Қазақ философиясындағы Қазыбек бидің рөлі

 

"Өнер алды қызыл тіл".

Халық мұрасынан

 

Кез-келген қауымның әлеуметтіксаяси ойларын, философиясын зерттеу үшін сол қауымның әдет-ғұрып құқықтары мен пайымдарына назар аудармай өтуге болмайды. Қазақтың  әдет-ғұрыптары  мен  заңдары іштей  біртұтас,  берік  күйінде  сақталған.  

Қазақтан шыққан ең бір атақты, ең бір беделді, турасынан сөйлейтін, бар халқының және ханның алдында құрметке ие ең танымал үш биіміз бар. Олар: Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би. Әрбірі өзіне тән қасиеттермен ерекше. Осылардың ішінен Орта жүзден шыққан Қазыбек биіміздің қазақ философиясынан алар орнын айқындайық. Оны ең алдымен шешен, сөз шебері ретінде танимыз.

Сөз шеберлігі — шешен сөйлеу, əдеби-көркем тілде сөйлеу, сондай-ақ түрлі-тілдік амал- тəсілдерді мағыналық, формалық, стильдік сипаттарына сай ұтымды талғап таңдай білу. Шешендік өнер — өзінің нақты зерттеу нысанасы, белгіленген теориясы, сандаған жылдардан бергі тарихы бар пəндердің бірі.

Қазақ би-шешендері сөз өнерін барлық өнерден жоғары қойып, «Өнер алды — қызыл тіл», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, хас шешендер сөз табар», «Тілі мірдің оғындай» сияқты көптеген қанатты сөздер мен мақал-мəтелдерді, сөз оралымдарымен тұрақты тіркестер мен әдеби теңеу, метафора, шендестірулерді қолданысқа кеңінен енгізіп, келер ұрпаққа асыл мұра қалдырған болатын.

Қазыбек бидің өмірінен, шешендік өнерінен  сыр шертер бірнеше мысал келтіре кетейін. Қазыбек биге бір адам: «Кім жақын, не қымбат?» деген сұраққа жауап беріңізші», — деп қиылып отырып алады. Сонда Қазыбек былай деп жауап қайтарған екен:

(не жақын)

 Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса, інің жақын,

Инабатты боса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,

Қимас жақын — қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын,

Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағың — шөберең жақын.

Жан серігің жас кезіңнен,

Бəрінен де əйелің жақын.

* * *

(не қымбат)

Алтын ұяң — Отан қымбат,

Құт берекең — атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың — əкең қымбат.

Туып өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

Осы бір нақыл сөздерінен-ақ терең философиялық ойларды, даналық пен данышпандықтың ұштасып жатқандығын көре аламыз.

 

Авторлары: Жанатаев Данат, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Минджасаров Нурсултан, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінің магистранты



Бөлісу: