Алдымен, тарамдалған тарихқа көз жүгіртіп өтсем. Қазақстан футбол федерациясы құрылып, алғаш рет футболдан Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогі 1992 жылы өткізілді. Аталған турнирлерде «Қайрат» футбол клубы жеңімпаз атанды. Сол жылы 1 маусымда Қазақстан футбол құрамасы алғашқы матчін өткізді. Сәйкесінше, жолдастық кездесуде Түрікменстан құрамасын 1:0 есебімен жеңді. 1994 жылы Қазақстан толыққанды ФИФА мүшесі атанды. 1995-96 жылдары ел құрамасы Азия кубогі мен Олимпиада ойындарының іріктеуінде сүрінсе, араға бір жыл салып отандық аяқдопшылар Әлем чемпионатының ірітеуінде іркілді. Осыдан кейін біраз ойланған Қазақстан футбол федерациясының басшылары Азия Футбол Конфедерациясының құрамынан шығуға шешім қабылдады. Сөйтіп 2002 жылы 25 сәуірде УЕФА-ға мүше болып қабылданды.
Осыдан бастап отандық футбол клубтары еурокубоктерде ойнау мүмкіндігін алды. Сәйкесінше, ұлттық құрмамыз да Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында бой көрсете бастады. Бірақ осы уақыт аралығында өткен бес Еуропа чемпионатының біреуінде де қазақстандық футболшылар өнер көрсеткен жоқ. Еурокубокте де жарытып өнер көрсетіп жүрген командамыз кемде-кем. Осыған дейінгі ең жоғарғы көрсеткіш елордалық «Астана» футбол клубына тиесілі. Аталған клуб 2014-2015 жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде сүрінсе, 2018-2019 жылғы маусымда УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалында жарыс жолынан шығып қалды. Бұдан басқа ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз жоқ. Осының себебі неде?
Бірінші себеп. Инфрақұрылымның жоқтығы.
Қазақстандық стадиондардың басым бөлігінде көгалдың сапасы өте нашар. Сонымен қоса, футбол клубтарының көбісінде сапалы жаттығу алаңы мен жеке қонақүй жоқ. Салыстыратын болсақ, еуропаның көптеген командаларында жоғарыда аталған қажеттіліктердің барлығы бар.
Екінші себеп. Жас ойыншылардың аздығы.
Қазақстан чемпионатындағы ойыншылардың көбісі «қариялар» мен «келімсектер». Олардың жалақылары өте жоғары. Осының салдарынан қаншама жас ойыншылар алаңға шығып доп тебе алмай жүр. Салыстырмалы түрде «Аякс», «Боруссия» сияқты командалар өздерінің түлектерін басқа командаларға сату арқылы қыруар қаржы тауып жатыр.
Үшінші себеп. Бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі.
Қазақстандағы командалар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Яғни, Қазақстан чемпионатындағы 14 команданың жылдық бюджеті шамамен 19 млрд теңгені құрайды. Бірақ кейбір футбол клубтарының басшылары бұл қаржыны дұрыс игере алмайды. Осының салдрынан жыл сайынғы нәтиже нашар. Сәйкесінше, жыл сайын миллиондаған қаржы желге ұшады. Ал еуропаның көптеген клубтары жеке инвесторларға тиесілі.
Жоғарыда айтылғандар қазақ футболындағы кемшіліктердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта бұл кемшіліктер жойылып, ел футболының еңсесі тіктеледі деп сенемін. Келер күнге үмітпен қараймын.