Қазақ жеріне ислам дінінің келуі Орта Азияда мекендеген түркі тілдес халықтар үшін жаңа бетбұрыс болды. Өйткені бұл дін – монотеистік болды. Бұл жерлерде бұрын мекен еткен халықтардың діни көзқарастары ол тұста басқа сипатта болды. Ислам діні елдің рухани, әлеуметтік өміріне және қоғамға және тәрбиеге өзгерістер алып келді. Бұл діннің тарихы Солтүстік Арабиядан басталды. Мекке қаласында VII ғасырдың басында Мұхаммед (с.ғ.с)Пайғамбар алғашқы уағыздарын айта бастаған. Ислам дәуірінің басы хижраның бірінші жылы болып есептелінеді. Ислам діні қазақ даласына бірдестен сіңісіп кетпеді. 960 жылы Қарахан билеушісі Мұса хан исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Дін алғашқыда қалалы жерлерде таралды. Біртіндеп көшпелілер арасына да тарала бастады. Ибн Хаукальдің деректері бойынша ислам дінің қабылдағандар Шаш және Фараб қалалары арасында көшіп жүрген.Археологиялық зерттеулер барысы IX-XII ғасырларда ислам діні кең тарағанын дәлелдеді. Көшпелі қыпшақтар арасында ислам дінінің таралуы XI-XII ғасырларға тән.Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерлерінде ислам діні X ғасырдан бастап тарады. Оған дәлел сол кездердегі мешіттердің көптеп салынуы. Қазақтың рухани өміріне де ислам діні біршама өзгерістер алып келді. Ислам дінінің келуімен адамды жерлеу рәсімі де өзгерді. Археологиялық зерттеулер кезінде Отырар маңында зираттарда адамдарды мұсылманша жерлегендері белгілі болды. Адамның басын құбылаға қаратып жерлеген. Ерте темір дәуірі тұсындағы нанымдарда адам қаза тапса онымен бірге көптеген керекті заттарын, тіпті жылқыларды қоса жерлеген, о дүниеде адамға керек болады деп сенген. Ал ислам діні келгеннен соң адамды жерлегеннен кейін жанына ешқандай заттар қоймаған. Ислам дінінің қазақ даласына келуі христиан, будда және пұтқа табынушылық секілді діндерді ығыстырды. Сонымен қатар X ғасырдан бастап XX ғасырдың басына дейін араб жазуы қолданысқа енді.
Тасилова Айкена
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тарих факультетінің 2 курс магистранты
Жетекшісі: PhD, доцент м.а
Байдавлетова Мадина