Қазақ Елін менсінбейтін футболист Жуковтың Ұлттық құрамаға қажеті қанша?

Қазақ Елін менсінбейтін футболист Жуковтың Ұлттық құрамаға қажеті қанша?
жеке
блог

Жартылай қорғаушы Георгий Жуков "Қайрат" сапына ауысты. Бұл жөнінде клубтың баспасөз қызметі хабарлап отыр. Семейде дүниеге келіп, спорттық мансабын Бельгияда бастаған ойыншы алдағы үш жылын Алматыда өткізбек. Әлбетте, бірнеше жылдан бері чемпиондыққа таласса да, алтынға қол жеткізе алмай жүрген "Қайрат" үшін бұл жақсы жаңалық. Оны мамандар да айтып жатыр. Десе де жанкүйердің бәрі бұл жаңалықты жақсы қабылдай қоймады. Не үшін? Айтқан сөздері мен істеген істері үшін. Жуков не айтты? Не істеді?

Әңгімені әріден бастайық. Жоғарыда айтқанымдай, Жуков Семейде дүниеге келген. Бірақ бес жасында ата-анасымен бірге Бельгияға көшіп кеткен. Футбол ойнауды "Андерлехте" бастап, 16 жасында "Беерсхот" командасымен келісімшартқа отырған. Дәл сол жылы ол Ресей азаматтығын, артынша Белгия азаматтығын алған. 19 жасында агентінің айтуымен Қазақстанға қайтып келеді. Өмір сүру үшін емес, футбол ойнау үшін. Біздің чемпионатта шеттен келген ойыншылар санына шектеу бар. Бірақ "Астана" сапына қосылған Жуков Қазақстанда дүниеге келгендіктен ол шектеу бұл ойыншыға жүрмейді. Содан, болашағынан үлкен үміт күттірген оны Қазақстан құрамасына тарту жұмыстары да басталады. Алайда, алғашында жастар құрамасына ойнаған жартылай қорғаушы, ресми ойындарда Ұлттық құрамаға ойнаудан бас тартады. Әлбетте, ашық түрде емес. Шақырту алғанға барады, бірақ түрлі себептермен ойынға шықпайды. Сол баяғы жарақат, анау-мынау. Шын мәнінде, оның себебі Бельгия мен Ресей азаматтығы болатын. Қысқасы, футболда бір елдің құрамасы қатарында ресми ойындарда ойнасаң, одан кейін басқа елдің құрамасына ойнай алмайсың деген жазылған заң бар. Сол заңды алға тартып Георгий біздің құрамаға ойнаудан қашты. Бұл жағдайда "Онда бізге керек емессің!" деп қол сілтей салуға болар еді. Бірақ біздің футбол басшылары неге екені белгісіз, осы ойыншыға жабысты да қалды. Ал ол өз кезегінде қазақтар еңкейген сайын шалқая түсті.

Жуковтың кім екенін түсінген боларсыздар. Енді оның қалай шалқайғанына көшейік. Бұл жігіт шалқайғанның көкесін сұқбат бергенде және әлеуметтік желілердегі пікірлері арқылы жеткізуге құмар.

Бельгиялық басылымдардың біріне берген сұқбатында ол: "Мен Қазақстан құрамасының бапкеріне маған ресми ойындарда үміт артпауын жеткіздім. Мен өскім келеді, сол себепті де қай құрамаға ойнайтынымды әлі шешпедім. Менің екі таңдауым бар – Бельгия мен Ресей", - дегені жанкүйерлердің әлі де есінде. Сол сұқбаттан кейін ойыншы әлеуметтік желіде жұртпен сөз таласқа түсіп, айыппұл да төлеген болатын. Бірақ ол аз болған сыңайлы. Айтқан сөздері үшін ақталып, өзін дұрыс түсінбеген елден кешірім сұраса да Жуков мұнымен тоқтап қалмады. Мысалы, осы жылы шілде айында ресейлік championat.com порталына берген сұқбатында: "Шынымды айтсам, мен алғашында Қазақстандағы жігіттер де футбол ойнай алатынына қатты таңғалдым", - деген екен. Ашуға тие ме? Тиеді, әрине! Бұлай айтатындай ол кім еді? Небәрі 37 мың халқы бар Лихтенштейнде доп тебетін адам табылғанда, Қазақстанда табылмайды деп ойлады ма? Жә, келесі пікірге көшейік. Дәл сол сұқбатта "Туған жеріңізге оралғандағы алғашқы ойыңыз" деген сауалға берген жауабын оқыңыздар: "Араға ұзақ уақыт салып, әкем екеуміз Қарағандыға келгенде: "Мүмкін, кеш болмай тұрғанда бұл жақтан қайта кеткеніміз дұрыс болар?" дегенім есімде", - депті. Туған жерді аңсап келген адамның пікіріне ұқсамайды, ә? championat.com – ресейлік портал екенін айттым ғой. Соларға жағуды ойласа керек, сөз арасында Жуков: "Мен өзімнің спорттық азаматтығымды ресейлікке ауыстырғым келеді. Артынша Ресей Ұлттық құрамасына қосылу үшін бар күшімді саламын. Бұл – менің арманым!", - дегені бар.

"Қайратпен" жасасқан келісімшарт бойынша Георгий Жуков енді Қазақстан құрамасы үшін өнер көрсетуге міндеттеліп отыр. Бұл жаңалықты клуб басшысы Қайрат Боранбаев елге сүйіншілеп жеткізді. Жасы 22-ге келген ойыншы Бельгия мен Ресей құрамаларынан күдер үзсе керек. Әлбетте, жұмыс таңдағанда болашақтан үміт күттіретін, жалақысы жақсысын, жаныңа жақынын таңдау – әбестік емес. Бірақ Отан дегенде бұған жол жоқ.

Италия, Түркия мен Германия ойыншыларының кездесу алдында әнұранды шырқағанын көргенде, ол елдерде футбол неге мықты екенін түсінесің. Олар ойынды ойын үшін емес, Отан үшін ойнайды. Артында бүкіл ел үміт артып тұрғанын біліп, сезіп ойнайды. Бізде ше? Ұлттық құрамаға Жуков сынды дүбәраларды тарта берсек, қарқ болмайтынымыз анық.