"Қазақ" - десең, өзіңе тиеді!

Қазақ деген қандай халық өзі? Басқалардан қандай айырмашылығы бар? Не артықшылығы бар? Ендеше мен сіздерге айтайын, ешқандай! Ешкімнен ешқандай артықшылығы жоқ! Соған қарамастан, өзімізді өзгелерден артық санайтынымызды қайтерсіз?! 

Бұлай айтуымның себебін осы жазбамнан соң, түсінерсіз...

Сіздерге күнделікті өмірден мысал келтіре кетейін. 

-Қазіргі таңда ең өзекті болып жатқан, EXPO 2017. Осы дүние жүзіне әйгілі шара басталысымен, біз не істедік? Қуанып, еліміз осындай маңызды көрмені өткізуге мүмкіндік алғанына мақтанудың орнына, оған кеткен қаржыны есептей жөнелдік. "Оған жұмсалған ақшаға былай етер едік, барлығын желге ұшырды" - деп, хормен айқай салдық. Осындай шаралар өтпесе, біз өзімізді әлемге қалай танытамыз? Қалай алға жылжып, дамимыз? Экспоға сол қаржы кетпесе де, одан халыққа келіп-кетер еш пайда жоқ. Жейтін ақша, бәрібір желініп жатыр! 

-Көшеде бір-бірін қағып-соғып, қоғамдық көлікке мінерде адамдардың түскенін күтпестен, ішке еніп кетіп, бір ауыз кешірім де сұрамайтын кім? Әрине біз! Қазақстандықтар! Мақтанамын осындай елде тұрып жатқаныма! Мақтануды жанымыз сүйеді ғой. Неге осыған мақтанбасқа?

-Өмір бойы тер төгіп, аянбай еңбек етіп, сол еңбектің жемісін жеп, шетелде қыдырып, бала-шағасын қуантып, түрлі сыйлықтармен еркелетіп жүрген адамды көрсек: "Ақшаны босқа шашқанша, жетім-жесірге көмек берсе қайтеді? Ел-жұрт бір үзім нанға зар болып жүрсе, Мынаның жүрісі мынау!"-деген сынды пікірлерге міндетті түрде кезігеміз. Оны жазатын, аяқты көтеріп қойып, күні бойы түк бітірмей, табысқа жеткен адамды, тым болмаса осылай аяғанынан шалайын дейтін, бір сөзбен айтқанда "ХЕЙТЕР".

-"Ел басылары да, өздері де өзге тілде сөйлейтін қай халық?"- Қытайда осындай сұрақ тестке енгізіліпті-мыс. Расымен, өз тілінде шүлдірлеп, билік басында отырған адамдарды қай елден көрдіңіз? Әрине, ол тек бізде ғана! Бір таң қалатыным, қазақ тілін меңгеріп алу соншалықты қиын ба? Жоқ, кінәлап қайтемін?! Ақшасы жоқ шығар олардың оны үйренуге, әлде осындай жандарға ешкім үйреткісі келмей қойды ма екен? Кім білсін...

-Қазақтың ең сүйікті ісі - мақтану! Менде мынау бар, оны барлығы көруі керек. Ең кереметін аламын, көрген жанның аузы ашылып қалатын болсын! Шамасы жетпей тұрса да, ең қымбатына жүгіреді. Ол не үшін? Басқалары оған қызығып, көре алмағанын қалайды. Басқа біреу үшін өмір сүріп жатқан секілді.

-Өзге идеяларға жүгініп, әлемге басқаша көзқараспен қарайтын талантты жанды басып, жаншып тастауға тырысатын да- БІЗ! 

-Алдына еш мақсат қоймай, тек бүгінгі күнмен өмір сүреміз. Тек қарнымызды тойдыруды ойлаймыз.

Баяғы надан, көзі ашылмаған күйі қала бердік. Оятып, маса секілді ызыңдайтын баяғы "Алаштықтардың" тұяғы да қалмады...



Бөлісу: