың сөзі еді.

«Қазақ» газетінің әр жылғы нөмірі білім мен ғылымды, өнерді насихаттауда жаңаша бағытта өріс алды. Мысалы, 1913 жылы жарияланған мақалалар оқудың мәні мен маңызы туралы болса, 1914 жылғы мақалалар мектеп, медресенің жайы мен пайдасы туралы болды. Оған газеттің 1914 жылғы санында жарияланған «Оқу мезгілі», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері» деген сияқты мақалалары дәлел болады. Бұл мақалаларда мектеп пен медресенің сын көтермейтін жағдайы жазылып, мұқтаждықты бірге жоюға шақырады.

«Қазақ» газетіндегі өнер мен білімнің насихатталуын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының газет бетінде жарияланған мына сөзімен аяқтауды жөн санадық: «Бастауыш мектептер жалғыз хүкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуға керек, яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек».

Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ "Журналистика" факультетінің 1 курс студенті Сағатбек Дания Кеңесбекқызы 

 

 

 

 

         



Бөлісу: