Қазақ елінің мақтанышы Абай Құнанбаев

Қазақ елінің мақтанышы Абай Құнанбаев

   Қай елінің қазақ халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы және діни сауатын, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болып жатады.            

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл-философ Абай еді. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.                

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Даналықты көздесең

Жат, тоқып ал көңілге, - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз жырлағандай, Абай – мен үшін өлеңнің атасы. Абай Құнанбайұлы қазақ халқының басындағы мәңгі өшпес жарық жұлдызы. Абай – қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл. Ақын ел арасында болатын көптеген жағымсыз әрекеттер: іштарлық, көрсеқызарлық, сондай ақ көреалмаушылық, еріншектік, жалқаулық сияқты теріс қылықтардан аулақ болуға үндеп, ұрпаққа үлгі көрсетпек түгілі қара басын әрең алып жүрген мына халықтың берекесіз тірлігін күні бұрын көріп тұрғандай ашық та айқын суреттеп, тереңнен баяндаған. Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде».

Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді.

Сонымен қатар ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да кең ауқымды мұра қалдырды. Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі — олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығынан да, халық санасынан өшпес орын алды. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Осындай мәңгі жасыл нәрлі мұраның асылын қанып ішіп, өміріне қажетті дүниелерді бойына жия білген әрбір жас ұрпақ – нұрлы да шуақты болашақтың иесі боларына кәміл сенемін

 

Абай атамыздың  пікірінше, адам болу үшін оның бойынан үш түрлі фактор табылуы тиіс. Біріншіден, баланың шыққан тегі жаксы болуы керек, екіншіден, оның әлеуметтік жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, ушіншіден, балаға адамгершілік тұрғысында тәрбие берілуі қажет. Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игілігіне жету жолындағы Бұл қырсықты ғылым мен білім аркылы ғана жоюға болады деп есептеді. Ол жастарға үздіксіз еңбек етіп, білім алуды міндет етіп қойды. Білім алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемісті және ізгілікті болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол — оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады

 

Байтөлеуов Жандос Алмасұлы  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

www.kaznu.kz   Дінтану мамандығының студенті. 

Жетекшісі ҚазҰУ,аға оқытушысы Тунгатова Ұ.А.

 



Бөлісу: