ҚАЗАҚ ЕМЕС ЕКЕНСІҢ...

 

- Дүкендер, кафе-барлар мен ресторандар,  түнгі клубтарға атау беруді бір ізге келтіру керек. Бәрін қазақшалау, бәріне тарихи, зиялы, ардақты тұлғалардың  есімін беру қажет, оларды насихаттай түсуіміз керек" дейді университеттегі ұстаздардың бірі. Тыныш отырмай өз ойымды айтып едім "қазақ емес екенсің" деп дүрсе қойды. Ондағым "Насихаттау дегеніңіз дұрыс қой, әрине...бірақ мұндай амалдар ақылға сия ма? Әркім жекешелендіріп алған, салық төлеп отырған мекемесін қалай атау керек екенін халықтан сұрайды дейсіз бе? Жеке мүлікке қол сұқтыра ма олар? Оның үстіне "Ыбырай" немесе "Міржақып" деген түнгі клубты қалай елестетесіз? Әлде осыны ішімдікке тойып алып, темекінің түтініне уланып  "Міржақыпқа қарай тартылШИШ...сонда отырмыз" дейтін жастарға ұлт элитасын насихаттау деп білесіз бе? Ондайларға  көңіл көтеретін орын болса болды.  Басқаның құны бір тиын, күл болмасаң - бүл бол! Әркімнің жеке меншігіне қол сұғуға шамамыз келсе осы уақытқа дейін қаланың орталығындағы "Американский городок" -ты да бір жағына шығарар едік қой. Мемлекет ішіндегі мемлекет сияқтанып, жер сатып алып, арнайы зәулім үйлер салынып , мамыражай тірлік кешуде. Кезінде сатылып кеткен жерлер емес пе бұлар да...ендігі кезекте әр тұстан "Сол дұрыс емес. Олар өз меншіктеріне тіпті әкімді де кіргізбейді екен" деп халық шуласады. Кіргізбесе несі бар? Сатып алды ма - сатып алды, салық төленіп жатыр ма - ия!, ешқандай ши шықпайды, тәртіпсіздік деген атымен жоқ бұл маңайларда.  Ал әлгі үйдің ішінде ненің болып жатырғаны әкімнің мәселесі ме? Бастысы - қоғам тыныштығына нұқсан келіп жатырған жоқ. "Жүсіпбек" "Мұқағали" деген клубтарда тарсылдап билеп, "рухани байлық" іздегенше үйреншікті "Клеопатра" , "Маяк" дегендерде жүре бергендері абзал. (Құда да тыныш. құдағай да тыныш дегендей). Ал дүкендерге келетін болсақ...бұл жағы оңайға түседі енді. Мәселен "Абай", "Әлихан" деген дүкендерді қаламыздан ондап санап алуға болады. Ақынның құрметіне қойылған ба, жай ұлының атына қоя салған ба кім анықтап біліп жатыр? "Сұлулық салонын әйелімнің есімімен "Сәуле" деп атаймын"  дегенге "Жоқ, Хиуаз деп атайсың" деп қалай айтасың? Маңдайшалардағы жазбаларда орфогрфиялық қателіктердің болмауын, алдыңғы кезекте мемлекеттік тілде жазылуын қадағалау деген дұрыс...ал сіздің идеяңыз..." деп едім төлеңгіт руынан шыққан мені тағы да қазақтар санатынан сызып тастады...мұнысына ренжімедім...қалай болғанда да өз сөзім - өзімдікі! 

  Айтайын дегенім, сіз бен біздің болашағымыз үшін күрескен жандарға мұндай ұсақ әрі лас пиардың керегі қанша? Дүкеніңді де, рестораныңды да атамай-ақ қой.  Пиар керек пе еңбектерін аудар, том-том қылып кітаптарды басып мектептерге тарат, мықты режиссерге тапсырма беріп фильм түсір ("Қазақфильмнің" құлағына алтын сырға) тағысын- тағылар...бірақ болмашы нәрсені айтып ұсақталудың қажеті жоқ!

P.S: Өз сөзім – өзімдікі!

 



Бөлісу: