Қазақ елі

Жуырда елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің атауын "Қазақстан" емес "Қазақ елі" деп атауын өзгертуге ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс халық арасында кеңінен талқыға салынды. Біреулер еліміздің отарлық санадан айырылуына алғашқы қадамдардың бірі деп, кейбірлері  өзге "стан" жалғауы бар елдерден өзгеше болып, әлемге одан әрі танымал болуға мүмкіндік береді деген ойлармен бұл ұсынысты жақтады. Кей азаматтар еліміздің атауын өзгерткенмен ештеңе өзгермейді, тек артық ақша шашылады, одан да ол ақшаны маңызды мәселелерге жұмсау керек деген қарсылықтар білдіріп жатыр. Сонымен қатар, елдің атын өзгерткенше, бірінші адамдарды қазақша сөйлетіп, көше және қалалардың орыс атауларын қазақшаға аудару керек деген пікірлер де толы. Одан қалса, біреулер елдің атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгерту керек дейді. Не десе де, қанша адам болса, сонша ой пікір болады.

Мен, өз басым, ел атын өзгертуді қолдамаймын. Екі жақтан қарасақ, менің ойымша, қарсы айтылған пікірлер дұрыс. Біріншіден, артық шығын. Үкімет еліміздің атауын өзгертсе, барлық іс-қағаздар, тұрғындардың құжаттары өзгертілуі тиіс, оған қанша уақыт пен қаражат керек. Бұл қаражат неғұрлым ұтымды қолданылатын мәселе табылар. Әрине, барлығы ақша мәселесіне тіреліп тұрған жоқ. Елдің аты өзгергенмен, іс жүзінде елдің өзі, оның жұмысы, әлемдегі орны өзгермейді. Иә, мүмкін біз басқа елдерден өзгеше аталып, елдің атағын шығарармыз. Алайда өнеркәсіп, технология, мәдениет және тағы басқа салаларды дамыту арқылы танымал болу неғұрлым күштірек әсер беретін дұрыс жол. Қандай да пікірлеріңіз болса, бөлісе кетерсіздер, құрметті оқырмандар;)



Бөлісу: